Қоғам • 28 Қараша, 2022

Билік үшін күрестің қыры мен сыры

1159 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Классика» баспасынан 2022 жылдың қазан айында айрықша кітап шықты. «Қаңтар оқиғасы: Ақорда үшін күрес» атты кітаптың авторы – елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев. Еңбекте не жазылғаны атынан-ақ көрініп тұр: Ақордадағы билік үшін күрес. Автор оны шартты түрде үш кезеңге бөліп көрсеткен: қаңтарға дейін, қаңтарда, қаңтардан кейін.

Билік үшін күрестің қыры мен сыры

Бұл – қаңтар қырғыны туралы жа­зыл­ған алғашқы кітап. Еңбек авторы Ақорда үшін күрестің барлық қыр-сырын қара­пайым тілмен жеткізеді. Туындыда 2017 жыл­дың қыркүйегінен бастап 2022 жылдың қаңтарына дейінгі президенттік билік үшін күреске қатысты бүкіл ресми факті мен дерек жинақталған. Бұл мәліметтер жан-жақты сарапталып, солардың негізінде өте батыл тұжырымдар жасалған.

Кітаптың тағы бір ерекшелігі – автор билікке таласушыларды алғашында «жабық спектакльге» қатысушылар ретінде сипаттайды. Содан кейін оларды шахмат тақтасына шығарып, екі жаққа бөліп, шахмат ойынындағы тәсілдерді шебер пайдаланып, ондағы әр фигураның салмағы мен сипатын, көздеген мақсат-мүддесін, қозғалысы мен іс-әрекетін, жасаған әр қадамының нәтижесін дәл көрсете білген. 

Кітаптың «Қаңтарға дейін» деп аталатын бірінші бөлімінде Қ.Тоқаевтың президенттік билікке қалай келгені баяндалады. Оның бұған дейін қыз­мет­тік баспалдақтардан (Сыртқы істер министр­лігінің беделді тұлғасы, ел дипломаттарының жетекшісі, екі рет Сенаттың Төрағасы, Пре­мьер-Министр) абыроймен өткені айтылады. Туындыда оның БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болғаны, әлемдік аренадағы беделі де ескерілген. Салқынқандылығы мен шыдамдылығы, басқалардың пікірімен санаса білетін, адал, саяси топтардан, түрлі жанжалдан бойын аулақ ұстайтын, менеджерлік қабілеті мен тәжірибелі саясаткер екені де назардан тыс қалмаған.

Бұдан кейінгі бөлімдерде 2019 жылғы 19 наурызда Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Н.Назарбаев билік тізгінін Қ.Тоқаевқа ұстатқаны туралы жазыла­ды. Бірнеше айдан кейін Тоқаевтың бүкіл­халықтық сайлауда жеңіске жеткені, Мем­лекет басшысы қызметіне ресми кіріс­кеннен бастап халық арасында «қос билік» деп аталған текетірестің басталғаны баяндалған. 2022 жылғы қаңтарға дейін сабыр танытып, «өзі шыққан жүйеге топырақ шашпай», «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» сыннан өтті. Елдегі қордаланып қалған мәселелерді ашық айтып, оларды шешу үшін тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан «әуелі – экономика, содан соң – саясат» деген ұстанымнан бас тартты. «Саяси реформасыз экономикалық даму мүмкін емес» деп жариялап, ел мүддесін көздейтін реформаларды жүргізді. Сайлау жүйесіне өзгерістер енгізіп, Парламент сайлауын өткізуге бастама жасады. Халықты мемлекет басқару ісіне тартудың жаңа моделі ретінде Ұлттық сенім кеңесі құрылды. Сонымен бірге үкіметтік емес сектор мен азаматтық қоғамның рөлін арттыруға жол ашты. Бұдан бөлек, кітапта Қ.Тоқаевтың билікке келгеннен бергі уақытта атқарған шаруалары туралы жан-жақты баяндалған.

«Қаңтарда» деген екінші бөлімде автор 2021 жылы елдегі саяси жағдай барынша шиеленіскенін алға тартады. «Транзиттік келісімнің» бұзылғанын, қаңтар қырғынының логикалық себептеріне үңіліп, оқиғаның бүкіл хронологиясы нақты фактілер арқылы баяндалады. Қай жерде, қалай басталғаны, оның тез арада республиканың 7 өңіріндегі 70-ке жуық қала мен елді мекенде өрбуі жазылған. Бейбіт шерулердің қанды бүлік пен лаңкестікке қалай ұласқаны, Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбеде автомат, пышақпен қаруланған лаңкестер 111 мемлекеттік нысанға шабуыл жасағаны егжей-тегжей айтылған. 400-ге жуық қызметтік көліктің өртенгені, 100 аса ірі сауда орны, 1 395 бизнес нысаны мен банк, 7 қару-жарақ дүкені тоналғаны мысалға келтіріледі. Сол кезде содырлардың саны 20 мың деп Президентке жалған ақпарат берілді. Атыс, қақтығыс пен жарылыс салдарынан 238 адам қаза тауып, 4 578 адам жарақат алды. Күштік құрылымдардың бүлікті басуы, адамдардың қауіпсіздігі мен тыныштығын, еліміздің тұтастығын сақтау үшін төтенше жағдай енгізілгені, антитеррорлық операциялардың нәтижесі туралы айтылады.

Ел тағдыры қыл үстінде тұрған Қаңтар оқиғасы кезінде Қ.Тоқаев Ақордадан кетпей, табандылық көрсетіп, батыл шешімдер қабылдады. Жауапкершілікті өз мойнына алып, лаңкестер мен бүлікшілердің ойранын басу үшін қару жұмсауға бұйрық берді. Ахуалға байланысты дер кезінде керекті мәлімдемелер жасап, мемлекеттік және әскери нысандарды күзету үшін ҰҚШҰ әскерін шақырды. Бүлікті ұйымдастырған адамдарға «мемлекетке опасыздық» пен «мемлекеттік төңкеріс жасауға қатысты» деген айып тағылды. Кітапта ойранды ұйымдастырғандардың қалай ұсталғаны ресми деректермен баяндалады.

Сонымен қатар кітаптың екінші бөлімінде автор бүлікті ұйымдастырғандар кімдер, олардың артында қандай күштер тұр – осыған қатысты сарапшылар пікірін келтіреді. Олардың көздеген мақсат-мүддесі, шетелдік лаңкестік топтармен байланысы туралы да ой қозғайды. ҰҚШҰ әскерін Қазақстанға шақыруға қатысты халықаралық қоғамдастықтың көзқарасы айтылады.

Кітаптың «Қаңтардан кейін» деген үшінші бөлімінде қаңтар оқиғасынан кейін болған құқық бұзушылықтар жөнінде баяндалған. Қапыда қалған клан, олигархтардың шетелге заңсыз шығарылған қаржылары, олардың қолындағы жеке табиғи монополиялар мен активтерді мемлекетке қайтаруға байланысты жұмыстардың қалай ұйымдастырылғаны туралы ресми деректер келтіріледі.

Сонымен қатар Президенттің «Жаңа Қазақстан» құру мен саяси реформаларды ұзаққа созбай өткізу туралы бастамаларының мәні мен маңызы алға тартылады. Халықтың жағдайын ойлайтын, әл-ауқатын көтеретін Қазақстанды құру, Президентке қолдау көрсету, жаңа ойлы, мықты менеджерлерді даярлау туралы мәлімдемелерге сараптама жасалады.

Кітапта сондай-ақ Қ.Тоқаевтың қаңтардан кейін жүзеге асырған жұмыстары мен олардың нақты нәтижелері келтірілген. Ел қауіпсіздігі мен азаматтар құқығын қорғауға, көрші және алпауыт мемлекеттермен қарым-қатынастарды нығайтуға айрықша көңіл бөлуге қатысты мәселелер баяндалады. Елімізге инвестиция тартудың, экспорттық тауарларды тасымалдаудың жаңа жолдары табылды. Елден заңсыз шығарылған капиталды қайтару басталды. Оларды тиімді пайдалану үшін қорлар ашылды. Пайдаланбай жатқан жерлер мен жайылымдар мемлекет меншігіне қайтарыла бастады.

Сонымен қатар Қ.Тоқаевтың мер­зімнен тыс президенттік сайлау өткізу, бір реттік 7 жылмен шектеу туралы ұсы­н­ыстары биліктегі монополияны жоюға бағытталғанын көрсетеді. Кітап соңын­да автор аталған саяси бастаманы де­путат­тардың бірауыздан қолдағанын айта келіп, президенттік сайлаудың заңға сәйкес өтетініне сенім білдіреді.

Ал 20 қарашада өткен кезектен тыс президенттік сайлауда Қ.Тоқаев дауыс бергендердің 81,31 пайызын иеленіп, зор жеңіске жетті. Сайлаудың демократиялық талаптарға сай өткенін халықаралық, шетелдік және отандық бақылаушылар мен БАҚ өкілдері бірауыздан мойындады. Сайлаудың нәтижесі біздің халқымыздың қазіргі аумалы-төкпелі заманда Қ.Тоқаевтың айналасына топтасып, оған сенім білдіріп, саясаты мен жүргізіп жатқан реформаларын, жаңа да әділетті Қазақстанды қолдайтынын және жаңа дәуірдің басталғанын көрсетті.

Мен кітап авторын жақсы танимын. Замандаспыз, кезінде қызмет бабымен тығыз араластық. Оның мамандығы – математик, өмір жолын Халық шаруашылығы институтында оқытушы ретінде бастады. Үш министрлікті, екі комитет пен екі ұлттық компанияны, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академия­сын басқарған белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері. Осы күнге дейін экономикаға қатысты монография­лар мен сараптамалар жазумен айналысты. Сондықтан оның қазіргі күннің ең өзекті мәселесі – «Қасіретті қаңтар» жөнінде өте көлемді әрі терең еңбек жазуы жұртшылыққа тосын көрінуі мүмкін. Бірақ өмірлік тәжірибенің де айтары бар.

Белгілісі, автор еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап мемлекеттік қызметке араласып, онда өте биік лауазымдарға қол жеткізді. Биліктің қыр-сырын жақсы біледі. Өзіндік ұстанымы мен позициясы бар адам әрі ғалым ретінде қаңтардағы қанды оқиғаның шынайы себептерін анықтап, осы қырғынға әкелген қателіктер мен кемшіліктерді келешекте болдырмау мақсатында жазған. Бұл еңбек – жаңа Қазақстанды құратын жастарға жол сілтеу.

Қаңтар оқиғасына әлі соңғы нүкте қойылған жоқ. Бұл қырғынды ұйымдас­тыруға қатысы бар күдіктілер туралы тер­геу әлі жалғасып жатыр. Қылмыстық істерге «аса құпия» деген таңба қойылған. Кү­дік­тілердің істері әлі сотта қаралуға тиіс. Сот қана күдіктілердің іс-әрекетіне заңды баға беріп, үкім шығарады. Бірақ Қаңтар төңкерісін ұйымдастырған адамдар­дың нақты іс-әрекеттері мен олар туралы шыққан үкімдердің мазмұны жария етіл­мейтіні қазірдің өзінде белгілі. Сондықтан әзірше жабулы қазан жабулы күйінде қалатыны сөзсіз.

Кітап авторының айтуынша, Қаңтар қырғынын қайталауға тырысатын күштер әліптің артын бағып отыр. Оларда керекті қаржы да, ресурс та бар. Соның ең қауіптісі – ақпараттық соғыс пен толассыз ша­буылдар. Сондықтан болар автор кітаптың 12-бетінде: «Қазақстандағы қазіргі ақпа­раттық соғыстың зияны қаңтарда болған биліктегі текетірестен де асып кеткенде барып, санымызды соғып қалмайық деген пиғылмен жазылып отырған осы кітаптың ел үшін пайдасы болады деп үміттенемін» деп жазады.

Еңбектің кезектен тыс президент сайлауының қарсаңында шығуы, автордың көкейкесті патриоттық позициясы мен асқақ үміті көп нәрсені аңғартады. Өйткені сайлауға қатысқан әр саналы адамды Қаң­тар оқиғасы бейжай қалдырмайды. Бұл оқиғаның таңдау жасауға зор әсер еткені айдан анық.

Ендігі мақсат – әділетті Қазақстан қа­лып­тастыру. Бұл – ел тізгінін ұстаған Прези­дент Қ.Тоқаевқа ғана емес, бүкіл елге ар­тылар жауапкершілік. Жалпы, бұл кітап­қа жұртшылықтың қызығушылығы   арта беретіні сөзсіз. Әлемнің жетекші тілдеріне аударыла­тыны да ешқандай күмән туғызбайды. 

 

Ержан ИСАҚҰЛОВ,

саяси ғылымдар докторы