Пікір • 29 Қараша, 2022

Аманаттың салмағы ауыр

225 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын». Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі.

Аманаттың салмағы ауыр

Осы сөздің артында баба­лардың аманаты, халықтың ертеңгі күнге деген үкілеген үміті, жалынды жастар­дың болашағы, аналар­дың тілегі, әкелердің батасы­ның жемісі жатыр. «Аманат» сөзінің салмағы да ауыр. Ата-бабамыз мал-мүлкін, өмірін аманат деп біліп: «Аманат – адамгершіліктің өлшемі» деген екен. Ендеше, Президентіміз осындай үлкен аманатты мойнына тұмар етіп тақты десек болады.

Мемлекет басшысының «Әді­летті мемлекет, әділетті эконо­мика, әділетті қоғам құра­мыз» деген сөздері жауапты, әділ бастамаларды көздейді. Ел мүддесінің бәрінен биік екенін атап көрсеткен Қ.Тоқаев қолынан іс келетін, елге адал қызмет ететін жандарға ғана ортамызда орын бар екендігін қадап айтты. Ондай азаматтарға қоғам қашанда құрметпен қа­рап, үнемі қолдап отыратынын да ашық мәлімдеді. Қазіргі қоғам әрбір мамандық иесінен ше­бер­лікті, кәсіби біліктілікті талап етеді.

Президент басымдық бер­ген басты құндылықтар – кәсібилік, адалдық, қара­пайымдылық. Әділ әрі шынайы заң үстемдік құрмай қоғамды жайлаған сыбайлас жемқорлықты да жою­дың мәні жоқ екенін көрсетті. Елі­міз дамуы үшін әр адам өзін дамытуды қолға алып, өзін-өзі қамшылауы керек­тігін айтты.

Президент сөзі білім сала­сын­да еңбек етіп жүрген менің де жігерімді қайрады. Намыс пен әділдікті ту етіп, ұрпақ мүддесіне беріліп жұмыс іс­теу­ге күш берді. Мектеп ұс­таздары келешек ұрпақ білім­ді, саналы, тәрбиелі болуы үшін ар­тылған жауапкершілік жүгі­не қиянат жасамай адал жұмыс істеп келеді. Мұғалім – құрмет көрсетуге лайықты мамандықтың бірі. Өйткені ерен еңбегі мемлекетіміз­дің тұтқасы болар ұрпақтың ұмтылысымен еленеді. Пре­зидент сенім артқан жастардың білімді, білікті болуы мектепке де байланысты. Білімді шәкірт білікті маман болса, білікті маман елге адал қызмет етері сөзсіз.

Қазіргі көпшілік аманаттың қадірін дұрыс түсінбей, бағала­май жүр. Ал ата-әжелері­міз аманаттың алдында арын да, намысын да, ұятын да, салтын да сатпаған. Аманатқа қылдай қиянат жасамаған. Ендеше, әр­қайсымызға бабалардың аманаттап қалдырған ұлан-байтақ жерін сақтап, ұрпақтан-ұр­пақ­қа мұра ету жауапкерші­лігі жүк­телсе, сол аманатты көзі­нің қара­шығындай сақтай­тын ұрпақ тәрбиелеу – қоғам­ның, отбасы­ның, ұстаздың еншісінде. Қоғам­мен де, отбасымен де ынтымақты байланыс жасап, еліміздің өркендеуіне ерекше үлес қосқан білім саласының қызметкері де Президент арқалаған аманатты бірге көтереді, сөзін құптайды деп сенемін.

 

Рысжан ШАМҰРАТОВА,

Астана қаласындағы №2 «Дарын» лицей-мектеп-интернатының директоры