Абай • 30 Қараша, 2022

Ел ішінде сақталған Абай кітабы

1068 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңірінің жұрт­шылығы тарихи құнды­­лы­ғы тілмен айтып жеткізгі­сіз рухани олжаға кенелді. Бұқар жырау атындағы әде­биет және өнер музейі­не Абай Құнанбайұлы­ның 1909 жылы жарық көрген тұңғыш кітабының түпнұсқасы тапсырылды.

Ел ішінде сақталған Абай кітабы

Ақаңның әліпбиіне дейінгі жазумен хатқа түсірілген жинақ кезін­де Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның қолдауымен 1000 данамен жарық көр­ген екен. Естуімізше, елі­мізде бұл кітаптың 4 данасы ғана сақ­таулы тұр. Хакімнің кітабын Ертіс ауданы орталығында тұратын ардагер ұстаз Нұрболат Әутәліпов сақтап келіпті. Жасы 70-тен асқан ел ағасы жәдігер атасынан қалған дүние болар деп шамалайды.

– Біздің ұлы атамыз Әлімсүре заманында шаруа бағып, мал өсір­ген адам болған екен. Ал атам Әутәліп 1901 жылы дүниеге келген. Атамыз барлық баласын оқытып, сауаттарын ашуға талпыныпты. Өзі әуелі төте жазуды үйренеді. Одан соң қажеттілікке орай латын қарпін, кейін кириллицамен жазып-сызуды меңгер­ген. Осылайша, ол кісі үш әліп­биді оқып, жаза білген екен. Абай Құнан­байұлының кітабы біздің шаңырағымызға қалай түскенін, қалай сақталғанынан бейхабармын. Мектепте 30 жыл ұстаз­дық етіп, оның 15 жылын директор бо­лып өткерсем де, үйде баға жет­­пес қазына сақталып келгенін біл­меппін. Кітап аяқ астынан табылды. Әкем қайтқан соң өмір бойы сақтап келген кітаптары мен қолжазбаларын, құжаттарын ақ­тарып отырсам, осы кітап шыға келгені. Алғашқыда араб қарпінде болған соң ескі Құран кітабы екен деп ойлағам. Қолыма алып, парақтап отырғанда Абайдың суреті көзіме оттай басылсын! Сөйтіп, оның тегін кітап емес екенін түсіндім. Осыдан 7-8 жыл бұрын жергілікті имамға көр­сетіп едім, ол ұлы ақынның ертеде шыққан кітабы деді. Кейін музейге тапсырамын ғой деп бекініп жүргенде хакімнің туған еліндегі Абайдың қорық-музейінен облыс орталығына мамандар кел­генін естідім. Алайда олармен жолы­ғысудың сәті түспеді. Осылайша, бұл құнды дүние бүгінде Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне бұйырып отыр. Ұлы ақынымыздың кітабы үйде сақталғанша, халықтың көзайы­мына айналсын, деп шешім қабыл­дадым, – дейді Нұрболат ақсақал.

Кітапты қабылдап алған Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров ондағы әр өлеңнің астына жылдары жазылып қойылғаны сол заманда қалыптасқан үрдіс екенін атап өтті. Хакімнің 1909 жылы шыққан кітабының мұқабасы негізі жұқа қағаздан жасалыпты. Бірақ Ертіс ауданынан табылған кітапты ертеректе жақсы күйде сақтап қалу мақсатында сыртына қатты қағаздан жасалған мұқабаны тіккені байқалады, дейді ол.

Павлодар педагогикалық уни­верситетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміреновтен құнды жәді­герді оқып беруді сұрадық.

– Бұл – Абай Құнанабайұлы­­ның 1909 жылы Санкт-Петербургте Ілияс Бораганский баспаханасы­нан ба­сылып шыққан тұңғыш өлең­дері мен аудармалары. Жинақта Кәкі­тай жаз­ған Абай өмірбаяны басыл­ған. Бұл – ақын жайындағы алғаш­қы ғұ­­мыр­намалық мағлұмат. Музей қыз­­мет­керлері нағыз қазына­ның үсті­­нен түскен екен, – деп тебіренді ғалым.

Әділбек аға оқып бергендей, мұқабада: «Қазақ ақыны Ибра­һим Құнанбай ұғылының өлеңі. Бастырған Кәкітай, Туғраул Құнан­бай ұғланлары. С.Петербург. «Вос­точная электро – печатня И.Бора­ганского», 1909 г.» деп жазылған.

– Ілияс мырза Бораганский – қырым татары, 1852 жылы Бақ­ша­сарайда ауқатты отбасында дүниеге келген. Стамбұлда оқып, хұсни хат (араб көркем ж­а­­зуы) ілімін меңгерген, Петер­бург университетінің шығыс фа­культетінде түркі тілдерінен дә­ріс оқыған, хұсни хаттан сабақ бер­ген, 1893 жылы Петербургте араб әрпімен басылатын тұң­ғыш мұсылман баспаханасын аша­ды. 1905 жылы осы баспаханадан Шоқан Уәлихановтың ел ішінен жинап алған «Едіге» жырын кітап етіп бастырса, 1909 жылы Абай өлеңдерінің тұңғыш жинағын шы­ғарады. Ілияс Бораганский жайын­да белгілі абайтанушы Қайым Мұқамедханов көп жылдар ізденіп жүріп «Семей таңы» газетінің 1971 жылғы 21 мамырдағы санын­да «Қадірлі есім, аяулы еңбек» (Абай мұрасын тұңғыш кітап етіп шығарушы И.Бораганский жайында) атты мақала жазды. Мақалада баспагер туралы біраз мағлұмат бар. Абайдың Санк-Петербургте өлеңдерінің басылуына Әлихан Бөкейхан мұрындық болғаны туралы деректер келтірілген. Кәкітай Ысқақұлының естеліктері, Абай мұрасының жиналуы жайында, ақын өлеңдерін хаттап, қолжазба күйінде бүгінгі күнге жеткізген Мүрсейіт Бікеұлына қатысты мағ­лұмат алуға болады, – дейді ол.

Бұдан бөлек, Ә.Әміренов Абай өлеңдерінің тұңғыш басылы­мы­ның жазу стилі араб қадым жазуы­мен берілгенін атап өтті. Жуан оқылатын сөздерде араб тілінің эмфатикалық жуан дауыссыз дыбыстар таңбасымен (ص, ض, ط, ظ) таңбаланауы, сөздің анлаут басындағы е,и,ы, і (әлиф+ йай), о, ө, ұ (әлиф+уау) дыбыстары­ның, «ң» дыбысының (н+к) қос таңбамен жазылуы, «п» дыбысын «б» әрпімен, таңбалануы, қазақ тіліне араб-парсы тілінен енген кірме сөздердің сол тілдер­дің фонетикалық заңдылығымен жазылуы (харакаттардың болуы) сақталып қалған. Қазіргі қол­да­ныстағы біріккен сөздердің бө­лек жазылуы (қалам қас), тыныс белгілерінің қойыл­мауы, қа­таң дауыссыздан кейін көптік жалға­уының дар, дер, ілік септіктің -дың, -дің ұяңнан басталатын нұсқасының ғана жалғануы және тағы басқалары – қадым жазуы­ның стилі.

р

Кітаптың шын мәнінде ақын­­ның алғашқы жинағы еке­нін нақтылай түсу мақсатында Абай­­дың «Жидебай-Бөрілі» мем­ле­кеттік тарихи-мәдени және әде­би-мемо­риалдық музей-қорығы ди­рек­торының ғылыми жұмыстар жө­нін­дегі орынбасары Мейрамгүл Қай­ранбаеваға хабарластық. Ербол Қайыров жіберген фотосуретті көр­­­ген маман оны растады.

– Абай Құнанбайұлының 1909 жылы ескі қадым жазуымен ба­сыл­ған бұл көне кітабының таралымы небәрі 1000 дана болған екен. Ал­ғашқы кітап аса бір қиындықпен шық­қаны мәлім. Оған Алаш қай­раткері Әлихан Бөкейхан қол­дау жа­саған. Сол қазынаның қазіргі күні Қазақстан бойынша 4 данасы ғана сақтаулы екенін білемін. Оның үшеуі бізде, біреуі Астанадағы Қол­жазбалар және сирек кітаптар ұлт­тық орталығында тұр. Біздегі екі кітап­тың күйі нашар. Ал Керекуде та­был­ған бесінші кітаптың күйі жақ­­сы көрінеді. Бұл алғашқы кітап – баға жетпес құндылық. Ке­зінде ­қадым және төте жазу­мен жазыл­ған көне кітаптар мен қол­жазба­ларды кеңес өкіметі алғаш орна­ған жыл­дары большевиктер өртеп жібер­ген. Ал мына санаулы кітап­тың бір ғасыр­дан астам сақта­лып, біздің заманы­мыз­ға жетіп отыр­ғаны ғажап дүние, – ­деп бағалады М.Қайранбаева.

тр

Атап өтерлігі, Абайдың өз қолы­мен жазған қолжазбаларынан тек ұлы Мағауияға жазған хаты (1896 жылы жазылған) ғана сақталып қал­ған. Ал «Қазақтың шығу тарихынан бірер сөз» атты қолжазбаның шын мәнінде ақынға тиесілі екендігі дәлелденбеген.

Мейрамгүл Қайранбаеваның айтуына қарағанда, ақынның одан кейінгі кітаптары 1922 жылы (Ташкент пен Қазанда басылған) және 1933 жылдары басылады. Алғашқысын Ілияс Жансүгіров жинастырған. 1933 жылы шық­қан кітабын Мұхтар Әуезов толық жи­нақ етіп бастырған. 1945 жылы тағы үлкен жинағы шығып, ол 1948 жылы тұп-тура қайта шығарылады.

Ал Ербол Қайыров Халық жазушысы Мәриям Хакімжа­нова­ның қолға алуымен хакімнің төте жазумен терілген кітабы 1957 жы­лы 10 мың данамен басыл­ға­нын баяндады. Ол кітап­тың пар­тия­сы толықтай Қытай­дағы қан­дас­тарымызға жөнелтілген.

тр

 

ПАВЛОДАР