Кеше түске қарай жалпы саны 90 тұрғын үйде жылу жоқтығы белгілі болды. Бұл долбар ғана. Нақты тоңып отырған баспаналар саны одан да көп, дейді халық. Себебі ішкі құбыр жүйесі мен кәріз құбырлары қатып жатқан үйлердің есебін жүргізген ешкім жоқ. Әлеуметтік желіде қысымға шыдамай жарылып жатқан жылу батареялары мен мұз болып қалған кәріз жүйесінің жағдайлары түсірілген бейнежазбалар қаптап кетті. Халық кейбір жерлерде тегін таратылып жатқан жылытқыштар үшін кезекке тұрып, бірін-бірі таптап кетуге бар. Мұның барлығы жергілікті әкім-қаралардың екібастұздықтарды жылыту құралдарымен жеткілікті қамти алмай отырғанын көрсетеді.
Қырсық шалғанда, сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні жылытқыштардың электр желісіне көп қосылуынан Шешембеков пен Торайғыров көшелерінің бойында көпқабатты 8 үй жарықсыз қалды. Мұндағы пәтерлердің тұрғындары түнде уақытша өзге жерлерге көшіріліп, көп ұзамай қуат берілді. Әйтсе де, жалпы қала бойынша қазіргі уақытта электр қуатының жетімсіздігі, трансформаторлар мен подстансаларға түсетін жүктеменің тым көбейіп кеткені байқалады.
1 желтоқсан, таңертеңгі уақытта Екібастұз жылу-энерго орталығында алты қазандық агрегаты үзіліссіз жұмыс істеп тұрғаны, тағы төртеуі резервте екендігі хабарланды. Бір қызығы, Мәшһүр Жүсіп көшесі бойындағы ең соңғы ақау қалпына келтіріліп, орталық магистральдағы ОЖП-52 нысанына екі бірдей ысырма жаңадан орнатылғанына қарамастан, жылу орталығынан келетін судың ысырап мөлшері бір түнде 3-4 есеге өсіп кеткен. Ысырап болып жатқан су 1 200 тоннаны құрады. Бұл – апат орын алған түні жоғалған судың көлемімен бірдей.
– Орталық магистральдағы ең соңғы жыртықты жамап, жылуды жібере бастағанымыз сол еді, күтпеген жерден қиындыққа ұшырадық. Жылу орталығы судың тым көп шығын болып жатқанын байқады. 1 желтоқсан күні кәсіпорын түнгі уақытта амалсыздан тұтынушылардың кейбірін мәжбүрлі түрде шектеп, ысырап болған су көлемін 950 тоннаға түсіре алды. Алайда ол да көп. Бұған дейінгі 17 үй соның салдарынан жылуға қосыла алмады. Оның үстіне тағы да қосымша тұрғын үйлер жылудан ажырағаны туралы ақпараттар түсуде. Шамамен жалпы саны 90-дай тұрғын үйде қазір жылу жоқ. Бұл болжамды сан. Бүгін таңертеңнен бастап бригадалар үйлерді аралауға шықты. Байқағанымыз судың көп мөлшерде ысырап болуына пәтер иелері кооперативтерінің бей-берекет әрекеті себеп болған сынды. Олар жылу құбырларындағы суға шлангы жалғап, кәріз жүйесіне толассыз ағызуда. Осының салдарынан стансада су жетіспеушілігі орын алса, ал үйлердің кәріздері суға толды. Артынша кәріз жүйелері аяз салдарынан мұзға айналып, жағдайды ушықтыра түсуде. Сондықтан әлі де болсын пәтер иелері кооперативтері мен тұрғын үй иелерінен өз беттерімен жүйедегі суды ағызбауын сұраймыз. Біздің бригадаларымыз әр тұрғын үй бойынша мәселені шешуге тырысуда, – деді облыс әкімінің міндетін атқарушы Олег Крук.
Олег Павлович бұған қоса жылу құбыры қатып қалған үйлер шұғыл желілерге хабарласып, бригадаларды шақыруы керек екенін еске салды. Келіспей жасалған әрекеттердің салдарынан жылу жүйесін ретке келтіру аса қиынға соғып тұр. Жекелеген азаматтар құбырларды өздері қыздырып, жарып алуы мүмкін. Пәтерлерде немесе жертөлелерде жылу құбырларының жарылуы осындай жүйесіздік салдарынан болған.
Апатты жоюға әрекеттеніп жатқан бригадалардың қазір мынадай алгоритммен жұмыс істеп жатқанын байқауға болады: Әуелі энергия көзі – жылу-энерго орталығының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету керек. Одан соң қалаға жылу тарататын магистралдардағы ақауларды тауып, қалпына келтіру қажет. Бұл екі жүйе әбден дұрысталған соң ғана тұрғын үйлердегі жағдайды ретке келтіруге барлық күш жұмылдырылады.
Тұрғындардың көбі көмек бригадаларын көре алмай алмай зар. Пәтер иелері кооперативтері немқұрайлылық танытып, кейбір үйлердегі құбырлардың суын ағызбай кеткен. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі бірнеше үй соның зардабын тартып отыр. Адамдар өз күштерімен пәтераралық құбырларды кесіп, қайтадан орнатуға талпынуда. Қалада жөндеу жүргізетін жұмысшы күшінің жетіспей тұрғандығы байқалады. Сантехника, дәнекерлеуші және электриктерді емге іздесең де таппайсың дейді қиналған көпшілік.
Көптеген азаматтар суық пәтерлерін тастап, туған-туыстары мен таныстарының үйін жағалап кеткен. Өзге қалаларға барып паналағандар да аз емес. Кеше көмірлі шаһарда пәтер ұрлығы орын алды деген ақпаратты құлағымыз шалған соң Екібастұз қалалық полиция басқармасының бастығы Қайыржан Шақарғалиевтан анық-қанығын сұрадық. Ол ұрлық фактілерін растамады.
– Соңғы бес күнде пәтер тонауға қатысты ешбір оқиға тіркелген жоқ. Бұл тұрғындардың алаңдаушылығынан туған жай әңгіме болуы мүмкін. Полицияның жеке құрамы күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде. Кеше облыстың полиция департаментінен 30 тәртіп сақшысы бізге келіп қосылды. Олар қоғамдық тәртіпті бақылауға және иесіз үйлерді бақылап отыруға көмектеседі, – деді ол.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы