03 Маусым, 2014

Жақсылар мен жайсаңдар жарасымы

680 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ташкент шаһары сонау 20-30-жылдары қазақ зиялылары мен мемлекет қайраткерлері білім терген, тәлім алған, ұлт мүддесі үшін ұйыса жұмыс істеген қаласы ғой. Ұлт зиялылары Орталық Азия университетінде (САГУ) дәріс беріп, қызмет атқарғанын бүгінгі жастардың бірі білсе, бірі білмейді. Ташкент Қазақ педагогикалық институтының іргесін қалап, алғашқы ректорлары болған да қазақтың белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері Темірбек Жүргенов (1926) пен Смағұл Сәдуақасов (1928) секілді алып тұлғалар екенін енді білім жүрміз. Бұл қала – әйгілі Мұхтар Әуезов, ақиық ақын Сәкен Сей­фул­лин, Мағжан Жұма­баев­тың табаны тиген, сағы­ныш­тың сазды жыршысы, «Бір тойын» атап өте алмай кеткен ақын Төлеген Айбергенов дәріс тыңдап, әдебиет үйірмесінде алғашқы қарлығаш жырларын оқыған шаһар... Көне Ташкенттің шығыстық бай әде­­­би мұраларының уызына жарыған, қазақ әдебиетіне де қатысты жәдігерлерге бай «Науайы» кітапханасынан талай қазақ ба­ласының қатарында біз де шама-шар­қы­­­мызша сусындап қатарға қосылып едік. Ұстаздар туралы айтқанда, Таш­кент шаһарындағы мұғалімдер дайындайтын ордада әр жылдары дәріс оқыған Мақаш Бекбергенов, Ниетолла Базарбаев, Тұрап Ай­даров, Әділ Құдайбергенов, Сей­дуалы Тілеуқұлов, Қыдырәлі Сат­таров, Қалдыбек Сейданов, Мейір­бек Оразов, Құрбанбек Қосанбаев секілді мұғалімдер еріксіз есіңе оралады. Солардың ішінде Ниетолла Базарбаев – Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогика институтында ұзақ жыл ұстаздық еткен, көп жылдар аталған факуль­теттің деканы болған филология ғылымдарының кандидаты, өзбек жеріндегі білім ордасында қазақ тілі мен әдебиетінің кафед­расын ашып, өмірінің соңына дейін (1980) меңгеруші қызметін атқарған тағылымды ұстаз болатын. Ол кісінің тұла бойы зиялылық пен қарапайымдылыққа, ғажап мейірімділік пен пайымды пара­сатқа толы еді. Сабағында сабырлы қалпынан бір танбай, өз пәнінен тыс қазақ тілі мен тарихы­ның өткені мен келешегіне қатысты ойларын ортаға салып, студенттердің де пікірлерімен санасып отыратын.­ «Көргенді кісі көргенін айтар, көргенсіз кісі бергенін айтар» дегендей, әсіресе, қазақ зиялылары мен мем­­­­лекет қайраткерлерінің ізі қалған, шы­ғар­маларын жазып, ұлттық мүдде жөніндегі алғашқы мақалаларын жария­ла­ған кезеңдерді нәшіне келтіре әңгі­­мелегенде, құлақтың құрышын қанды­ратын. Аракідік болса да Ташкент қаласына арнайы ат басын бұратын көрнекті жазушы, қара сөздің хас шебері, ұлылық символындай болған Мұхтар Әуезовті соғыс жылдары, одан кейінгі 50-жылдары күтіп алып, кездесулер ұйымдастырып, үйінде қонақ еткені, Алматыға шығарып салғаны туралы айтқанда, аңыз тыңдағандай аузымыз ашылып отыратын. «Абай жолының» жазылу тарихы мен жарыққа шығу қарсаңындағы тағдыр-талайы мен жолында кездескен кедергілер жөнінде Мұхаңның өз аузынан естіген әңгімелерін баяндағанда, таңданбаған студент қалмайтын. Ұлы шығарманың да жолы ауыр болғанын ол кезде кім бағамдаған. Сол өткен ғасырдың ­50-жылдары шыққан «Ақын аға» кітабындағы ұлы Мұхаңның қолтаңбасын ағаға сыйлаған кітабынан көріп, қолға ұстағанбыз. 1960 жылы қазақтың біртуар ұлы, даңқты әскербасы Бауыр­жан Мо­мыш­ұлымен инс­титут түлектерін кездестіруді ұйым­дас­тырып, басы-қасында жүрген де Ниетолла ағай екен. Баукеңнің жа­у­ын­герлік атағы мен даңқы бүкіл Кеңес Одағынан асып, оның соғыс тактикасы мен әдіс, айла-тәсілі жер жаһанға тарап жатқан кез. Дидарласуда өзбек ағайындар Баукеңнің басына ала тақиясын кигізіп, үстіне ұлттық шапанын жауып, лайықты құрмет көрсетеді. Іс-шараның өтілу барысына риза болған Баукең Орталық Азия респуб­ликаларынан барған сар­баздардың жүрек жұтқан ер­ліктері жөнінде айта келіп, оның ішінде қазақ солдаттарының майдандағы қайтпас қайсарлығы, отаншылдық рухты жоғалтпаған батылдығы мен адамгершілік қа­сиеттері туралы тебірене әңгі­мелеп: «Көк сүңгілі, бөрілі байрақ­ты, Ер Түріктің ұрпақтары! Сендер нашар оқып, теріс тәрбиемен қазақтың атына кір келтірмеулерің керек! – деп сөзін аяқтағанда зал дүркірей қол соғып, ұлттық батырымызға орындарынан тұрып қошемет көрсетті», – деп еске алатын Ниетолла ағай. Ниетолла ағай киелі Түркістан топы­рағынан болғанмен, білім қуып Ташкент педучилищесін (1934), Ташкент пединститутын (1942), сол оқу орнының аспирантурасын (1948) тәмамдайды да, өзі білім алған ордада ұстаздық қызметін жалғастырады. Бала тәрбиелеудегі барлық саналы ғұмыры Ташкент педагогикалық институтымен тікелей байланысты болса да, ғылым мен өнердің ордасы – Алма­ты­­­­мен де үнемі тығыз қарым-қатынас жасап тұрған. Өзге елде жүрген бауырларын ұлт ұлыларымен дидарластыруға, жастар­дың білімді болуына, тілін ұмытпай, жаңғыртып жүруге өлшеусіз үлес қосқан ұстаз туралы ой-байламдарымды ортаға салдым. Мақалаға арқау болған 1944 және 1960 жылғы суреттер Ниетолла ағаның Астанада тұратын Сәуле деген қызының жеке архивінен алынғанын еске сала кетсем деймін Архив1

Суретте солдан оңға қарай отырғандар: Ниетолла Базар­ба­ев, Мұхтар Әуезов Таш­кент­те­гі педагогикалық институттың мұ­ғалімдері арасында (1944 жыл).

Архив2

Бауыржан Момышұлы, Н. Базарбаев. 

Ұрғали РАХАЕВ, Қазақстанның білім беру ісінің үздігі. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Жігірген ауылы.