Қоғам • 30 Қараша, 2022

Еріктінің еңбегі ерен

365 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел жастары қазақтың қанында бар кісіліктің көрінісін Екібастұзда көрсетті. Қақаған аяздың қыспағында қалған жұртшылыққа еріктілер көмекке келіп, жалғыз басты қариялар мен көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемдесті. Күні-түні көшеде жанталасып құбыр жамап жүрген жұмыскерлерге ыстық тамақ пен шай апарып, олардың тоңып қалмауын қадағалады.

Еріктінің еңбегі ерен

Amanat партиясы «Жастар Рухы» жас­тар қанатының Павлодар мен Астана қалаларындағы бөлімшелерінен жалпы саны 100-ден астам белсенді жексенбіден бері Екібастұзға ағыла бастады. Олар жылусыз пәтерлерде тоңып отырған жұртты жылы сөздерімен демеп, гуманитарлық көмекпен ілесіп жеткен жылытқыштарды, жылы көрпелерді таратты.

Павлодар қалалық мәслихатының депутаты, өңірдегі «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Санира Жүсіпова облыс орталығынан 50 ерікті келгенін жеткізді.

– Міне, бүгін – үшінші күн, еріктілер күні-түні талмай көмек көрсетіп жатыр. Көмек көрсету штабының жұмысын үйлестіріп, келіп түскен өтініштер бойынша тұрғындарға жәрдем жасап жатқан жайымыз бар. Жылусыз отырған көппәтерлі және жер үйлерді аралап, жалғыз басты қарт адамдарды, мүгедектерді, көпбалалы отбасыларды есепке алдық. Олардың қажеттілігі үшін 1 мыңға жуық электр жылытқыш апарып бердік. Бұған қоса термостар, жылы көрпелер жеткіздік. Бұл құралдарды біздің партиямыздың өңірдегі филиалдарының мүшелері өз қаражаттарына сатып алды. Үйінде тамақ істеуге мүмкіндігі жоқ жалғыз бас­ты жандарға ыстық тамақты тұрақты жеткізіп тұрмыз. Шаһардағы әлеуметтік қызметкерлермен тізе қосып, қай үйлерде ыстық су немесе электр жарығы жоқ екенін анықтап, тиісті мекемелерге хабарлап отырамыз. Қаладағы халықты тезірек қолайлы өмірге оралту үшін апат салдарымен тәулік бойы жанталасып жатқан жөндеу бригадаларының жұмыскерлерін де назарымыздан тыс қалдырмадық. Оларға мезгіл сайын ыстық тамақ пен шай тасып жатырмыз. Көпшілік біздің еңбегімізді бағалап, алғыс айтқанын көргенде өз ісімізге деген ынтамыз артады. Үлкен әжелер бізді көрсе, «айналайын» деп алғыс айтады. Бұл біздің еріктілердің дұрыс бағытта жұмыс істеп жатқанын көрсетсе керек. Қалада тех­но­гендік сипаттағы төтенше жағдай ре­жімі толық алынып тасталмайын­ша біз Екібастұзды тастап кетпейміз! – дейді Санира Жүсіпова.

Мұқтаж жандардың тілегін орындап жүргендердің арасында Кәмила Байрамова да бар. Ол кезінде Әулиекөл, Мақтаарал аудандары мен Арыс қа­ла­сында зардап шеккендерге көмек көр­сет­кен еріктілердің тәжірибесі мол екенін айтты. Мұндай қиын сәтте жұ­ды­рық­тай жұмылу әрбір азаматтың қасиетті борышы болуға тиіс деп санайды. Ал тағы бір белсенді Арсланбек Мағзұм тұрғындар суық пәтерлерінде қамалып отыра бермей, көмек сұрағаны дұрыс деп есептейді. Еріктілер штабына келіп түскен өтініштер барлығына бөлініп, волонтерлер жылы киімдерді, ауыз су және алғашқы қажеттіліктегі өзге де тауарларды мекенжайларға жедел жеткізуге тырысуда.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы