Қоғам • 30 Қараша, 2022

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

619 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде қазаққа жаһандану жат емес. Алайда жаһандану әлем алдында жұтылып кету деген сөз емес. Қазақстанда 19 млн халық бар болса, соның 12 млн-ы – қазақ ұлты. Тіпті 19 млн халқы бар әлемде қаншама қала бар!

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Статистикаға сүйенер болсақ, жер бетінде 15 млн қазақ бар екен. Қазақты саны жөнінен он орайтын қаншама ұлтта мемлекет, Отан жоқ. Ендігі мәселе – ата-бабамыз қар жас­танып, мұз төсеніп жү­ріп қал­дыр­ған асыл мұрасы – ұлан-ға­йыр же­рі­міз­дің иесі келер ұрпақ­тың ұлттық тазалығы.

Ешкімге құпия емес, үш жүз жыл патшалық Ресейге бодан болдық, жетпіс үш жыл кеңестік дәуірде империялық үстемдік құрған орыс ұлтының темір құрсауынан әлі де шыға алмай келеміз. Әйел теңдігін желеу етіп, қазақ қызын малға саттық, әйелді төмен етек деп сендірдік, солай оқыдық, солай оқыттық. Бірақ расында солай ма еді?! Қай ұлтта «Анаңды жаяу арқалап Меккеге үш рет апар­саң да перзенттік парызыңды өтей алмайсың» деген ұлы ұғым бар?! Анаға, қызға деген құрметтің ұлылығы да осында болса керек.

Жер-Ананы сақтап қалу тек білек­тің күшіне байланысты емес екенін қазір барша жұрт біледі. Жерді сақтап қалу – ұлтты сақтап қалу, ұлтты сақтап қалу – жеріңді сақтап қалу деген сөз. Ендеше, ат төбеліндей қазағымызды қайтіп сақтаймыз? Біздер – аға буын өкілдері кешегі келмеске кеткен кер дәуірде байтақ Отанымыздың тірегі де, болашағы да барлық ұлт­тың теңдігі, тұтастығымыздың тірегі аға ұлт – орыс ұлты деп келдік. Ин­тернационалист болдық. Интер­на­цио­нализмді солай ұғындық. Алайда интернационалист болу, бір ұлтты бір ұлттың жұтып жіберуі емес қой?! Дей тұрғанмен, бүгінде Ресейдегі саха, хакас, тыва, қалмақ секілді аз ұлттар жойылудың аз-ақ алдында тұрғаны еш құпия емес. Түр-түсі азиялық, ата тегі орыстанған, ұлттың басты белгісі – ана тілін бұл ұлттардың 10-15 па­йы­­зы ғана біледі.

Ал қыз бен тіл – егіз ұғым, тіліңді айтып, анаңды айтпау – ұлтыңды айтпау деген сөз. Мені мазалайтын мәселенің мәнісі осында – қазақ қыздарының басқалардың етегінен ұстап кетуінде жатыр. Өйткені қазір өзге ұлтқа тұрмысқа шығу «тренд» болған. Ең өкініштісі, бұл «үрдісті» теледидар арқылы да барынша жарнамалап жүрміз. «Еуразия» арнасындағы «Көреміз», НТК-дағы «Бір болайық», «Қосылайық» деп кете беретін бағдарламаларда қазақ қыздары өздеріне тең іздейді. Өткенде бір бағдарламада қырғыз жігіті келіп: «Әлемдегі ең сұлу да, ақылды қыз қырғыздың қызы. Ренжіме, сен менің талғамымдағы қыз емессің» деп миллиондаған халықтың алдында қазақтың қызын қор етіп кетті. Жайшылықта «ауыздыға сөз, аяқ­ты­ға жол бермейтін» сұлуымыз екі көріп ғашық болып қалған қыр­ғыз жігітінің артынан көз жасын көл қылып қала берді. Сонда бұл қызға «сен қазақ қызысың, асыл ұлтсың, алтын құр­сақ­сың, ұлттың сақтаушысысың» деп тәрбие берген ата-ананың болмағаны ма?! Әлде өзі болған қыз төркінін танымайдының кері ме?!

Кешегі жаугершілік заманда да қазақ қызын жатқа бермеген. Ал бүгінде қара нәсілді мен қытайға, орыс пен корейге, араб пен неміске тұрмысқа шығып, махаббат деген ұлы сезімді желеу еткендер көбейді. Сонда бұл сезім Отанға, ұлтқа деген махаббаттан да мықты, одан да биік болғаны ма? Ат төбеліндей аз қазақтың қызы кім көрінгеннің етегінен ұстай берсе, ұстата берсек ұлтты қалай сақтаймыз? Бізде ұлт­ты сақт­ауды мақсат тұтқан мем­ле­­кет­тік идео­логия бар ма, бар болса оның жемісі қандай?

Бүгінгі қыз – ертеңгі келін. Ертеңгі келін – ұрпағыңның анасы. Ал ұрпағыңның анасы – ұлтыңның анасы. Сондықтан қазақ қызы тек сенің балаң емес, қазағымның баласы, демек ұлтымның айнасы. Ендеше, ұлты­мыз­дың айнасы кірлемесін десек, қызымызды кім көрінгеннің ете­гі­нен ұстата бермейік, ағайын!

 

Жәнібек ҒАПБАСҰЛЫ,

Арқалық қаласы ардагерлер ұйымының төрағасы