Аймақтар • 30 Қараша, 2022

Оқушылар отыз теңгемен қатынайды

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылы мен Луговой ауылы арасында қоғамдық көліктің тоқтап қалғанына да екі жылдың жүзі болған еді. Содан бері жергілікті таксилер бағаны көтеріп жіберген болатын. Мәселен, ауыл ішіндегі такси құны адам басына 100 теңге болса, Құланнан Луговойға жету үшін тұрғындар 150 теңге төлеп келген.

Оқушылар отыз теңгемен қатынайды

Жолақысының қымбат болуы бас­қаны былай қойғанда ата-аналарға оңай соққан жоқ. Бірнеше баласын аудан орталығындағы гимназия мен лицейге оқуға жіберетін луговойлықтар шығынға батқанын ұдайы айтып жүретін. Аудан басшысы Ернар Есіркеповтің бастамасымен өткір мәселе өз шешімін тапты.

Енді екі ауыл ортасында сегіз бірдей автобус қатынайды. Мәселенің оңынан шешілуі үшін «Концерн-Қазқұрылыссити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Айтжан Жұмабековпен жер­гілікті атқарушы билік арасында келі­сімшарт жасалды. Қоғамдық көлік енді ересектерді 60 теңгелік тарифпен тасымалдаса, оқушылар үшін жолақысы 30 теңге болып бекітілді. Осылайша, ма­ңызды мәселе өз шешімін тапты.

«Бұл мәселені екі ауылдық округ тұрғындарының көтеріп жүргеніне біраз уақыт болды. Расында да, бір үйден бірнеше баланың қатынап оқитынын ескерсек, олардың жолақысы мен тама­ғына әжептеуір шығын кетеді екен. Ал екі ауылдағы халықтың жалпы саны 30 мыңнан асса, олардың 6 мыңға жуығы мектеп оқушылары екенін айта кеткен жөн. Қысқасы, өткір мәселені дер кезінде шешкеніміз дұрыс болды», дейді аудан әкімі Ернар Есіркепов.

Расында да, Луговойдан Құланға қа­тынап оқитын оқушылардың қатары басым. Соңғы кездері қымбатшылықтан қаусап қалған жұртшылық қоғамдық көлік мәселесін жиі айта бастаған еді. Жергілікті атқарушы биліктің халық талабына назар аударғаны қуантып отыр.

 

Жамбыл облысы,

Тұрар Рысқұлов ауданы