Шыны керек, мұндай бағдарламалар бұрын да қабылданды, бірақ бәрі құмға сіңген судай болып кетті. Егер Үкімет құрамында құрылымдық өзгерістер болмаса, бұл жолғы бастама да алдыңғылардың кебін киіп кете ме деген күдік бар. Себебі Үкімет құрамында ауылдың проблемасын түбірінен танитын, түсінетін дағдарыс менеджерлері жоқ. Екіншіден, күні бүгінге дейін ауылды қолдауға бағытталған бағдарламалардың біразы Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктеліп келді. Елімізде бір министрліктің құзыретімен ештеңе шешілмейтіні баршаға белгілі. Сондықтан да Ауылды дамыту министрлігін құрып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің біраз міндетін соған жүктеу керек шығар.
Осы саланың маманы ретінде бағдарламаның орындалуын біраз министрліктің мойнына жүктеу керек деп санаймын. Олар – денсаулық сақтау, ұлттық экономика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері. Жекелеген министрліктер емес, жалпы Үкімет құрамында жүрген азаматтар өз міндетінің тым болмаса 40 пайызын түсінсе, ауылды тоздырып алмайтын едік.
Еуропа, Батыс елдері ауылды, үлкен қалалардың айналасындағы елді мекендерді сақтау сол мемлекеттің титулды ұлтының генофондын сақтау деп санайды. Германиядағы елді мекендерде тұратын тұрғындар кейде қалыпты мөлшерден көп жиналып қалған сүтті төгіп, сақтауға жарамайтын жеміс-жидекті мал азығына айналдырып жатады. Бірақ мемлекет солай жасады деп ауылдан бас тартып жатқан ешкім жоқ, керісінше ауылға, фермерлерге арнаған көмегі жыл сайын еселеп өсіп келеді.
Қазақтың 40 пайызы ауылда тұрады. Біз осы межені сақтап қалсақ, қазақтың генофондына төнген қауіп жоқ. Енді ауылдың инфрақұрылымын көтерсек, малмен, егін шаруашылығымен айналысуына жағдай жасасақ, қалада жүрген қазақ балалары елге қайтады, ауылды көтеруге атсалысады.
Қазақстанның қалалары аяғына тұрды. Ендігі жерде қаланы өбектей берудің қажеті жоқ. Ендігі жерде қала аймағының етек-жеңін ұзарта бермей, қала маңындағы, облыстар, аудандар айналасындағы ауылдарды қолдайық. Сол кезде ғана бағдарламалардың нәтижесін ел сезіне алады.
Атамұрат ШӘМЕНОВ,
экономика ғылымдарының докторы
АЛМАТЫ