Отырыс барысында үздіксіз жылу беруді қамтамасыз ету жөніндегі жедел және жүйелі шаралар қарастырылды.
Жиын қорытындысы бойынша бірнеше тапсырма берілді.
Атап айтқанда, үш күн ішінде барлық энергия нысаны кешенді, соның ішінде техникалық жағдайына қарай қауіптілік тұрғыдан топтарға бөлінуге тиіс. Неғұрлым осал жылу электр орталықтары мен жылу желілері бойынша меншік иелері, әкімдіктер мен министрліктер арасында бірінші кезекте атқарылатын іс-әрекет жоспары дайындалады. Өңірлерде жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ететін нысандардың іс жүзінде дайындығын тексеру үшін жедел топтар құрылуы қажет.
Сонымен қатар Қаржы министрлігі мен Қаржылық мониторинг агенттігіне әрбір заңды тұлғаның тарифтік сметасы мен инвестициялық бағдарламасына талдау жүргізіп, капиталды сыртқа шығару ықтималдығын тексеру тапсырылды. Бұған қоса уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын күшейтіп, жылумен және электрмен қамтамасыз ететін нысандардың меншік иелерінің жауапкершілігін арттыру үшін салалық заңдар мен заңға тәуелді актілерге енгізілетін өзгерістер әзірленуі керек.