Саясат • 29 Қараша, 2022

Күнтізбелік жоспар бекітілді

295 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясында 2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындалған Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді.

Күнтізбелік жоспар бекітілді

Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров 2017 жылы сайланған Сенат депутаттарының Конс­ти­ту­циялық өкілеттік мерзімінің аяқ­талуына байланысты ел Прези­дентінің 2022 жылғы 26 қара­шадағы Жарлығымен Сенат депутаттарының кезекті сайлауы 2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындалғанын айтты. Бұл жағ­дайда депутаттарды сайлау Се­нат депутаттары өкілеттігінің конс­титуциялық мерзімі аяқталғанға дейін кемінде төрт ай бұрын таға­йындалады және олардың өкі­леттіктерінің конституциялық мер­зімі аяқталғанға дейін кемін­де екі ай бұрын өткізіледі. Осы­лайша, 2023 жылғы 14 қаңтар­да республиканың 20 өңірін­де елі­міздің жоғары заң шыға­рушы ор­ганының жоғарғы пала­та­сының бір депутатын сайлау өтеді.

Конституцияға сәйкес Сенат Конституциялық заңда бел­гіленген тәртіппен еліміздің әр­бір облысынан, республикалық маңызы бар қаласынан және астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенат депутаттарын мәслихат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беріп сайлайды, оларды өз кезегінде Қазақстан азаматтары жалпы сайлауда сайлайды.

Сенат депутаттарының өкі­леттік мерзімі – алты жыл. Бұл жағ­дайда жартысы үш жыл сайын қайта сайланады. Парламент Се­натының депутаттарын сайлау­ды әзірлеу мен өткізуді Орта­лық сайлау комиссиясы басқа­рады. Тиісті аумақтық сайлау ко­­мис­сия­лары өңірлерде Парла­мент де­путаттарының сайлауын әзір­леу мен өткізуді қамтамасыз етеді.

Сайлау науқанының негізгі кезеңдері туралы Ортсайлауком төрағасының орынбасары Конс­тантин Петров баяндама жасады. Осылайша, Парламент Се­на­тының депутаттығына канди­даттарды ұсыну сайлау таға­йындалған күннен кейінгі күн­нен басталады, яғни 29 қара­шадан бастап және сайлау өткізі­летін күнге бір ай қалғанда, 2022 жылғы 14 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады.

Парламент Сенатының де­пу­­таттығына кандидаттарды мәс­лихаттар арқылы, сондай-ақ өзін өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырады. Отыз жасқа толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, тиісті об­лыс­тың, республикалық маңызы бар қаланың не астананың аума­ғында кемінде үш жыл тұрақты тұ­ратын адам Сенат депутаты бола алады. Сот іс-әрекетке қабі­летсіз деп таныған азаматтарды сайлауға және сайлануға құқығы жоқ.

Сенат депутаттығына заңда бел­гіленген тәртіппен өтелмеген не­месе алынбаған соттылығы бар адам, сондай-ақ заңда бел­гі­лен­ген тәртіппен сыбайлас жем­қорлық қылмыс пен сыбайлас жем­қорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсі бар адамды сот мо­йындаған адам кандидат бола алмайды.

Сенат депутаттығына канди­датты облыстың барлық мәсли­хаттарын, Республикалық маңызы бар қаланың немесе республика астанасының мәслихатын білдіретін таңдаушылардың жалпы санының кемінде он пайызы, бірақ бір мәслихаттың таң­дау­шы­ларының жиырма бес пайызынан аспайтын дауысы қолдауға тиіс.

Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін бас­талады және сайлау күніне жиырма күн қалғанда жергілікті уақыт бо­йынша, яғни 2022 жылғы 24 желтоқсанда сағат 18.00-де аяқ­та­лады.

Парламент Сенатының де­пу­­тат­­тығына канди­даттарды тір­кеуді облыстық, респуб­ли­калық ма­ңызы бар қалалардың және аста­наның сайлау комиссия­лары облыстық, қалалық немесе аудандық мәслихаттың депутаттыққа кандидат ұсыну тура­лы шешімі (мәслихат ұсын­­ған жағдайда) негізінде жүзеге асырады. Сондай-ақ депу­таттыққа кандидат болып сайлануға келісім беру туралы өтініші; кандидатты қолдау үшін таңдаушылардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы тиісті сайлау комиссиясының хаттамасы болған кезде жүзеге асырады; кандидаттың өмірбаяндық деректері; кандидаттың және оның жұбайының (зайыбының) активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларды; канди­даттың 900 мың теңге сомасында сайлау жарнасын енгізгенін куә­лан­дыратын құжатты тапсыр­ға­ны туралы мемлекеттік кіріс ор­га­нының анықтамасы талап етіледі.

Сайлау алдындағы үгіт канди­дат­тарды тіркеу мерзімі аяқтал­ған сәттен басталады, яғни 2022 жылғы 24 желтоқсанда сағат 18.00-ден кейін және дауыс беру күнінің алдындағы күн­нің жер­гілікті уақыты бойынша 13 қаң­тарда сағат 00.00-де аяқталады.

Сенат депутатын сайлауда дауыстарды санау нәтижелері да­уыс беру үшін пунктте өткізілетін тиісті сайлау комиссиясының отырысында белгіленеді. Сенат депутатын сайлау жөніндегі дауыстарды санау хаттамасы сайлаушылардың бірлескен оты­ры­сында жарияланады және сай­лау күнінен бастап екі күн­нен аспайтын мерзімде Ортсай­лаукомға жіберіледі.

Жалпы республика бойынша Сенат депутаттарын сайлау қоры­тындыларын Ортсайлауком сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімнен кешіктірмей, яғни 2023 жылғы 20 қаңтардан кешіктірмей белгілейді және сайлау қорытындылары туралы (сайлау өткізілген күннен бастап он күннен кешіктірмей) бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлама жариялайды.