Пікір • 30 Қараша, 2022

Ауыл қаржы институтынсыз дами алмайды

217 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біз бүгінге дейін бір шындықты халықтан жасырып келдік. 1930-жылдары халық мәжбүрлі түрде ұжымдастырылса, 1990-жылдардың екінші жартысында мәжбүрлі түрде жекешелендірудің объектісіне айналды. Ауыл, қазақ о бастан бір-біріне арқа сүйеп, ұжымдасып өмір сүруге бейімделген.

Ауыл қаржы институтынсыз дами алмайды

Жекешелендіру науқанында біз ауылды қанға сіңген қасиетінен алыстатып алдық. Қазір Қазақстан халқының 40 пайызы ауылда тұрады дейміз, ал ІЖӨ-дегі ауылдың үлесі 3-ақ пайыз. Сонда қалған 37 пайыз кімнің пайдасына жұмыс істеп тұр?

Ауыл қаржы институтынсыз дами алмайды. КСРО кезінде ауыл эко­­но­микасы мемлекеттік қор есебі­нен дамыды. Бізге сол жүйені қайта қалыпқа келтіретін кез кел­ді. Ол үшін жерімізді теспей сорып отырған олигархтар өзінің пайдасының бір бөлігін, сондай-ақ шетел асып кеткен қаржының бір бөлігі сол қорға аударылғаны дұрыс. Осы қаржы арқылы ауылға банктен берілетін несиенің пайызын жеңілдете аламыз.

Ауыл экономикасы банктерсіз нарықтық айналымға енбейді. Қарап отырсақ, соңғы онжылдықтарда бірде-бір жаңа банк ашылған жоқ. Бізде банк туралы заң бар. Бірақ заңға сәйкес бірде-бір банк ашылмайды. Бұған әкімшілік тәсілмен тежеу себеп болып отыр. Мемлекеттік маман­дандырылған банктерді ашуға көп мән берген жөн. Ауыл шаруа­шылығы банк саласынан айдалада, борт сыртында қалып қойды. Оны бәріміз біліп отырмыз. Қаржы мәселесін несиелік серіктестік сияқ­ты майда мекемелер шешеді деп ойла­дық. Бірақ уақыт өтті. Мем­ле­кет ауылға тек қағаз жүзінде ғана бет бұрды. Себебі ауылды қаржы­лан­дыру мемлекетке тиімсіз деген көзқарас басым.

Ауылға қатысты шешілмей тұр­ған бір мәселе – ауа райына байла­ныс­ты сақтандыру. Ауылды сақтан­дыру міндетін жекеменшік сақтан­дыру компаниялары өз қызметіне ала­ды дегенге сену дұрыс емес. Осы мәселені шешу үшін үлкен мемлекет­тік сақтандыру қорын құру қажет.

Квазисектордағы қаржы инс­титуттары кейбір топтардың «жеке әмияны» екені айтылып та, жазылып та жүр. Енді ауылға өз құқығын өзіне қайтаратын кез келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл­ды дамытуға бағытталған мем­ле­кеттік бағдарламасының басты операторы да ауылды қаржыландыратын банк болуы керек.

Мемлекеттің үлкен қалаларға деген ықыласына ешкім күмән кел­тіре алмайды. Осы күнге дейін­гі қабылданған шешімдер қаланы дамытты, қала енді аштан өлетін кезден өтті.

Қала мен ауылды қатар дамыту керек. Өндіріспен ғана шектеліп қалмай, ауылға көңіл бөлетін кез келді. Қалаларды олармен ірге­лес жатқан ауылдардан бөліп алып қарас­тырудың қажеті жоқ. Бәрі кешен­­ді түрде қамтылуы қажет. Мы­са­лы, қалада ашылған сүт зауытына қажетті шикізат іргедегі ауылдардан жиналуы керек. Сол секілді ауылда өндірілген көкөніс, бақша өнімдері қалада өңделуі қажет. Осындай жүйе­лік керек. Сонда ауыл мен қала ара­сындағы байланыс жанданады.

Ауыл мен қаланы жеке-жеке дамытудың қисынсыздығы секілді шағын, орта және ірі бизнестердің әрқайсысының өз қазанында ғана қайнауы дұрыс емес. Ауыл шаруа­шылығы мемлекет экономикасы жүйесінде қарастырылуға тиіс. Ауыл шаруашылығының экономикасы – бұл экономиканың барлық саласына тікелей және жанама ықпал етеді және Қазақстанның бар­­лық азаматының тұрақты, қауіп­сіздікте өмір сүруіне жағ­дай жасайды. Мысалы, ауыл шаруашылығында шешiлмей жүрген бір мәселе – жер мәселесі және өнiмдердi сақтандыру. Жер телімдерін мақсатты пайда­­лану түрін өзгертуге рұқсат алу ресім­дерін жеңілдету, ауылшаруашы­лық жерлерін пайдалануға тұрақ­ты түрде мониторинг жүргізу, бар­лық пайдаланылмай жатқан жерді алдағы уақытта жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға беру керек. Қазақстан Үкіметінің араласуымен ауыл шаруашылығы мәдениетін қолдау, сақтандыру мақсатында мем­лекеттік қор құратын кез келді. Бұл қор ауылдағы бизнесті сақтан­дырумен айналысу керек.

Нақты айтар болсам, сақтандыру тетігі мынадай: біріншіден, ауыл шаруашылығын міндетті сақтандыру мемлекеттік резервтік қор арқылы жүзеге асуы қажет, сонымен қатар, ауыл шаруашылығын жыл басын­да өндірушілер өндіріске кет­кен шығынды қосқанда қорға сақтан­дыру салымдарын аударуы керек. Екіншіден, сақтандыру ісінің шынайы тетігімен жұмыс істегендіктен сақтандыру шарты бойынша егін шықпаған жылдары шығынға ұшы­раған шаруашылықтарға сақтан­дыру үстемеақылары міндетті түрде төленеді.

Меніңше, ауылды көтеруге бағыт­талған сең қозғалды. Бірақ қабылданатын шешімдер жоңышқа мен арпаны, өгіз бен сиырды ажырата алмайтын жұмыс тобы емес, ауылдың жайын білетін мамандардан жасақталуы керек. Сол кезде ғана ауылдың бағын ашамыз, күре тамырына қан жүгіртеміз.

 

Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ,

экономист

 

АЛМАТЫ