Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Яғни елдегі жылу-электр орталықтары мен стансаларына ортақ мәселені жедел шешу. Әйтпесе, әлегі бастан асқалы тұр. Алдымен аз-кем статистика. Елімізде 37 жылу-электр орталығы бар.
Оның 22-сі – жеке меншіктің қолында. 10-ы – мемлекеттің иелігінде, бесеуі квазимемлекеттік секторға берілген. Бәрі Кеңес одағынан мұра боп қалған. Өкінішке қарай6 Тәуелсіздік алған 30 жылда бірде-бір орталық салынған жоқ. Жылу-электр орталықтары мен стансаларындағы негізгі құрылғылар 66 пайызға тозып тұр. Демек, Екібастұздағыдай келеңсіз жағдай басқа қалада да қайталануы мүмкін.
Апаттың алдын алу үшін не істеу керек? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше күн бұрын тығырықтан шығар бір жол ұсынды. Ол – проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару. Себебі жеке меншікке өткен жылу-электр стансалары апатқа жиі ұшырайды. Тиісінше, олар тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр. Алайда мұндай қадамның екі жағы бар. Сондықтан жағдайды жіті зерделемей, шешім қабылдауға болмайды.
– Осы күнге дейін жылу-электр орталықтарын олигархиялық топтар сүлікше сорып, игілігін көріп келді. Ал мәселе туындаған кезде, тозып тұрған нысандарды мемлекетке ысыра салмақшы. Мәселен, Екібастұз қаласына барған сапарымда жергілікті жылу-электр орталығының қожайыны Александр Клебановпен бетпе-бет жүздестік. Көкейдегі сұрағымызды қойдық. Ол орталық меншігіне өткен 2007 жылдан бері бір тиын да пайда көрмегенін, керісінше шығын шегіп отырғанын айтты. Қажет болса нысанды мемлекетке тегін өткізе салуға дайын екенін де жеткізді. Жауапкершіліктен бұлай құтыла салуға болмайды. Толықтай техникалық аудит жүргізілуі керек, – дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.
Жекеменшіктегі жылу-электр орталықтары мемлекетке қайтарылды делік. Бұдан мәселенің түйіні тарқай ма? Сарапшылардың пікіріне зер салсақ, нысанның меншік иесі өзгергенімен, жүйелік проблемалар сол күйі қалады. Өйткені мәселенің түп тамыры тереңде жатыр.
– Нысанды мемлекет жақсы басқарады деген қағида жоқ. Бұл жердегі басты мәселе – тарифте. Біз ұзақ жылдар бойы тарифті қолдан төмендетіп келдік. Тиісінше, арзан жылу алдық. Бір жағынан бұл жақсы. Ал екінші жағынан зияны да бар. Тарифтің төмендігінен салаға инвестиция тарту мүмкін болмады. Энерготиімділікті арттыру үшін тиісті шаруалар тындырылмады, – дейді энергетика саласының сарапшысы Әсет Наурызбаев.
Бұл пікірді экономист Алмас Чукин де құптады. Оның айтуынша, егер тариф шығындарды өтеуге, күрделі жөндеу жүргізуге, жабдықтарды жаңалауға жетпесе, орталықтың меншік иесін өзгерткеннен ештеңе шықпайды. Десе де, жекеменшік компанияларға қарағанда, мемлекеттің қолы ұзын екенін де ескеру керек. Тиісінше, оның саладағы жинақталып қалған мәселелерді шеше алатын мүмкіндігі де жоғары.
– Жекеменшік компанияның қаражаты шектеулі. Сондықтан қалтасынан артық ақша шығара алмайды. Ал мемлекет мұны бюджетке енгізе алады. Бірақ қазынаға, яғни бұқара халыққа салмақ түсетінін ескеру керек. Өйткені бір емес, оннан аса шаһардың жылу-электр орталығы тозып тұр. Сондықтан меншік иесіне қатысты мәселемен бас қатырудың қажеті жоқ. Дұрысы – нақты міндеттер қою. Мәселен, газдандыру, жаңа жылумен жабдықтау тораптарын салу секілді жұмыстарды қолға алу маңызды, – дейді А.Чукин.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Мемлекет басшысы тариф мәселесін биылғы Жолдауда көтергені есімізде. Президент монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керектігін тапсырған еді. Бұл желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға төмендетуге жол ашады деген болжам бар. Сарапшылардың меңзеп отырғаны да дәл осы тариф саясаты. Энергетика министрі Болат Ақшолақов та Президенттің аталған бастамасынан үміт күтіп отыр. Алайда бағдарлама әлі дайын емес. Оны әзірлеудің өзі біршама уақытты талап етеді.
– «Тарифті инвестицияға айырбастау» әдісі – қазіргі шекті тариф саясатынан алшақтаудың жолы. Қазір бізде шекті тариф әдісі қолданылады. Яғни арнайы бекітілген шек бар. Содан аспау керек. Бірақ бұл әділетті өлшем емес. Өйткені оны есептеп жатқан ешкім жоқ. Ал «Тарифті инвестицияға айырбастау» әдісі жылу-электр орталықтарының жыртығын бүтіндеуге мүмкіндік береді. Осы күнге дейін қаржының аздығынан атқарылмай келген жұмыстарды атқаруға жол ашады. Бұл жерде басын ашып алатын бір мәселе бар. Егер жылу-электр орталығы жеке меншік компания болса, онда ол инвестор ретінде стансаның модернизациясына өз қалтасынан да қаржы шығаруға міндетті, – дейді белгілі энергетик-сарапшы Жақып Хайрушев.
Эколог Лаура Мәлікованың мәліметінше, көмірді пайдаланатын жылу-электр орталықтарындағы тарифтің бағасы 1 киловатт үшін 10 теңгеден аспайды. Ал жаңғырмалы энергия көздерінен алынатын 1 киловатқа 34 теңге белгіленген. Айырмашылық жер мен көктей. Жүргізілген нақты есепке сәйкес, жылу-электр орталықтарынан өндірілетін 1 киловатқа шамамен 190 теңге төленуі керек. Тарифтің дәл осындай мөлшері ғана стансалардың шығынын жабуға, жаңғырту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
– Көмірді жағу арқылы жылу энергиясын өндіріп отырған жылу-электр орталықтарының тарифі тым төмен. Мұны еуропалық сарапшылардың өзі талай мәрте айтқан еді. Дәл мұндай тарифпен орталықтардың шығынын жабу мүмкін емес. Бұл салада жұмыс істейтін мамандардың еңбекақысының төмендігі де сондықтан. Осының салдарынан энергетика саласындағы білікті мамандар Ресейге қарай жылыстап жатыр. Түптеп келгенде бұл саладағы кез келген мәселенің астарына үңілсеңіз, тариф саясаты алдыдан шығады. Шыны керек, біздің елдегі жылу-электр орталықтары жұрт айтып жүргендей табыс көзі бола алмайды. Ел аузында жүрген Александр Клебановты мысалға алайық. Ол елдегі жылу-электр орталықтарын сатып алғанға дейін миллионер ретінде қалыптасып қойған адам. Сондықтан оның жылу-электр орталықтарынан қыруар табыс тапты дегеніне илана алмаймын. Қолданыстағы тариф мөлшерін ескерсек, бұл мүмкін емес дүние, – дейді Л.Мәлікова.
Сарапшылардың пікірінен түйгеніміз, жылу-электр орталықтарында қалыптасып отырған мәселелерді оңтайлы шешудің тиімді жолы – тарифті көтеру. Алайда тариф көтерілсе, халықтың қалтасына түсетін салмақ та ауырлайды. Онсыз да айлығын шайлығына зорға жеткізіп отырған бұқара үшін мұның өзі айтарлықтай шығын болмақ. Сонда не істеу керек? Сарапшылар тығырықтан шығудың бірнеше жолын ұсынды. Біріншісі – газдандыру жұмыстарын жандандыру. Екіншісі – көміртегі бейтараптығына көшу. Мұның арғы жағында атом электр энергиясын салу бастамасының басы қылтиып тұр.
– Қазақстанның жыл сайын шамамен 400 млн тонна CO2 шығаратынын және республикада энергияның көп көлемі көмір электр стансаларында өндірілетінін ескерсек, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу оңай емес. Сондай-ақ бізде электр энергиясы мен жылу өндіру процесінде көмірге деген тәуелділік жоғары. Еліміз парниктік газдың жоғары шығарындыларымен және басқа да қиындықтармен бетпе-бет келуге мәжбүр. Мәселені шешу үшін энергетикалық жүйені қайта құруға қатысты бірқатар маңызды саяси шешімдер қабылдау қажет. Бірінші кезекте органикалық отыннан біртіндеп бас тартып, таза, баламалы энергия көздеріне көшу маңызды. Ғалымдардың Қазақстанға атом энергетикасы қажет деген қорытынды жасауы да сондықтан. Халқының 40 пайызы ауылдық жерде тұратын республика үшін газдандырудың да әлеуметтік маңызы зор. Қысқасы, көміртегі бейтараптығына көшу қауіп емес, мүмкіндік, – дейді ғалым Қанат Байғарин.
Инженер-энергетик Олжас Тұрмановтың пікіріне қарағанда, еліміздің энергетикалық нысандарында орын алып жатқан мәселелердің бәрі ұзақ мерзімге арналған ортақ стратегиялық жоспардың жоқтығына барып тіреледі. Сондықтан отандық энергетика саласының даму стратегиясы қажет және осы стратегиядан ауытқымаған дұрыс.
– Біздің алдағы мақсатымыз айқын емес. Сол себепті алдыдан шыққан факторлардың ыңғайына қарай жығыла береміз. Бұл дұрыс емес. Мемлекеттік тұрғыдан бекітілген жоспар болуы керек. Нақты мақсат-міндеттер айқындалуы қажет. Стратегиядан ауытқымай, жоспармен жүргенде ғана қиындықтарды еңсере аламыз. Жан-жаққа тартқаннан түк өңбейді. Ағымдағы мәселені шешкенмен, арғы жағындағы үлкен проблемаға бойлай алмаған күйі отыра береміз, – дейді Олжас Тұрманов.
Тағы бір қызық жағдай бар. Біздегі жылу-электр орталықтарының жұмысын Энергетика министрлігі қадағалайды. Ал қала ішіндегі инженерлік желілерге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауапты. Сондықтан шығар, Екібастұздағы апат кезінде Энергетика министрлігінің өкілі «Жылу-электр орталығындағы жағдай қалыпты, мәселенің бәрі инженерлік желілерге қатысты болып отыр» деп жауапкершілікті басқа ведомствоға ысыра салғысы келгендей көрінді. Парадокс!
Айтпақшы, Мемлекет басшысы орталық және жергілікті атқарушы органдардың қысқы жылыту маусымына дайындығын тексеру үшін комиссия құруды тапсырды. Комиссия құрамына Бас прокуратураның, Жоғары аудиторлық палатаның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді. Президент жұмысты он күн ішінде нақты қорытындылармен және ұсыныстармен аяқтау керектігін ескертті. Демек тағы біраз былықтың беті ашылуы мүмкін. Біздің қазір көріп отырғанымыз айсбергтің басы ғана.