Саясат • 02 Желтоқсан, 2022

Апат станса қызметкерлерінің кінәсінен болған

344 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше түстен кейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұзға келді. Техногендік апаттың салдарын жою бойынша облыстық штабтың жұмысын зерделеп, үйлері жылудан ажыраған тұрғындардың мәселелеріне құлақ түрді.

Апат станса қызметкерлерінің кінәсінен болған

Үкіметтің жұмыс тобы бұқаралық ақпарат өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізіп, апатты жою бойынша қолға алынған жұмыстар жайында баяндады.

– Екібастұз қаласы бо­йынша қазіргі сәтте жылусыз қалып отырған 58 көпқабатты үй бар. Бұған дейін № 5А шағын аудандағы жылу магистралында соңғы жөндеу жұмыстары аяқталды. Бүгінге дейін жүйедегі теңгерімсіздік салдарынан жылу-энерго орталығы осы аумақтағы үйлерге қосыла алмай келді. Қазір жағдай біртіндеп оңалып келеді, №5 Б және № 6 шағын аудандарындағы орталық жылу желілеріне жылу жіберіле бастады. Ертең №5 А ауданындағы бірнеше күн бойы жылусыз отырған 17 үйдегі пәтерлерді орталық желіге жалғау жоспарда тұр. Біз жергілікті қалақұраушы кәсіпорындармен сөйлестік, жылусыз тұрған 58 үйдің әрқайсысына қажетті мамандар бекітіледі. Жылуды, ауыз сумен қамтуды, кәріз жүйесін бақылап отырады, – деді Р.Скляр.

Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов бастаған мамандар жылу беру мекемесіндегі тергеу жұмыстарын аяқтап қалыпты. Тергеудің алдын ала қорытындыларына сүйенсек, апат станса қызметкерлерінің қате әрекеттерінен орын алған. Қызметкерлер жылу қысымын кенеттен бірден көтеріп, салдарынан онсыз да тозып тұрған жылу құбырлары бірінен соң бірі жарылған. Артынша судың ысырап деңгейі өсіп, орталықтағы қазандықтар тоқтаған. Апат орын алған 27 қараша күні шаһар бойынша – 43, ал келесі күні 30 ақау анықталған. Мұндай кешенді апат Екібастұзда алғаш рет кездесіп отыр.

«Бұл қорытындылар тексеру тобының алдын ала ұйғарымдары екенін айтқым келеді. Негізгі апаттың жылу тораптарында болғанына назар аудару керек. Қазандықтар автоматты түрде сөнген. Екібастұз жылу-энерго орталығының қазіргі жағдайы жаман емес. Мақсатымыз ертеңнен бастап барлық тұрғын үйді аман-есен жылуға қосып, үйлер ішінде шыққан ақауларды қалпына келтіру. Кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке шақыру, жазалау шараларымен құқық қорғау органдары айналысады. Біздің штабымыздың барлық әлеуеті қала тұрғындарының мәселесін шешуге жұмыл­дырылады. Бүгін бірнеше үйде болып, жұртшылықтың мәсе­лелерін тыңдадым. Үй ішіндегі температура небәрі 10 градус жылылықты көрсетіп тұр. Мұн­дай болмауы керек», деді Р.Скляр.

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетов тұр­ғындардың барлық шығынын «Орталық-Азия электр­энер­ге­тикалық корпорациясы» АҚ өтейтінін, қазіргі уақытта келіп түскен өтініштер бойынша шығын көлемі есептеліп жат­қанын еске салды. Ал Екібас­тұздағы ЖЭО-ға жақын арада техникалық аудит жүргізіліп, ұзақ мерзімді жаңарту бағдар­ламасы қабылданбақ.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы