Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Теңге-доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 5,7%-ға төмендеген (жылдық мәнде 13,2%-ға). Оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі айлық динамикада 20,6%-ға өсіп, жылдық көрсеткіште 10,3%-ға төмендепті. Халық тарапынан шетел валютасына сұраныс артқан. Қазанда шетел валютасын нетто-сатып алу 29,8%-ға өсті. Бұл ретте жылдық мәндегі нетто-сатып алудың жалпы көлемі айтарлықтай дәрежеде рубль мен еуроны нетто-сатып алудың төмендеуі есебінен 36,9%-ға төмендеген.
Қазан айында Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері 1,0%-ға ұлғайып, 33,0 млрд доллар болды. Қазанның соңында Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (52,4 млрд доллар) қоса алғанда, елдің жалпы халықаралық резервтері 85,4 млрд долларға жетті. Өткен айда банктегі депозит көлемінің өсуіне байланысты ақша базасы 12 374,4 млрд теңге, 4,2 пайызға дейін ауқымды бола түсті. Ақша массасы 33 311,6 млрд теңге болыпты. Ақша массасының өсіміне себеп – жеке тұлғалар несиесі мен ипотека көлемінің артуы.
Күздің екінші айында заңды тұлға депозиттері 4,1 пайызға, жеке тұлға салымдары 1,5 пайызға ұлғайған. Салымдарда теңгенің үлесі басым, тиісінше оның көп бөлігін заңды тұлғалар қойған. Көлемі – 19,4 трлн теңге. Базалық мөлшерлеме бойынша қабылданған шешімдер (16 пайызға дейін жоғарылауы) жағдайында банктік емес заңды тұлғалардың теңгедегі мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2022 жылғы қазанда 13,6%-ға дейін (2021 жылғы қазанда – 7,5%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 12,6%-ға дейін (8,4%) көтерілді.
Қазанда екінші деңгейлі банктердің экономикаға берген несие көлемі 21 481,0 млрд теңгеге жетті. Бір ай ішінде жеке тұлғаларға қарыз беру 2,4 пайызға өсті. Соның ішінде тұтынушылық несие көлемі – 7 302,1 млрд теңге.
«Дегенмен халықтың жоғары инфляциялық күтулері тұтынушылық несие берудің айтарлықтай ұлғаю қарқынының сақталуына ықпал етеді. Қазанда тұрғын үйді жалдау ақысының айтарлықтай көтерілуі және «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде қаражаттың белсенді игерілуі аясында ипотекалық несиенің өсу қарқыны жоғары болды (жылдық мәнде – 47,1%, айлық мәнде – 3,9%, көлемі – 4 443,3 млрд теңге). Ұлттық валютадағы кредит көлемі 19 723,7 млрд теңгеге дейін, айлық мәнде 2,0%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер – 6 352,1 млрд теңгеге дейін, 1,1%-ға, жеке тұлғаларға берілген кредиттер – 13 371,6 млрд теңгеге дейін, 2,4%-ға өсті. Шетел валютасындағы кредиттердің көлемі 1 757,3 млрд теңгеге дейін, 0,7%-ға, оның ішінде валюталық қайта бағалау есебінен төмендеді», делінеді Ұлттық банк хабарламасында.
Ел аумағында 19 төлем жүйесі жұмыс істейді. Қазанда Ұлттық банк төлем жүйелері (банкаралық ақша аудару жүйесі және банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 66,3 трлн теңге сомасына 5,3 млн транзакция жүргізілген. Орташа алғанда бір күнде аталған төлем жүйелері арқылы 3,3 трлн теңге сомасына 265,4 мың транзакция жасалды. 1 қарашадағы жағдай бойынша 18 банк және «Қазпошта» АҚ төлем карточкаларын шығарды. Эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 63,6 млн бірлік болды. Оның ішінде 2022 жылғы қазанда төлем карточкаларының 50,7%-ы (32,2 млн төлем карточкасы) қолма-қол ақшасыз операцияларды және қолма-қол ақшаны алу операцияларын жүргізу үшін пайдаланылған.
«Салымшылардың зейнетақы жинақтары қазанда 41,7 млрд теңгеге немесе 0,3%-ға ұлғайып, 14 145,8 млрд теңге болған. Зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен таза кіріс 1 қарашада 7 557,6 млрд теңгеге дейін 70,8 млрд теңгеге азайды. Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны ескергенде) 2022 жылғы 1 қарашада 10,9 млн шот болды. Зейнетақы төлемдерінің сомасы 31,5 млрд теңгені құрады», деп ақпарат береді Ұлттық банк.
Макроэкономикалық шолу аясында кәсіпорындарға мониторинг жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша, нақты сектордағы экономикалық белсенділіктің өсу қарқынының баяулағаны байқалған. Дайын өнімге сұраныс артып, өндірістік қуат жүктемесінің және дайын өнім өндірісі көлемі аздап ұлғайған.
Қазақстан экономикасының жай-күйі кәсіпорындардың 35,6%-ы үшін бизнесті жүргізуге әлі де негізгі кедергі болып отыр. Ұлттық банк хабарлауынша, одан өзге кедергілер ретінде – нарықтық бәсекелестік (28,7%), салық ауыртпалығының деңгейі және сатып алушыларды іздеу (23,4%), білікті кадрлардың жетіспеушілігі (22,3%), дебиторлық берешекті қайтару күрделілігі (13,4%), қаржыландыруға қолжетімділік аталады.