Экономика • 28 Қараша, 2022

Жаңа форматтағы сауда

241 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының даму әлеуеті зор. Өңірде бизнестің белсенділігі жоғары. Биылғы он айда тіркеліп, жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнестің саны 12 пайызға көбейген. Бұл туралы Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиевтің Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесуде мәлім болды.

Жаңа форматтағы сауда

Жалпы, 10 айдың көрсеткіші облыстағы сауда айналымындағы үлестің 10 пайызға өскенін көрсетеді. Бизнесте облыс тұрғындарының 42 пайызы, яғни 220 мың адам еңбек етеді. Кездесуде айтылған мәселелер алдағы уақытта ескеріліп, бизнестің дамуына, жалпы халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға ықпал етуге тиіс. Осы орайда ол министрлік тарапынан атқарылып жатқан  жұмыстарға тоқталды.

– Сауда және интеграция мәселесі қазіргі таңда күрделі жағдайды өткеріп отыр. Әуелі пандемия, ендігі кезекте геосаяси текетірестер болып жатыр. Мұның бәрі сауда-саттық легі­не ықпал етеді. Негізгі кілттік сауда бағыттары қиындықтарға тап келгені аян. Бұл – Еуропа – Ресей, АҚШ – Қытай бағыттары.  Бұл екі белдеу сауданың басым бөлігін алады. Осыған байланысты алда уақыт талаптарын ескеріп, балама жолдарды іздеу міндеті тұр. Тауарларымыздың экспортқа кедергісіз шығып, импорттың түсуін қадағалау қажет. Мұның  басымдыққа ие бірқатар елмен ірі сауда байланыс­тарын ұйымдастыруға да қатысы бар. Мәселен, 2025 жылға дейін елдегі шикізаттық емес экспорт көлемі 41 млрд долларды құрауға тиіс. Бұл орайда біздің сауда-саттықтағы серіктестердің ондығында бірінші кезекте Еуропа, Ресей, Қытай, алыс және жақын шетелдер – Өзбекстан, Түркия, Иран елдері бар, – дейді А.Шаққалиев.

Вице-министр азық-түлік қауіпсіз­дігі мен оның тапшылығын болдыр­маудың да өзекті екен атап айтты.

– Маусымаралық кезеңде тауар­лық түгендеу жасауға тиіспіз. Бағаны түсіру үшін оның кем дегенде қолда 30 пайыз қоры болуы керек. Ауыл шаруашылығы тауарларын сатып алудың тәсілдерін қарастырып, несие құралдарына қолжетімділік қамтамасыз етілуі керек. Сонымен қатар сауданың заманауи форматын дамыту да күн тәртібінде тұр, – деді вице-министр.

Елде заманауи форматтағы сауда-саттықтың үлесі – 31 пайыз. Басқа елдерде көрсеткіш 85 пайызға дейін жетеді. Қазақстан 2027 жылдың соңы­на дейін 70 пайызға жетуді көздейді.

– Қарағанды облысында заманауи форматтағы сауданың үлесі – 45 пайыз.  «Global City» көтерме-бөлшек сауда орталығын көрдік. Бұл орталық заманға сай, азық-түліктің сапасы мен сақталуын қамтамасыз етеді. Негізі, қоймаларда  азық-түлікті сақтауда оның технологиясы қатаң қолданылуы шарт. Әйтпесе, азық-түліктің 40 пайызы жарамсызданып, күйіп кетуі мүмкін. Біз бүгін Қарағандының қоймаларда азық-түлік сақтау тәжірибесін өзге өңірлерге ұсынуға келісімге келдік. Әр облыс орталығында дәл осындай қуатты 2-3 көтерме-бөлшек сауда орталығы ашылуға тиіс. Бұл қоймалар «А» сыныпты. Ішкі нарықты сақтау маңызды. Бұл – министрліктің міндеті. Жүргізілген талдаулар Қазақстан­ның импортқа жұмсайтын қаржысы АҚШ-пен пара-пар екенін көрсетті. Алайда штаттар секілді бай мемлекет емеспіз. Өзбекстан, Түркия елдері өз өнімдерін тұтыну арқылы 80 пайыз қаражатын ел ішінде қалдырады, – деді А.Шаққалиев.

Кездесу барысында кәсіпкер Төле­ген Әшімов құрылыс саласындағы үйдің қымбаттығы құрылыс материалдарына байланысты екенін, Ресейден құны қымбат бөренелерді жеткізу мәселесі туралы айтты. Кәсіпкердің сөзіне сүйенсек,  баспанадағы негізгі баға құраушы фактор – құрылыс  материалдары. Бұл – үй құнының 70 пайызы.

– Мысалы, мемлекеттік құрылыс­та бөренеге 60 мың теңге салынса, біз Ресейден кемі 140 мың теңгеден аламыз. Осы арада неге ресейлік  өндірістермен бүтін бөренені сату туралы келісім жасамасқа? Егер бүтіндей сатса, ағаш өңдеу ілгерілеп, ішкі нарықта бағаны бақылауға қандай да бір септігі тиер еді. Бұл тұрғын үй баға­сын арзандатады. Мен бір ғана құрылыс материалы желісін атадым. Меніңше, ресейлік өндірушілерімен келісімге келуге мүмкіндік бар, – дейді Т.Әшімов.

Вице-министр бұл орайда Қазақ­станға квота бөлінгенін, дегенмен оны жеткізуде қиындықтар барын атады.

– Келесі аптада Орынборда кездесу өтеді. Сонда министр бұл мәселені  көтереді, – деді ол.

Саран қаласының бизнесмені Владимир Алексеров банк жүйесі бизнестің тынысын ашуға кедергі келтіретініне шағымданды.

– Біздің компания 10 жылдан бері жұмыс істейді. Тақыр жерден бизнес бастап, 150 жұмыс орнын аштық. Үш бағытта 550 тауар түрін шығарамыз. Өмірімізде, 10 жылда бірінші рет несие рәсімдеуге тырыстық. Бір жылдан бері сол несиені ала алмай келеміз. Қажет кезде банктен несие алу мүмкін емес. Сондықтан да несие берудің қатаң түрде реттелуін сұраймыз. Қазір банк коммерциялық құрылым ретінде өз шарттарын ұсынып отыр. Ресейде банктер өндірістің соңынан жүгірсе, бізде керісінше, өндіріс орындары банктердің соңынан жүреді, – дейді кәсіпкер.

Ұн комбинатының басшысы Дос-Мұқасан Тәукебаев ұнды экс­порт­таудағы кедергілерді жою туралы ұсы­ныстарын жеткізді. Қосымша құн төлеуге,  экспорттауға қатысты кө­лік шығындарын субсидиялауға, бидай экспортына  шектеу қоюға, темір жол тасымалындағы вагондардың жетіс­пеушілігіне қатысты мәселелер көтерілді. Өз кезегінде Арман Шақ­қалиев айтылған ұсыныс-тілектерге толы­ғымен жауап берді. Сондай-ақ ескерусіз қалмайтынына сендірді.

 

Қарағанды облысы