Қоғам • 02 Желтоқсан, 2022

Министрлер балалар басылымына қолдау білдірді

314 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы баспасөзге жазылу науқанына орай Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ел астанасындағы «Қазпошта» бөлім­шесіне барып, бірқа­тар газет-журналға жазылды. Аталған ведомство басшылары Балалар жылының қарсаңында негізінен бала­ларға арналған басы­лымдарға басымдық бергендерін айтты.

Министрлер балалар басылымына қолдау білдірді

Атап айтсақ, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Astana aqshamy», «Вечерняя Астана», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Түркістан», «Ұлан», «Балдырған». «Дружные ребята» газет-журналдарына жазылды.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды Бала­лар жылы деп жария­ла­ғаны белгілі. Өскелең ұрпақтың бо­ла­шағына баса мән беру – мем­лекеттік идеологияның басым бағыт­тарының бірі. Осы ретте балаларға арналған басылымдарды қолдау негізді деп білеміз», деді Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ министр Мемлекет басшысы жаңа президенттік мерзім­дегі бірінші Жарлығын ауыл­дарды дамыту мәселесіне арна­ғанын, ауылдардың баспа­сөз­бен қамтылуы, оларға басы­лымдар­дың уақтылы жетуі аса маңызды екенін, осы бағыттағы бүгінгі жасалып жатқан нақты істер өз нәтижесін береді деп ойлайтынын атап өтті.

Айта кетейік, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Қазпошта» АҚ ақпарат саласын дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Оның аясында республикалық және өңірлік баспа басылымдарын уақтылы жеткізуді жүзеге асыру жөнінде келісім де бар. Сонымен бірге министр мерзімді басылымдарға онлайн жазылу үшін министрлік тарапынан қолдау жұмыстары жасалып жатқанын жеткізді.

Оқу-ағарту министрі Асхат Айма­ғам­бетов те алдағы жылға ба­лалар басылымдарына жазыл­ған. Ведомство басшысы мұғалі­м­дерге мәжбүрлі түрде газет-жур­налға жазылу жүргізілмейтінін айтты.

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы бері мұғалімдерді газетке жазылуға міндеттеп, мәжбүрлемейді. Қазір бұл үшін әкімшілік жауапкершілік бар. Біз мұндай фактілерді болдырмаймыз. Алайда мектептердің өздері бөлінген бюджет есебінен балалардың қызығушылықтарын ескере отырып, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханалары үшін балаларға арналған «Ақжелкен», «Дружные ребята», «National Geographic» т.б. газет-журналдарға жазыла алады», деді министр.

Іс-шара барысында «Қазпош­та» АҚ басқарма төр­­ағасы Әсел Жанасова баспасөз басылым­дары­на жазылу нау­қанына байланыс­ты жұмыс­тары­мен таныстыр­ды. Сон­дай-ақ ал­дағы уақытта post.kz қо­сымшасы арқылы кез кел­ген басылымға онлайн жазылуға мүм­кіндік болатынын айтты.

«Онлайн-жазылым – бұл оқыр­ман мен мерзімді басылым­дардың арасын жақындату мақ­сатында жасалып жатқан жоба. Әрі бүгінгідей жаңа технологияның заманында халықтың уақытын үнемдеу үшін, бір тетік арқылы кез келген газетке жазыла алуы үшін, оның ақысын оңай төлей алуы үшін керек. Бұдан бөлек республиканың түкпір-түкпіріндегі ауылдардағы оқырманға басылымын уақытында жеткізу жұмыстарын жетілдіруді де қарастырып жатырмыз. Мәселен, дәл осы газет-журнал таситын пошташылардың мәртебесін арттыру, жұмысқа ынталандыру мақсатында арнайы бонус берілетін бастаманы қолға алмақпыз», деді Әсел Жанасова.

Сондай-ақ ол 3 қарашада бас­тал­ған баспасөзге жазылу нау­қаны 25 желтоқсанға дейін жалға­сатынын, қазірдің өзінде 11 миллион жазылым бар екенін атап өтті.

«Жазылым науқаны белгілі бір уақытпен ғана шектелмеуі керек. Оқырман жыл бойы кез келген уақытта жазыла алатындай мүмкіндік жасалса деймін. Яғни газет-журналдарға жазылу керек екені халықтың жадында сақталуы үшін оны қолжетімді етуіміз қажет. Мәселен, kaspi.kz, post.kz қосымшаларында, kundelik.kz сынды оқушылардың кеңістігінде де көрсетіліп тұрса, уақыт өте келе санада жаттала бас­тайды. Нәтижесінде, қоғамда оқу мәдениеті қалыптасады. Халық күнделікті газет-журнал оқуға үйренеді», дейді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы.

Аталған «Қазпошта» меке­месінің кіреберісінде көпте­ген республикалық мерзімді басылым сатылатын арнайы бұрыш бар. Мұндағы сатушы Жұпар Қасенова халық негізінен «Egemen Qazaqstan», «Вечерняя Астана», «Айқын, «Ана тілі», «Түркістан», «DAT» газеттерін көп оқитынын айтады. Мәселен, күнде таңертең поштаның есігі ашылмастан келіп үлгеретін ««Egemen Qazaqstan» газеті 105 теңгеден сатылады. Сатушының айтуынша, басылым кейде түске дейін түгелдей сатылып кетеді.

Соңғы жаңалықтар