Аймақтар • 29 Қараша, 2022

Екібастұз: Жағдай әлі де күрделі

442 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұған дейін Екібастұз қаласында көпқабатты 17 тұрғын үй жылуға қосыла алмай отырғанын хабарлаған едік. Кеше түске қарай апат салдарынан қосымша тағы 25 көпқабатты және 90 жеке үйде жылу беру мәселелері әлі де болсын шешілмей отырғаны анықталды. Жылу магистралында ыстық су жеткілікті болғанымен, ішкі желілерді реттеуде қиындықтар туындап жатыр. Оған қосымша бригадалар тартылды.

Екібастұз: Жағдай әлі де күрделі

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қаланы жылумен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда және облыс әкімінің міндетін атқарушы Әбілқайыр Сқақовтың жеке бақылауында, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен. Кеше таңертең тұрғын үйлер маңындағы ескі желілер қысымға шыдас бермей жарылып, қаланың көптеген жеріне жөндеуші мен арнайы техника жұмылдырылды.

Жауапты мамандар қазіргі күні ірі ақаулардың ең соңғысы – Мәшһүр Жүсіп көшесінде төселген жылу магистралі қалпына келтіріліп жатқанын айтады. Жылусыз отырған тұрғындарды 1 200 жылытқышпен қамтамасыз ету бойынша шаралар ұйымдастырылды.

Дүйсенбі күні кешкілік Екібастұзда Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Олег Крук, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин, «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Орал және облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Жасұлан Жұмашев Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен арнайы брифинг өткізді.

Шаһардағы кешенді апатты жою жұмыстарының ұзаққа созылуына нормадан тыс ысырап болып жатқан (3 есеге жуық) судың қай тұстан жарып шыққаны анықталмағаны қиындық тудырған. Оның үстіне кезінде көшедегі жылу құбырлары ауыстырылғанда бірінің үстіне бірі салынған екен. Жерді қопару кезінде бұл бей-берекет жөндеулер көптеген қиындық туындатқан. Соған қарамастан жөндеу бригадалары 15 ірі ақауды бір жарым тәуліктің ішінде қалпына келтірді.

– Тұрғын үйлерге берілетін жылу температурасы қазіргі уақытта 84-86 градусқа дейін қайта қалпына келтірілді. Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі магистралдағы камералар суға толып қалғандықтан осы желіден жылу алатын 149 көпқабатты баспана, 114 жеке тұрғын үй мен 15 әлеуметтік нысанды ажыраттық. 6-8 сағаттан соң оларға қайта жылу беріле бастады. Қазіргі уақытта 17 тұрғын үй, 2 әлеуметтік ғимарат пен бір мекеме ғана әзірше жылуға қосылған жоқ. Бірақ бұл мәселені де жақын арада шешеміз, – деді брифингте О.Крук.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жылу-электр стансасының дер ке­зінде әрекет етпеуі салдарынан 18 көп­қабатты үйдің жылу жеткізу құбыр­ла­рында су қатып қалғанын растады.

– Шаһардағы 422 шақырым жылу торабы жылу-электр орталығына, 80 шақырымы жеке тұтынушыларға тиесілі. Бұл құбырлардың шамамен 90 пайызының тозығы жеткен. «Екібастұз жылу-энерго» ЖШС жөндеу жұмыстарын жыл са­йын жүргізгенімен, жеке тұтынушылар бұл бағыттағы іспен мүлде айналыспайды. Тек соңғы екі күннің ішінде оларға қарасты құбырлардан 90-нан астам ақау анықталып, ретке келтірілді. Атап өтерлігі, қалада құрылған шұғыл желіге екі күннің ішінде 800-дей сауал түскен. Жоғарыда аталған 17 үйде шамамен 4 мыңдай адам тұрады. Негізгі мәселе бұл жерде қысқа дайындықсыз кірген көпқабатты баспаналарға қатысты болып тұр. Ал жылу маусымына тыңғылықты әзірленген үйлерде температура қалыпты режімге жылдам көтерілді. Мен биылғы 16 тамызда қала әкімі болып тағайындалғанда шаһар жылу жүйесін дайындауға енді ғана кірісіп жатқанына куә болдым, – деді А.Бейсекин.

Бір қызығы, жылу орталығы өз тұты­нушыларынан қанша пайда көріп отырғаны туралы ақпарат жоқтың қасы. «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Орал журналистердің бұл туралы сауалына жауап бере алмады. Тек стансаның қажеттілігі үшін биылға бөлінген қаражат туралы баяндады.

– Негізгі ақау стансадан емес, жылу желілерінен шығып отырғанына назар аударғым келеді. Нысанда жөндеу жұмыстары уақытында аяқталып, қысқа әзірлікпен кірді. Биыл біздің корпорация Екібастұздағы жылу орталығындағы құрал-жабдықтарды жөндеуге 300 млн теңге, ал жылу желілерін жаңартуға 200 млн теңге көлемінде қаражат бөлді. Шамамен 600 метр құбыр ауыстырылды. Компания 2023 жылға тарифтерді көтеру туралы тиісті органдарға өз ұсыныстарын жолдап қойған. Себебі қазіргі тарифпен орталықты ұстап тұру, жөндеу жұмыстарын жүргізу мүлде ойға сыймайды. Біздің есебімізше, тарифті көтеруге 3 бағыт негізге алынады. Әуелі шамамен жыл сайын 3 млрд теңгеге жөндеу жүргізу қажет. Одан соң жыл сайын құны өсетін көмірді сатып алу қаржыландырылуы керек. Ал соңғысы, кәсіпорындағы қызметкерлердің жалақысын өсіру. Сонда шамамен біздің қазіргі қолданыстағы тарифіміз 108 пайызға өсуі керек. Яғни 1 гигокалорий үшін баға 5 300 теңгеден 11 500 теңгеге көтеріледі. Бірақ бұл қарапайым тұтынушылар үшін тариф екі есеге қымбаттайды деген сөз емес. Бюджеттен әр гигокалория үшін қаржы төленеді, ал пәтерінде жылу есептегіш құралы бар үй иелері қазір ай сайын небәрі 1 800 теңгедей ғана төлеп отыр­ға­нын ескеру керек. Дей тұрғанмен, тариф құраушы ставкаларды өсіру барлық мәселені шешпейді. Стансаны, желілерді жаңарту үшін кешенді шешімдер қабылдануы керек. Біздің тарапымыздан тиісті органдарға меншік иесін өзгерту туралы хат жазылғанын жасырмаймыз. Болашақта бұл кәсіпорын 50/50 түрінде мемлекетпен серіктесіп басқарыла ма, әлде толықтай мемлекет меншігіне өте ме, оны Үкімет шешеді. Бірақ қазіргі маңызды мәселе – апаттан кейінгі салдарды толық жойып, пәтерлер мен әлеуметтік нысандарды жылыту, – деді ол.

Бұған қоса корпорация басшысы Екібастұз қаласының тізгінін Аян Бей­секин ұстағалы тұтынушылардың электр жарығы үшін қарыздары бірталай азай­ғанын атап өтті. Мысал үшін бюд­жеттік мекемелердің борышы жүз пайыз өтелген. Ал жеке тұтынушылардан жылдар бойы қордаланып қалған 450 млн теңге қарыз әлі де болсын сақталуда.

Брифинг барысында облыстық төтен­ше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев қалада төтенше жағ­дайдың жариялануына байланысты 84 бала мен ауруханада ем қабылдап жатқан 39 науқастың облыс орталығына ауыстырылғанын атап өтті.

Екібастұзда аяз әлі қысып тұр. Салда­ры­нан көшелердегі ескі жылу құбырлары ғана емес, әбден суықтап қалған пәтерлердегі жылу батареялары да қысымға шыдас бермей жарылып жатыр. Тұрғындар жа­рық­тың жиі өшіп қалатынына, кейбір үйлерде судың жоқтығына шағым айтуда.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы