Тарих • 30 Қараша, 2022

Моңғолды мойындатқан Тұрар

823 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов туралы – Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» хикаяты, Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» роман-эпопеясы, белгілі тарихшылар Ордалы Қоңыратбаевтың «Әлихан мен Тұрар», Манаш Қозыбаевтың «Ғасыр тауқыметін арқалаған арыстар» атты зерттеуі, Зардыхан Қинаятұлының «Жылаған жылдар шежіресі» монографиясы, Қайдар Алдажұмановтың «Тұрар Рысқұлов: өмірі мен қызметі» және Гүлнәр Қозғанбаеваның «Моңғолиядағы қазақ диаспорасының тарихы: өткені мен бүгіні» сынды жазылған қыруар еңбекті атап өтуге болады. Алайда осы тұлғаның өмір жо­лындағы аса бір күрделі кезең – Коминтерн өкілі ретінде Моңғолияға баруы.

Моңғолды мойындатқан Тұрар

Суретте: сол жақтан бірінші тұрған Тұрар Рысқұлов, екінші тұрған Моңғолияның үкімет басшысы Балингийн Цэрэндорж, үшінші тұрған ала шапанды Михей Ербанов (1929-1937 жылдары Бурят-Моңғол обкомының бірінші хатшысы), төртінші адам белгісіз, бесінші тұрған Хор

Тұрар Рысқұлов Моңғолияға жалғыз өзі келсе керек. Оның жеке өміріне де сон­шалықты нақты сараптамалар жа­салма­ған тәрізді. Алыстағы бізге тіп­тен беймәлім еді. Өмірінде төрт рет неке құр­ғандығы айтылады. Дұрыс-бұ­рысы туралы өзгелер айтар. Әуелгі әйелі Таш­кент генерал-губернаторы В.П.Коло­совскийдің қызы Татьяна Колосовская дейді. Татьянадан 1920 жылы Ескендір (Александр) туған, оның еркелетіп қойған аты «Шурик». Екінші әйелі Надежда Пушкаревадан София есімді қыз туады. Үшінші әйелі  – Вера Дергачева. Осы Верадан 1929 жылы Мая есімді бір қыз сүйеді. Төртінші әйелі Әзиза Есен­құловадан – Сәуле және Ридер.

Бұл орайда айтпағымыз Тұрардың Дугарқызы Дэнсмаа (1906-1985) есімді моңғол қызбен танысқаны жөнінде. Дэнсмаа Троицкосавск (Хяагта хот) қаласында дүниеге келген. Дэнсмааның 12 жасында әкесі ақтар интервенциясы тарапынан атып өлтірілген. Содан Да Күре қаласына көшіп келіп, осында орта білім алған. 1923 жылы 17 жасында Мәскеудегі КУТВ-қа (Коммунистический университет Трудящихся Востока) оқуға аттанады. Осынау жылдары Моңғолияның Ішкі істер министрлігі, Халықтық серуен бағы, Қаржы мектебі қатарлы мекемелерде қызмет атқарған.

Қолдағы дерекке сүйенсек, моңғол аруы Мәскеуден келе жатып жолай Комин­терн өкілі Тұрар Рысқұловпен танысады. Бұл таныстық махаббатқа да ұлас­қан көрінеді. Сөйтіп, 1925 жылы Дэнсмаа ­босанып, Мая (Майя) есімді қыз табады. Бұл қыз (мамыр) айында туыпты. Әйтпегенде буддалық сенімдегі халық бұндай есімді қоюы екіталай. Жарықтық Мая 2002 жылы дүниеден өткен екен. Тұрар Рысқұлов 1925 жылы Моңғолиядағы тапсырма­лық мерзімі аяқ­талып, Мәскеуге оралған тұс­та, Дэнсмаа Моңғол армиясының екін­ші орынба­сары, корпус командирі Гончигийн Самбуу ­деген офицермен тұрмыс құра­ды. Бұл кісі де 36 жасында 1937 жылы нәу­бетке ұшырап, атылады.

Маяның шынайы өмірін біле­тіндер аз. Десе де жоқ емес. Соның бірі – 1924 жылы туған моңғолиялық қазақ өнерінің майталманы, Моңғолияның халық әртісі Қайжамал Бақышқызы. Қайжамал апамыз 2020 жылы дүниеден өтті. Көзі тірісінде әз-апаға жолығып Мая туралы ауызша айтқан естелігін жазып алған едік.

– 1966-1975 жылдары аймақтық МДТ-ын басқардым, – деді апамыз. – Әлі есімде, 1968 жылы Ұланбатырдан бір топ өнер майталмандары Бай-Өлкеге келді. Қонақтарды Мая есімді тұлғасы ғажап, сұлу әйел бастап жүрді. Делегация құрамында атақты опера әншісі, кейін Еңбек Ері атанған Цэвэгжавын Пүрэвдорж, жазушы-драматург Чойжилын Чимэд бар еді. Топ басшысы Мая бізге ерекше ықылас танытты. Кәдімгі бағзы туыс­қандай біз өзара тез іштесіп кеттік. Қазақы дәстүр бойынша қонақтарға қазақтың ұлттық киімдерін сыйға тартып, құрмет көрсеттік. Мая ажарлы еді және қазақ­тың ұлттық киімін кигенде қатты толқығанын көзім көрді. Біз екеуміз қатарлас, 43-44 жас шамасындамыз. Дәл қоштасарда Мая мені қасына шақырып алып, өзінің туған әкесі, Турар Эрискулов деген қазақ болуы мүмкін екенін сыбырлап айтты және ол кісі туралы білгісі келетінін мең­зеп еді. Көп жыл бұрын анасы екеуі сөйлес­се керек. Кезінде Мәскеуде Коминтерн қызметкері болған Гульсим Гареевна Ахметзянова деген татар әйелдің әдіресін тауып, оған хат жазып Рысқұлов жай­лы сұраған екен. Ол кісіден жартымды де­рек, жөнді жауап та болмаған.

Демек Дэнсмаа да, Мая да Тұрар Рыс­құловтың 1938 жылы 10 ақпанда атыл­ғанынан хабарсыз болған сияқты. Мая Самбууқызы 1957 жылы Ұланбатырда Мұғалімдер жоғары оқу орнын моңғол тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіреді. Жастайынан өнерге бейім ол Моңғолия сазгерлер одағына мүшелікке өтіп, осы ұйымда жауапты хатшылық қызметте болған. Біршама патриот­тық әндердің авторы. Бір қызығы, Мая­ның Баян-Өлкеге сапары кезінде қазақ театрының әртістерімен бірге түскен мына фотосы Т.Сарантуяа деген іскер әйелде сақталыпты.

Суретте: алдыңғы қатарда тұрғандар (солдан):1. Шөрке Баймұқаммедқызы (аймақтық Мәдениет бөлімінің бастығы). 2.Белгісіз. 3.Камзол киген Мая Самбууқызы. 4. Қайжамал Бақышқызы. 5. Жазушысы -драматург Чойжилын Чимид. Артқы қатарда (солдан):1.Нүскей Сатыпалдыұлы (актер). 2. Белгісіз. 3.Қаду Жәкейқызы (Еңбек сіңірген әртіс). 3. Цэвэгжавын Пүрэвдорж (Халық әртісі), 4. Шура Жеңісханқызы (дәрігер) 5. Қалидолда Қалилаұлы (режиссер)

Суретте: алдыңғы қатарда тұрғандар (солдан):1. Шөрке Баймұқаммедқызы (аймақтық Мәдениет бөлімінің бастығы). 2.Белгісіз. 3.Камзол киген Мая Самбууқызы. 4. Қайжамал Бақышқызы. 5. Жазушысы -драматург Чойжилын Чимид.
Артқы қатарда (солдан):1.Нүскей Сатыпалдыұлы (актер). 2. Белгісіз. 3.Қаду Жәкейқызы (Еңбек сіңірген әртіс). 3. Цэвэгжавын Пүрэвдорж (Халық әртісі), 4. Шура Өмірзаққызы (дәрігер) 5. Қалидолда Қалилаұлы (режиссер)

* * *

Моңғолия тарихындағы ірі оқиға – 1924 жылы көктемде елді билеп отырған Боғда хан қайтыс болуымен сәйкес Ко­минтерн өкілі Тұрар Рысқұловтың Да Күреге келуі. Коминтерн өкілін моңғол­дар шеріктерін сапқа тұрғызып, салтанатты түрде қарсы алып, МХП толық өкілетті өкілі деген лауазым берген. Тұрардың міндеті: МХП-ны Коминтерн тарапынан басқару, бағыт сілтеу, жаңа саяси жорықты ұштау, қызыл жүйеге икемдеу.

Рысқұлов келген кезде жетекші пар­тия мен жастар ұйымы арасында күр­делі қайшылық пайда болғандығы, осы қилы әрекеттердің қоғамды екіге бөлуге дейін тереңдей түскені байқалады. Пар­тия арасындағы жікшіл топтардың желеуімен жастар ұйымы партияны фео­далдық бағытқа бұрмалады деп айып­тайды. Осы тұрғыда Тұрардың саяси өмі­рінде Моңғолияның Бас уәлиі және МХП ОК-нің орынбасар хатшысы бурят Цэвээн Жамсрано қатарлы ықпалды көсемдермен текетіреске келген кездері де аз емес. Моңғолияның экономикалық және қаржы саясатына қатысты реформаларын бастаған сәттері аса күрделі болды. Осы жолда оның тікелей нұсқауы­мен МХП-ның ескі ережесі мен ұстанымы жаңғыртылып, МХРП және Жастар ода­ғының жаңа тұғырнамалары жасалды (МХРП Орталық мұрағаты, 4-қор, 1-іс. хн. 363-бірлік, 38-т.).

Тұрардың бұл елде атқарған жұмыс­тары туралы, тарихшы ғалым Мініс Әбіл­тайұлының «Тұрар Рысқұлов: мұрағат құжаттары» және «Тұрар Рысқұлов Моңғолияда» атты еңбектерінде және И.Саруул, Ч.Дашдаваа, Н.Болд «Турар Рыскуловын Монгол дахь үйл ажил­лагаанд холбогдох баримтууд», «Дея­тель­ность в Монголии члена коминтер­на Турара Рыскулова» еңбектерінде бір­шама деректер қамтылған.

Тұрар Рысқұлов Моңғолияға келген күннен бастап Коминтерннің тапсыры­сы бойынша саяси реформалық ауқым­ды науқанды іске ерекше ұқыпты бел­сенділікпен кіріскен. Оның бұл әре­кеті ұлты бурят-моңғол көсемі Элбэг­дорж Ринчиноға тіптен жақпаса керек, дүркін-дүркін көзқарастары сәй­кес­пей кикілжіңдесіп, кейде ашық «жұды­рықтасып» та қалатын дейді. Тұрар өзі шымыр денелі, намысшыл болған және отызға толған жігіттің ішкі көкірек оты да күшті болса керек.

Моңғолия конституциясының (constituti) авторы Тұрар Рысқұлов және оның кеңесшісі П.В.Всесвятский екені рас. Моңғол жағынан Бас уәли Б.Цэрэн­дорж, Ц.Жамсрано, Н.Жадамба, Г.Гэлэг­сэнгэ және тағы басқалар өз кезе­гінде атсалысты, жақсы көмекші болды. Алайда заң жобасы сәл ертерек әзір болғанға ұқсайды. Бұл туралы Моңғолия Ғылым академиясы Тарих және архео­логия орталық құжат қорының жазбаларында біршама ақпарат бар. Әсіресе «Коминтерн және Моңғол» деректі құжаттар жинағында: «...МХП-сына көмектесу, партия мен жастарды берекелестіру, қытайдан қорғану, коминтернге адал болу, екінші саяси күш өзге партияның туып шықпауын қадағалау, Сүн Ят Сен құрған Қытай компартиясымен арақатынасын нығайту, ең керегі партияның ішкі тәртібін қатаң ұстану қатарлы 9 түрлі шартты іс қызметті атқару белгіленді» делінген-ді («Коминтерн және Моңғол». Ұланбатыр, 1996. 66-б.).

Моңғол халық партиясы 10-айдың 6-сы күнгі 37-реткі отырысында қау­лы қабылдап: Коминтерн өкілі, Тұрар­ Рыс­құловтың бұл елге келгендегі мін­деті ерекше белгіленіп және өкілдің ке­луін «ұлы қуаныш» деп мақұлдайды. Қау­лы­ның бірінші бабында: «Моңғолияға арнайы тағайындап жіберген Коминтерн өкілі жолдас Рысқұловтың әр нұсқа­уын мүлтіксіз орындаумен қатар Комин­терн­нің нұсқаулары Моңғолдың ха­лық партиясының үшінші съезінің қау­­лысы есебінде қаралып, партияның барлық ­­іс қызметінің негізі – Коминтерннің ­­тура ұсынысы ретінде атқарылуы ке­рек» делінген (Орталық мұрағат, 7 қор, 1-іс, 4-бірлік, 1-4 т.).

Сөйтіп, Моңғол халық партиясының есептік баяндамалары, жарғысы мен тұғырнамасы, идеологиялық ұрандары мен жалаулы науқандары, баспасөз, партия қатарын тазалау, тағы басқа істері тү­гелдей Тұрар Рысқұловтың тікелей ара­ласуымен шешімін табатын болды. Жал­пы, Тұрар Рысқұловтың Моңғолиядағы тарихи іс-қызметін растайтын дерек­тер Моңғолдың халық партиясының саяси тарихнамалық құжаттарында да, кезекті съездер мен үлкенді кішілі пленум­да­ры­ның хаттамаларында да, МХП ОК-нің Саяси бюросының есептік баяндаула­рында да баршылық. Бірақ ғылыми тұр­ғыдан арнайы зерттелген сараптаулар мардымсыз. Кейбір құжаттарда тіпті үстірт көзқарастарға да жол берілген.

Тұрар Рысқұловтың Моңғолияда атқарған іс-әрекеттерін айғақтайтын архив құжаттары кейде әдейі назардан тыс қалдырылып келгенін ғалым Мініс Әбілтайұлы тілге тиек етеді (Әбіл­тайұлы М, Әбілтаев Н. «Тұрар Рысқұлов Моңғолияда» Алматы, 1994). Әйтпегенде, Моңғол Халық Республикасының тұңғыш конституциясы мен партия жарғысының жобасын, үкіметтің ішкі, сыртқы саяси тұғырнамасы Рысқұловтың қолымен жасалған. Оның ұсынысымен МХП мен Жастар одағы арасындағы саяси дау-дамай жөнге келтіріліп, Моңғолияның алдында тұрған тұңғыш конституциялық демократиялық бағдары жүйеленгені ақиқат.

Осы жылдары Рысқұловтың ширақ іс-қимылы – панмоңғолизмшіл Ринчиноға ұнамады. Бұл өзі Моңғолияға 1915 жылы арнайы «енгізілген» түсініксіз пенде. Бұл кісі 1920 жылы моңғол отаншылдары Мәскеуге сапарлағанда тілмаш қызметін атқарған. 1921 жылғы аласапыраннан кейін үкімет мүшесіне дейін көтерілген өте күрделі саяси тип. Моңғол үкіметі мен партия басшыларын бірін екіншісіне жаныстыру, шағыстыру арқылы ұлтшыл тұлғалар Догсомын Бодоо, Солийн Данзан, Дамбын Чагдаржав қатарлы ықпалы зор мықтылардың көздерін құртуға себепкер болған.

Ринчино КСРО-ның Моңғолиядағы төтенше және өкілетті елшісі А.Н.Васи­льевпен астыртын ымыраласып, Тұрар­ға қарсы тұзақ құрып, Коминтерн атқару комитетіне және КИМ-ге (Ком­мунис­ти­ческий интернационал моло­дёжи) Рысқұ­ловты жамандап арыз айдау­­мен болады. Әрі кейбір тұрақсыз кісі­лерді осы әрекетке азғырады. Мысалы, Моң­ғолиядағы КИМ-нің өкілі, «дөрекі» А.Г.Стар­ковты дегеніне көндіріп алады. Рыс­құлов пен Ринчиноның өзара ұрыс-керісі, дау, тартысы туралы Сун Хьён Сүктің және бурят журналисі С.Очи­ров­тың еңбек­терінде егжей-тегжейлі баян­далған.

Осылай Коминтерн өкілі Тұрармен бас араздығы күшейген Элбэгдорж Ринчино 1925 жылы тамыздың 20-сы күні Мәскеуге қайтарылып алынады. 1937 жылы мау­сым айында Ішкі қорғаныс халық ко­мис­сариаты шешімімен тұтқындалып, 1938 жылы маусымның 23-і күні атылады. 1957 жылы ақталған. Бұл туралы арнайы тапсырыспен жазылған «Жетіқарақшы жұлдыз сөнбейді» атты киносценарий де бар.

* * *

Тұрар Рысқұлов Моңғолияда басы бүтін тоғыз ай тұрыпты. Келген уақы­ты 1924 жылғы мамырдың соңы һәм мау­сымның басы, 1925 жылы шілдеде қызметінен ресми босап, Матвей Амгаев деген ұлты бурят Коминтерннің тағы бір өкіліне ресми жұмысын өткергенге дейін аса қарқынмен еңбек етті.

Осы аралықта конституция жобасын жасап, оны 1925 жылы наурыз айында өтуге межеленген МХП ОК-нің пленумына талқылауға жолдап, 1925 жылы мамырдың 15-күні Мемлекеттік ІІ пленумында Халықтық үкіметтік ме­рекені шілденің 11-і күні жасауға ше­шім қабылдауы да Коминтерннің қатаң нұсқауына қатысты іс-шара болса керек. Сондай-ақ 1925 жылы қыркүйектің 15-і күні шақырылған МХП-ның ІV съезіне ұсынылған жалпы 6 бөлім 50-баптан тұратын конституция жобасы Коминтерн өкілі Тұрар Рысқұлов және кеңесшісі П.В.Всесвятскийдің көмегімен әзір болған. Осы құжаттың бірінші бабында: «Күллі Моңғол елін бұдан кейін «Жалпы Берекешіл Толық Құқылы Халық Республикасы» (Republic) деп атаумен қатар, Мемлекеттің ең жоғарғы құқығын жалпы бұқара егелеу, елдің қандай бір ісін Мемлекеттік Ұлы хурал, сонымен бірге заң бойынша сайланған Үкімет орны шешеді» делінген.

Сөйтіп, жаңа конституция арқылы монархиялық билік жойы­лып, республика тәуелсіз мемлекет, өкімет би­лі­гі Ұлы хуралда, аралық уақытында Мем­лекеттік Кіші хурал басқармасы мен Үкіметте сақталады деп атап көрсетіп, жер оның қойнауындағы байлық халық­тың меншігі, қасынан жаңа құрылған Үкіметтің қасында экономикалық Кеңес құру, елдің бұрынғы астанасы Да Күренің атын «Ұланбатыр» деп өзгерту жөнінде көптеген маңызды бап енгізілді.

Тұрар Рысқұлов МХРП ОК-нің 1925 жылғы наурыз пленумын өзі басқарады. Осы жиында Моңғол халық партиясы­ның (МХП) атын өзгертіп оны «Моңғол халық революциялық партиясы» (МХРП) деп атауды ұсынады. Жаңа негізгі заң күшіне енетін өліара тұста жас кадрларды шетелде даярлаудың ең бастапқы алғы шарттарын да осы Рысқұлов жасады. Оның дәлелі – партия мектебіне оқытушылыққа шақырылған Моңғолия үшін тұңғыш марксизм ілімінің кеңестік дәріскері Коняевті келтіруді өтініп, Ко­минтерн басшысы Ф.Ф.Петровқа жол­даған хаты (1925. 25 наурыз. №176). Сонымен қатар «Армияны тұтастай буряттардан жасақтаймыз» деген сыңаржақ науқаншыл әрекеттерге қарсы шығып, бұл пікірге Моңғолиядағы кеңесші офицер Дмитрий Косичті көндіріп, барын­ша әділдік жағында тұрған да Тұрар Рысқұлов. Тағы бір жолы жасампаз ісі әйелдерді оқытуды жолға қойды. Қоғамдағы кей­бір зәру мәселелердің шешімін табу мақ­са­тында жаңадан Кәсіподақ ұйымының тағанын қалады.

* * *

Т.Рысқұлов авторлығымен жасалған конституцияның 1924 жылы 11-айдың 8-24-і аралығында қабыл­дану рәсіміне қатысты. Бұл тарихи оқиғаға моңғолиялық қазақ князі Дәлел­хан Сүкірбайұлы, белгілі қоғам қай­раткері Дәуітбай Тауданбекұлы да қаты­сып құттықтауын айтқанын ғалым Мініс Әбілтайұлы жоққа шығармай­ды. (Әбілтайұлы М. «Тұрар Рысқұлов Моң­ғолияда» Алматы, 1994, 45-б.)

Рысқұлов нұсқасы бойынша жасалған Моңғолия конституциясының ең керемет қағидаттарының бірі – тұңғыш парламент Моңғолдың Кіші хуралы мәртебесінің белгіленуі еді. Парламент шақырылма­ған кезде оның міндетін «МКҚ басқарма­ла­ры» деген ұйым атқаруы шарт деген Тұрардың ұсынысы жеке бап болып енді.

Республика жариялануына сай МХР астанасының аты Ұланбатыр-Улаан­баатар болып өзгертілуі жөнінде де тарихи сараптар жетерлік. Бұл туралы тарихшы Зардыхан Қинаятұлы да нақты бағалайды (Қинаятұлы З. «Жылаған жылдар шежіресі». Алматы: Мерей шағын семьялық кәсіпорны. 1995. – 97-98 б.).

Тұрар Рысқұлов – Моңғолия­ның тұң­ғыш конституцияның авторы, әуел­гі парламенттік жүйенің негізін қалау­шылардың бірі, жаңа астананың атауын мөрлеген тұлға. Бұл туралы тарихшы Зардыхан Қинаятұлының: «...Моңғол елі қазақ деген халықты конституция қабылданғаннан кейін таныды, қазаққа деген саясатының жөн-жосығы осыдан кейін қалыптаса бастады...» деуінде де бір ақиқат жатыр (Қинаятұлы З: «Жылаған жылдар шежіресі». Алматы: Мерей, 1995. – 97-99 б.). Өкініштісі, бүгінде Моңғолияда Тұрар Рысқұловтың тарихи есімі еш жерде аталмайды, аталса да көбінесе қарсы ниеттегі екіұштылау дүбәра жазбалар ұшырасады.

Моңғол үкіметі Қытаймен келіссөз, мәміле жүргізер тұста Тұрар Рысқұлов Коминтерн өкілі емес, «Қазақ­бай» деген бүркеме атпен өкілдер құра­мына еніп, тұңғыш рет моңғол-қытай дипломатиялық қарым-қатынасына үлесін қосты деген де дерек кездеседі. Қытайға баратын ресми өкілдер құрамына енген «Қазақбайға» 1925 жылы наурыздың 24-і күні берілген куәлікке МХП ОК-нің бастығы Цэрэн-Очирын Дамбадорж және Ганжуурын Гэлэгсэнгэ екеуі қол қойған («Тұрар Рысқұловтың Моңғолиядағы іс қызметіне қатысты құжаттар», ҰБ, 2006, – 68-69 б.).

Моңғолия атынан 1925 жылы 3-айдың 23-і күні Қытайға межеленген сапарға: Сыртқы істер министрі А.Амар, Ішкі істер министрі Ц.Наваанцэрэн (Рысқұловтың ұсынысы бойынша енгізілген), МХРП ОПК-нің хатшысы Г.Гэлэгсэнгэ бірге барған. Бұл шешім – КСРО Сыртқы істер министрі Г.В.Чичериннің араласуы­мен жолға қойылса керек. Тұрардың бұл са­пар­дағы құпия есімі – «Қазақбай», аудармашысы Шүрийн Тэвэгт (1869-1948) – есімді қазақша және ұйғырша білетін ұлты ұранқай адам.

Қазақбай-Рысқұлов Қытай еліндегі КСРО елшісі Лев Қараханмен Бейжіңде кездескен (МХРП Орталық мұрағатта, 4-қор, 1-іс, 363-с.б. 55-т.) Ол 1924 жылы 23 қазанда Бейжіңде төңкеріс жа­сап үлгерген қытай генералы Фэн Юй Сен­мен кездесуді ұйымдастырады. Бұл туралы жазылған деректер жетерлік.

* * *

Тұрар Рысқұловтың Мәскеуге қайтуы да біршама оқиғаның куәсі ретінде та­рихта қалды. Ринчиномен екеуара араз­дықтың салдарынан қос тұлға да кері қай­­туға душар болса керек. Бұл туралы 1925 жылы мамырдың 15-і күні өткен МХП ОК басқарма мүшелері­нің оты­ры­сында жарияланады. Сол кез­дегі құжат­­тарда «Рысқұловтың мінез-құл­қын­дағы шәлкестік және өз дегенінен қайт­пай, іс әрекет жүргізетіндігі» тілге тиек етілді. Алайда даңқты қайраткердің 9 ай мер­зімінде атқарған игілікті ісі та­рихқа өшпестей таңбаланды.

 

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ,

тарих ғылымдарының кандидаты