Мұны неге айтып отырмын? Өйткені Үкімет Құрманғазы ауданының Азғыр, Сүйіндік, Асан округтеріндегі елді мекендерге назар аударуға тиіс. Әсіресе Азғыр округіндегі Жалғызапан, Қоңыртерек, Балқұдық ауылдары Ресей Федерациясымен арадағы шекарада тұр. Мәселен, біз тұратын Балқұдық елді мекені аудан орталығы – Құрманғазы ауылынан шамамен 260 шақырым жерде орналасқан. Еліміз тәуелсіздік алғанына 30 жылдан асса да, үш округтегі 9 елді мекеннен аудан орталығына, не одан кері жетудің қиындығын көріп келеміз. Бұл әрине жолдың нашарлығынан туындап отыр. Әсіресе аяғы ауыр әйелдерге қиын. Өйткені ауылда учаскелік аурухана, перзентхана жоқ.
Ал шағын және орта кәсіпкерлікке бет бұрғандарға тіптен оңай емес. Ауылымызда ауыз су мәселесі де түпкілікті шешілер емес. Қоянды топтық су құбырынан ауылға дейін желі тартылған. Кезінде «Таза су», «Ақбұлақ» бағдарламаларымен біраз шаруа жасалғандай болған еді. Алайда тұрғындардың көпшілігі әлі күнге ауыз суды ауласындағы құдыққа көлікпен құйдырып отыр. Үш тонна су – 1800 теңге.
Президент «Біздің басты байлығымыз – адам. Сондықтан азаматтардың игілігі үшін барлық жағдайды жасау аса маңызды» деп мәселе көтерді. Енді Үкімет шекарадағы ауылдарда тұратын адамдардың жағдайын жақсартуды қолға алуға тиіс. Біздің ауылымызға Сенат пен Мәжілістің депутаттары талай рет келіп, проблемамызды көрді. Тұрғындардың жанайқайын естіді. Үш округтегі тұрғындардың проблемасын министрліктердің өкілдері де біледі.
Кезінде бұл мәселелерді Құрманғазы аудандық мәслихатының депутаты ретінде аудан, облыс әкімдерінің назарына талай рет салдым. Бірақ «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып, әсіресе жастардың ауылда тұрақтамауына әсерін тигізіп отыр. Шекарадағы ауылдардың әлеуметтік проблемасы оң шешілмесе, болашақта тұрғындар үдере көшіп кетуі мүмкін. Сол себептен Үкімет осы мәселеге назар аударып, елдің шекарасы бос қалмауын ойластыруға тиіс.
Мансұр ҚУАНЫШӘЛИН,
Балқұдық ауылының тұрғыны
Атырау облысы,
Құрманғазы ауданы