Қоғам • 29 Қараша, 2022

Отанға адалдық

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Оңтүстік», «Шығыс», «Астана» өңірлік қолбасшылық­тарында, Әскери-теңіз күштерінде, сондай-ақ елорданың десанттық-шабуылдау құрамасында әскер қатарын жаңа толықтырғандардың ант қабылдау рәсімдері өтті. Сал­танатты іс-шарада 2600-ден аса сарбаз Отанға адал болуға ант берді.

Отанға адалдық

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Іс-шараларға әскери бөлімдердің жеке құрамы, жергілікті атқарушы органдар, қоғам өкілдері, қару­лы күштер мен жергілікті қақтығыс­тарға қатысқан ардагерлер, жас сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшы­лы­ғында 1600-ден аса сарбаз ант берді. Таразда салтанатты іс-шара «Жеңіс» қалалық саябағында өтті. Әскер қолбас­шысы, генерал-майор Мереке Күшекбаев сарбаздарды осындай елеулі күнмен құттықтады.

– Бауыржан Момышұлы атын­дағы механикаландырылған құ­ра­маның жауын­герлері Жеңіс сая­бағында, батыр ес­керт­кішінің жанында Отанына адал болуға ант беруі жауынгерлік дәстүрдің жалға­сып келе жатқанын білдірсе керек. Отан алдындағы қызметтеріңді абыроймен атқарасыңдар деп сенемін, – деді генерал-майор Мереке Күшекбаев.

Ақтаудың әскери-теңіз базасында да осындай салтанатты іс-шара теңізші жауынгерлердің сапқа тұруымен басталды. Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан шақырылған матростар бір ай ішінде теңізшілердің тіршілігін үйреніп, кемедегі қызмет негіздерімен және теңіз терминологиясымен танысып үлгерді.

– Әскерге Павлодар облысынан келдім. Әрине, армияның өмір ырғағы мүлде бөлек, бәрі күн тәртібі және ережелерге сәйкес жасалады. Әскери-теңіз күштеріне келгеніме қуандым. Теңізші болу – жауапкершілігі мол және қызықты. Мұндағы ерекше дәстүрлерді командирлер де таныстырып жатыр, – деді матрос Аяз Масықбаев.

Көптеген сарбаздың ата-аналары мен жақындары салтанатты ант қабылдау рәсіміне қатысуға келді. Кеше ғана бозбала боп келген балаларының келбетінен есейгенін байқадық деп айтып жатты.

– Бүгін ұлдарымыз үшін маңызды күн – ант беру сәтін көрдік. Бұл, әсіресе, десант жауынгерлер үшін үлкен жауапкершілік пен абырой. Әскердегі борышыңды өтеу ер азаматтар үшін өзіне деген сенімділікке тәрбиелейтін тамаша өмір мектебі болары анық, – деді Павлодардан елордадағы десанттық-шабуылдау құрамасына шақырылған Абзал Саматтың анасы Гүлжанат Хамитова.

Командирлер іс-шараға келген қонақтарды сарбаздар қызмет ететін жағдаймен таныстырып, олардың әскери қызмет төңірегіндегі сұрақтарына жауап берді.

Жалпы дайындық курсынан кейін әскери қызметшілер түрлі маман­дық­тарды үйрене бастайды. Оларға штат­тық қару-жарақ пен әскери техника бекітіледі.