Медицина • 29 Қараша, 2022

Жүйелі жұмыс

333 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жүйелі жұмыс

Ел келешегі жастардың қолында десек, болашағымыздың жарқын болуы – өскелең ұрпақтың денсаулығына байланысты.  Мемлекет жас ұрпақты саламатты өмір сүруге тәрбиелеуге, саламатты дағдыларды өміріне серік ететін жастар қатарын көбейтуге ерекше мән беріп келеді. Осы бағытта Қазақстан Республикасының Президенті мен бірнеше министрлік басшылары жас­тардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартып, жастарға қамқорлық жасайтын қызметтерді қолдауды қолға алған болатын. Бұл 2019 жылы Найробиде өткен маңызды саммит кезінде расталып, Қазақстанның әр аймағында Жастар денсаулығы орталықтары ашылды.

Астана қаласында 14 жастар ден­сау­лығы орталығы бар. Атап айт­қанда, №1 қалалық емхана базасында «Нұр», №2 қалалық емхана базасында «Алтын Арай», №3 қалалық емхана базасында «Жас толқын», №4 қалалық емхана базасында «Рауан», №5 қалалық емхана базасында «Шуақ», №6 қалалық емхана базасында «Жас талап», №7 қалалық емхана базасында «Шаңырақ», №8 қалалық емхана базасында «Сенім», №9 қалалық емхана базасында «Жастар», «№10 қалалық емхана базасында «Өзіңді тап», №11 қалалық емхана базасында «Дауа», №12 қалалық емхана базасында «Жігер», №13 қалалық емхананың Профилактика және әлеуметтік-психологиялық қызмет бөлімшесінің құрамында «Жастар денсаулығы орталығы», «Салауатты Астана» емханасында «Салауатты жас­тар» орталықтары жұмыс істейді.

Қазіргі таңда осы бағытта белгілі жұмыс тәжірибесі жинақталып, орта­лық мамандары арнайы бағдар­ламалар бо­йынша оқытылған.

Жастар денсаулығы орталығы – жасөспірім кезеңнің ерекшеліктеріне байланысты денсаулықты сақтау проб­ле­маларына, қолжетімді, қайырым­дылық, сенім қағидаттары бойынша кешенді медициналық, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсететін орталық. Басты мақсат – жасөспірімдер мен жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, репродуктивті денсаулықты қорғау, оның ішінде ерте жыныстық белсенділіктің алдын алу, контрацептивтерді қолдану, қалаусыз жүктіліктің алдын алу, отбасын жоспарлау және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы ақпараттандыру. Осы орайда орталық дәрігерлері әр тоқсан сайын қаладағы мектептердің оқушыларымен кездесу өткізеді.

Жастар денсаулығы орталықтары­ның қызметі 14-29 жас аралығындағы жастарға медициналық және психоло­гиялық көмек көрсетуді қамтиды. Орталықта психолог, уролог, дерматолог, гинеколог, т.б. мамандар отбасын жоспарлау, жеке гигиена, жыныстық даму, қажетсіз жүктіліктің алдын алу және репродуктивті денсаулық (ЖЖБИ, жүктілік, аборттар, бала тууға қарсы дәрілер және т.б.) бойынша ақпарат пен ерікті түрде кеңес береді; жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, АИТВ бойынша кеңес береді және ерікті түрде тесттен өткізеді; студент жастар арасында саламатты өмір салты қағидаларын насихаттау және алдын алу шараларын жүргізеді; темекі шегудің, жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулардың (ЖИТС, туберкулез, маскүнемдік, нашақорлық, ЖЖБИ, суицид) алдын алу және емдеу шараларын жасайды; репродуктивті денсаулық және қажетсіз жүктіліктің алдын алу жұмыстарын қамтиды. Орталықта жалпы тәжірибе дәрігері, гинеколог, нарколог дәрігерлермен қоса, психолог және социолог мамандар қызмет атқарады.

Бүгінгі таңда ел Президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Жастар денсаулығы орталықтарының нәтижелі жұмыс істеуі үшін оның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалынан 181, 9 млн теңге бөлінген. Яғни елордамыздағы Жастар денсаулығы орталықтары жүйелі жұмыстарын жалғастыра бермек.

 

Сандуғаш БОЛЫСБЕКОВА,

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Астана қаласы филиалы директорының орынбасары