– Қарағанды облысының тарихында біздің спортшыларымыздың алтын медальді көптеп жеңіп алғаны бірінші рет. Иә, жарысқа дайындық күшті болды. Балалардың жеңіске деген құлшынысы зор еді. Әлемнің барлық елінен балуандар қатысып, 11 кілемнің үстінде өткен жекпе-жекте ең кішкентай спортшыларымыз да кем дегенде 2-3 жекпе-жекке шықты, – дейді Қарағанды облысы джиу-джитсу федерациясының президенті Аян Шермағамбетов.
Халықаралық додада бабы мен бағын сынаған спортшы 5 жаста екен. Бестегі спортшы – Николай Шкуропат күміс иеленіп келіпті. Оның әпкесі Варвара алтын, ағасы Иоанн мен әпкесі Матрона күміс медаль алған. Балалардың әкелері Вячаслав Шкуропат күміс жүлдегер атанды.
– Отбасымызбен джиу-джитсуға барамыз. Бұл – қызықты және жарақат алу қаупі аз спорт. Анамыз джиу-джитсудан Азия чемпионы, – дейді Варвара. Сонымен қатар аймақта бразилиялық джиу-джитсудан алғашқы қара белбеу иегерлері де анықталды.
Әлем чемпионатынан соң профессор Виктор Мораес қарағандылық спортшылар мен жаттықтырушылар Марат Құтжанов пен Олжас Нұртақановты аттестаттаудан өткізіп, қара белбеу табыс етіпті.
– Бразилиялық профессор Виктор Мораеспен үш ай жаттығу өткізді. Олжас екеуміздің нәтижелерімізді бағалай отырып, қара белбеу табыс етті. Енді қара белбеу маған оқушыларды сертификаттауға мүмкіндік береді. Бұрын мамандарды шақыртатынбыз, – дейді Mario Bros клубының негізін қалаушы Марат Құтжанов.
Деректерге сүйенсек, соңғы екі жылда Қарағанды облысында джиу-джитсу бойынша 11 секция ашылған. Бұл секцияларда мыңнан астам адам бар.
– Спортшылардың дамуы үшін көптеген жарыс өткізіледі. Желтоқсан айына бірнеше байқау жоспарланған. Мысалы, 10-11 желтоқсанда ересек спортшылар Қазақстан чемпионаты мен Қазақстан кубогіне, келесі жылға іріктеуге қатысады. Балалар 1-2 желтоқсанда Алматыда өтіп жатқан турнирге қатысса, ал 3-4 желтоқсанда Астанаға турнирге барады. 2023 жылдың қаңтар айының соңында Қарағандыда жыл сайынғы Karaganda BJJ Open турнирі ұйымдастырылады, – деді Аян Шермағамбетов.
Қарағанды облысы