Экономика • 29 Қараша, 2022

Мақташылардың мұңы

469 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінде «Тоқыма өнеркәсібі тоқырау­дан қашан шығады?» атты мақала (№208, 1 қараша 2022 жыл) жарық көрген болатын. Жарияланымда мақта дақылын өсіретін шаруалардың жанайқайы қозғалған еді. Біздің де айтпағымыз осы мәселе туралы.

Мақташылардың мұңы

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу және «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған еді. Қабылданған заң мақта саласына қаржы институттарын тартуға және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды ұлғайтып, саланың негізгі көрсеткіштерін көтеруге, артық әкімшілік кедергілерді жоюға оң серпін береді деп күтілген еді. Алайда содан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де, салада серпіліс жоқ. Керісінше, кері кеткен күйі өзгермей тұр. 

Қазақстан Орталық Азиядағы азық-түлік өнімдерінің ірі өндірушісі және экспорттаушысы саналады. Ауыл ша­руа­шылығы министрлігінің 2020 жыл­ғы дерегіне сүйенсек, елімізде ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін жердің жалпы ауданы 22,7 млн гектарды құрайды. Мұның ішінде 125 800 гектар аумаққа мақта егіледі. Мақта алқап­тары негізінен Түркістан облы­сының Мақтаарал, Жетісай аудандарында шоғырланған. Дегенмен ирригациялық ресурстар мен басқа да жағдайлардың әсерінен Қазақстанда соңғы жылдары мақта егілетін аумақ жылдан жылға азайып барады. Мәселен, 2004 жылы елімізде мақта егілетін аумақ 224 мың гектарға дейін ұлғайтылса, 2005 жылдан бастап бұл көрсеткіш үздіксіз төмендеп, былтыр 109 970 гектарды құрады.

Мақта егілетін егістік жер көлемінің 20 жылға жетпейтін уақыт ішінде айтар­лықтай азаюына оңтүстік аймақтағы судың тапшылығы, жердің сортаңдануы, мақта өңдейтін зауыттардың көнеріп, тозуы, жиналған мақтаның ел ішінде толық өңделмей, экспортқа кетуі, мақта-тоқымашылық өнеркәсібінің дамымауы себеп болғаны жасырын емес. Бірақ мақта өндірісінің дамуына тұсау болған аталған түйіндердің бәрі күрмеуі көп, шешілуі қиын мәселелер емес. Билік мән беріп, Үкімет кешенді шара қабылдап, шаруалар мен мақта өнімдерін өңдеушілерге қуатты қолдау көрсетілсе, бірер жылда тұралаған өндіріске қайта жан кіріп, маталған мақта саласының адымы ашылар еді.

Түркістан облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасының басшысы Т.Оспановтың айтуынша, биыл облыс­та мақта дақылы 126,3 мың гектарға егіліп, 345 мың тонна шитті мақта жиналған. Демек түсім жаман емес. Мақта егілетін аумақ та былтырғыдан ұлғайған. Бірақ жылда мақта жиналатын мезгілдегі «әләулай» биыл тағы бас­талды. Яғни мақтаның тұрақты бағасы жоқ. Осы жағдайға байланысты мақта егетін шаруалар облыс әкіміне дейін барды. Олар «бұл мәселе жуық арада шеші­леді» деп уәде еткенімен, алаңдаған шаруа­лардың көңілі байыз табар емес. Біздің жаңа­дан құрылған «Zhanassyl» зауы­тымыз қазір мақтаның килосын 330 теңгеден қабылдап жатыр. Бірақ өңірдегі басқа зауыттар мөлшерлемелік бағаны бұдан төмен қойғандықтан, шаруалар біздің бағаға сенімсіздік танытып, мақтасын тездетіп өткізбей отыр. Мақта бағасының шықпауы шаруаларға ғана емес, мақта өңдеумен айналысатын зауыттардың өндірісіне де салқынын тигізді.

Бізде мақта бағасы неге тұрақсыз? Оны неге өзіміз белгілей алмаймыз? Мұның басты себебі, отандық мақта өндірісінің негізгі бағыты – экспорт. Тиісінше, ішкі нарық халықаралық нарықтың демімен толқиды. Мәселен, өткен жылы Түркістан облысы бойынша 290,4 мың тонна мақта жиналып, 90 мың тонна мақта талшығы өңделді. Оның 30 мың тоннасы Қытайға, қалғаны Түркия, Еуропа, Ресейге экспортталды. Шамамен 20 пайызын ғана отандық өндірушілер сатып алды. Қалған 200 мың тонна өнім шикі мақта күйінде экспортқа кетті. Ал мақтаның халықаралық биржадағы бағасы – 2 200-3 200 доллар. Алайда біздің шаруалар 1 950-2 750 доллардан сатты. Мұның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, елімізде, шын мәнінде, мақта өндірісін дамытуға мемлекеттік деңгейде мән берілмейді. Соның салдарынан мақта мәнерлейтін, өңдейтін желілес өндіріс ошақтары қалыптаспаған. Яғни біздегі зауыттардың дені тек мақта талшығын өңдеп сатумен ғана айналысады. Жиналған мақтаны өңдеп, жіпке, матаға айналдырып, одан киім-кешек өндіретін деңгейге жете алмай отырмыз. Былайша айтқанда, мақтамызды шикізат күйінде арзан бағамен шетелге сатып, қымбат бағаға мақтадан жасал­ған бұйымдарды сатып алып отырған жайымыз бар. Ал көршілес Өзбекстан бұл жағынан бізден көш ілгері. Желілес өндіріс айналымы қалыптасқан. Олар біздей емес, халықаралық нарыққа көп жалтақтамайды. Биылдың өзінде мақта­ның килосын 415 теңгеден жинап жатыр.

Екіншіден, мақтаның сапасы мен тазалығы да бағаға қатты әсер етіп тұр. Мақтаның сапасы оның тұқымына байланысты болса, ал тазалығы бапталуы мен жинауына тікелей қатысты. Әсіресе елімізде тұқымның сапасын және қорын бақылайтын арнайы жүйе жоқ. Мақта тұқымын Өзбекстаннан сатып аламыз. Олардың да мақта тұқымының сапасы төмен болғандықтан, біздегі мақта талшығының сапасы мен көлеміне тікелей әсерін тигізіп отыр.

Үшіншіден, мақтаның логистика мәселесі де оның бағасына орасан зор ықпал жасайды. Яғни мақта сатып алушыға логистикаға қатысты мәселерді толық түсіндіріп бере алмаймыз. Себебі елімізде мақта өндірісінен тартып, тасымал саласына қатысты логистика жүйесі толық қалыптаспаған. Соның салдарынан шаруалар өз өнімдерін төмен бағаға сатуға мәжбүр. Биыл да тура осы жағдаймен бетпе-бет келіп тұрмыз.

Төртіншіден, мақта өңдейтін зауыт, фабрикалар, сондай-ақ мақта жинайтын техникалардың көбі ескірген. Соның саларынан шикі мақта талшықтарының сапасы төмен. Техникасы дамыған елдер шикі мақтадан 40 пайызға дейін мақта талшығын алады. Біздегі зауыттардың көрсеткіші 28-32 пайыз төңірегінде ғана. Ескірген техникалар мақта жинаған кезде көбін шашып, жинаған мақтаны былғап кетеді.

Демек мақта егетін шаруалардың жанайқайын естіп, мақта өндірісін дамы­тамыз, демек осы мәселелерге түбе­гейлі өзгеріс жасау керек. Отандық өнді­рісті дамытып, арзан бағамен шетелге мақта сатқаннан, оны өзімізде өңдеп, мақтадан жасалған бұйымдарды шетелге шығарудың экономикалық кірісі жоғары екені айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, отандық өндіріс өркендесе, күннен күнге асқынып бара жатқан жұмыссыздық мәселесін шешуге де жол ашылар еді.

Сонымен қатар мақта өсіруге бағыт­талған мемлекеттік қолдауды күшей­тіп, мақта тұқымын өндіру ісін қолдау, минералды тыңайтқыштардың, герби­цидтердің, сумен жабдықтау қызмет­терінің құнын төмендету, инвестициялық субсидиялар, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, мақта егуге және жинауға арналған несиелер, сондай-ақ қайта өңдеуге тапсырылған мақтаның тоннасына қосымша қаражат беру жағын да қарастыру керек.

Елімізде мақташылар кірісінің мардымсыз болуының үш үлкен себебі бар. Бұл – су, селитра және тұқым.

Қазақстандағы ағын судың 45 пайы­зы шетелден келеді. Мақта суаратын судың негізгі бастауын да Өзбекстаннан аламыз. Мақта су ішетін мезгілде көрші елдің де суға сұранысы артатындықтан, қазақстандық шаруаларға тиетін су мөлшері күрт азайып кетеді. Өңірдегі алқаптарды суландыратын «Достық» каналы да мақташылардың суға деген қажетін толық шеше алмай отыр. Сондықтан мақта шаруашылығын дамытып, оның түсімін арттырамыз десек, өңірде тамырдан тамшылатып суа­ру сынды су үнемдеу технологиясын жаппай қолдану керек. Бұл әдіс бір жағынан суды үнемдесе (суды 80 пайыз үнемдейді), екінші жағынан тыңайтқыш пен ауылшаруашылық дәрілерінің өнімділігін арттырады. Қазіргі таңда мемлекеттен тамырдан тамшылатып суаруға қаржы жағынан 50 пайызға дейін қолдау қарастырылған. Бірақ «арық атқа қамшы ауыр» дегендей, қалған бөлігін төлеудің өзі шаруаларға үлкен салмақ болып тұр.

Сонымен қатар дәстүрлі тәсілмен мақта егу тәсіліне де өзгеріс жасау керек. Осы заманғы озық техникаларды пайдаланбай, дәстүрлі жолмен мақта салудан шаруалардың кірісі артпайтынын түсінетін кез келді. Қазір біздің шаруалардың мақтадан тапқанынан шашқаны көп. Көп еңбек зая кетіп жатыр. Дамыған елдермен салыстырғанда қазақстандық мақтаның түсімі олардың жартысына да жетпейді.

Селитраның жетіспеушілігі мен қымбатшылығы да мақта шаруашылы­ғын мандытпай тұр. Неге елде жылда селитра тапшылығы туындайды және оның бағасы неге удай қымбат? Себебі Қазақстанда селитраны көп мөлшерде шетелге экспорттау барысында ел ішін­дегі қажеттілік көлемі ескерілмей­ді. 1 гек­тарға берілетін селитраның нор­масы 1 тоннаға дейін себілуі керек еді. Алай­да әр гектарға 200-300 кг селитра ғана себіледі. Демек селитраның ішкі нарық­тағы қажеттілігінің ескерілмеуі оның жетіс­пеушілігін және бағасының қымбат­тауын тудыратыны айтпаса да түсінікті.

Сондықтан бұл мәселелерге Үкімет жос­парлы түрде араласып, селитра экспортын рет­теумен қатар, мақта тұқымының сапа­­сын жоғарылатып, үлкен көлемде тұ­­қым қорын дайындау керек. Сондай-ақ жиын-терімге қажетті техникаларды жаңар­­ту жолдарын да қарастыру қажет. Ол үшін тиімді несие және қосымша қара­жат беру жағын да қарастырған орын­ды. Мақ­та мәнерлеу кәсібімен айналыса­тын ма­ман ретінде біздің мақта шаруашы­лы­ғы­ның жалпы жағдайынан осындай ой түйдік.

 

Жұман ҚАЛЕЛ,

«Zhanassyl» мақта өңдеу зауытының басшысы

 

Түркістан облысы,

Мақтаарал ауданы