Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында жылына 120 тонна форель өсіретін жаңа балық шаруашылығы ашылды. Бүгінде бассейндерге 100 мың форель шабағы жіберілді.
Шаруашылық басшысы Марлен Тұрсынәлінің айтуынша, жобаға жұмсалған қаржының көп бөлігін мемлекет қайтарады. Жалпы, жобаны іске асыру үшін 80 млн теңгеге жуық жеке инвестиция салынған. Дайын өнім 2023 жылдың екінші тоқсанында сатылымға шығады деп күтілуде.
«Көптен күткен алғашқы шаруашылығымызды ашып жатырмыз. Мұндай шаруашылықты еліміздің әр бұрышынан ашуға болады. Себебі еліміздің әр өңірінде болуы керек. Қазір мемлекеттік бағдарлама жүріп жатыр. Осы шаруашылыққа жұмсалған шығынның 25 пайызы инвестициялық субсидия арқылы қайтарылады. Басқа шығындардың да көп бөлігін мемлекет өтеп береді», деді кәсіпкер.
Сонымен қатар Марлен екі жыл бұрып «Балық мектебі» жобасын бастап, кәсіпкерлер және балық өсірумен айналысқысы келетіндерге шаруашылықты үйретуді қолға алған болатын. Осы уақытқа дейін 205 адам білім алған. Мектеп бітірген 30 түлек Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстарында өздерінің балық өсіру шаруашылығын ашқан.
«Осындай шаруашылықты ашқысы келетін азаматтарға «Балық мектебі» жобасы бар. Кәсіпке кететін шығын, оны қалай жүргізу керек, мемлекеттен қандай көмек бар және оны алу үшін қандай құжаттар керегін осы жобаның аясында түсіндіріп береміз», деді М.Тұрсынәлі.
Сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының АӨК департаментінің директоры Ербол Есенеев Қазақстандағы балық шаруашылығының жағдайын баяндады. Оның айтуынша, сырттан 40 мың тонна балық келеді. Бұл өзімізде өндірілетін мөлшерге жуықтайды және оны елімізде өндіруге мүмкіндік зор.
«Қазақстанда орташа есеппен 50-55 мың тонна балық өндіріледі, бұл өте аз. Салқындатылған және мұздатылған балықтың импорты 40 мың тоннаны құрайды, оның сомасы – 110 млн доллар. Мұнша балықты елімізде де өндіре аламыз және өндіруіміз керек. Өйткені әлеуетіміз жоғары. Мәселен, тауарлы балық пен балық өсіру бойынша су айдындарының жалпы ауданы – 125,8 мың га. Бүкіл Лихтенштейн мемлекетінің аумағымен салыстыруға болады. Сол себепті Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мұндай жобаларды әрдайым қолдайды», деді Е.Есенеев.
Еске сала кетелік, балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасының индикаторлары мемлекеттік қолдау шараларына ғана емес, сондай-ақ осындай кәсіпкерлердің белсенді қызметіне бағытталған.