Үкімет • 29 Қараша, 2022

Барлық әкім бұдан қорытынды шығаруы тиіс: Премьер-Министр Екібастұздағы жағдай туралы

276 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Барлық әкім бұдан қорытынды шығаруы тиіс: Премьер-Министр Екібастұздағы жағдай туралы

«Екібастұз қаласында жылу беруді қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру керек. Апатқа себеп болған барлық мәселені тез арада шешу қажет», деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ Энергетика министрлігі мен Индустрия министрлігі бірлесе отырып, «Екібастұзжылуэнерго» мекемесіндегі технологиялық ережелерді бұзуға қатысты тексеру жүргізуді тапсырды.

«Қыс басталмай жатып, осындай төтенше жағдай орын алып отыр. Барлық әкім бұдан қорытынды шығаруы тиіс. Энергетика және индустрия министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, өңірлердегі энергетикалық объектілерге толықтай техникалық аудит жүргізіп, Үкіметке тиісті ақпаратты енгізсін. Жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасын тексеру қажет», деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министрдің айтуынша «апат қаупі» жоғары объектілер бойынша жабдықтар мен инфрақұрылымдарға ерекше назар аудару қажет.

«Барлық жылу және энергия жүйелерінің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін осы объектілердің меншік иелерімен жұмыс жүргізу керек. Ұлттық экономика, энергетика және индустрия министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында коммуналдық кәсіпорындардан келіп түсетін әрбір өтінімді мұқият зерттеуі тиіс. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын жаңғыртуға және жөндеуге бөлінетін қаражаттың нақты, мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алу керек. Әкімдер жылу беру маусымын тұрақты жеке бақылауда ұстасын», деп толықтырды Үкімет басшысы.