Астанада таэквондодан WTF тұжырымы бойынша ХІХ Азия чемпионаты аяқталды. Үш күн бойы 24 елдің 260-тан астам спортшылары қатысқан байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасының қыз-жігіттері бір алтын, бір күміс және үш қола медальді иеленді.
Бұл сында ұлттық құрама сапында алғашқы жүлдені 54 кило салмақта Нариман Шәкіров, Сұлтан Қасымов (80 кг.) және қыздар арасында 46 килода татамиге шыққан Айжан Әлижанова жеңіп алды.
Чемпионаттың бірінші күні Қазақстан құрамасының қоржынына үш бірдей қола медаль түскенімен, жүлделі орындарға ие болады деп үміт артқан кейбір спортшыларымыз қарсыластарынан жеңіліп қалды. Мұнда қыздар арасында 67 килода сынға түскен студенттер арасындағы дүниежүзілік универсиаданың жеңімпазы Гүлнафиз Айтмұхамедова, 57 килода Екатерина Дмитриева мен жауынгерлік жекпе-жектен Азия ойындарының күміс жүлдегері Қайрат Сарымсақов (67 кг.) бәсекелестеріне есе жіберіп алды.
Бәсекенің екінші күні отандастарымыздың бабы мен бағы тағы келісе қоймады. 63 килода Дархан Қасымқұлов, Айбар Дүйсебаев (74 кг.), Дәурен Ризаев (87 кг.), қыздар арасында Азия ойындарының күміс жүлдегері Сәуле Сардарова (53 кг.) мен 63 килода татамиге шыққан Эльвира Қабырбаева жарыстарын аяқтады. Осы күні Феруза Еркешова (73 кг.) болмағанда, ұлттық құрама тағы да жүлделі орындардан құралақан қалатын еді. Өз салмағында ақтық сынға дейін қарсыластарының бәрін таза жеңген Феруза қытайлық спортшы Хан Юингюингті 3:0 есебімен ұтты. Бұл оның Азия чемпионатында жеңіп алған алғашқы алтын жүлдесі болғаннан кейін көңіліміз бір серпіліп қалғаны жасырын емес. Енді жүлденің бірінен соң бірі келетінін күткен біз татамиге келесі болып шығатын басқа да спортшыларымызға зор үміт артқан едік. Алайда 57 килода бәсекеге түскен жастар арасындағы әлем чемпионы Жалғас Бектасов, Әлмира Есмұрзаева (49 кг.) мен Жұлдыз Күмісбекова (74 кг.) үмітті ақтай алмады. Осыдан кейін бар үміт ақтық сынға дейін кездесулердің бәрін таза ұтқан Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Шілманов та ғана қалған болатын. Бірақ Арман Иран спортшысымен болған финалдық бәсекеде бар күш-жігерін салғанымен, қарсыласын жеңе алмады. Сөйтіп, тағы бір күміс қоржынымызға түсті.
Ақтық айқас аяқталған соң жекпе-жектерге байланысты пікірін білдірген Шілманов финалда бар күш-қайратын жұмсағанымен бабында болмағанын, өйткені, оның екі айналымнан кейін бірден финалға жіберілгенін айтты. Дегенмен ол алдағы Қытайда өтетін Азия ойындары мен Ташкентте болатын әлем чемпионатында жүлделі орынды міндетті түрде жеңіп алатынына сендірді.
Астанада осынау бәсеке алдында алғаш рет таэквондоның іргетасы саналатын “пумсе” түрі бойынша жалауын көтерген Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының бір алтын, екі күміс және екі қола медальді жеңіп алғанын да атап өткеніміз жөн. Сары құрлықтың 15-тен астам елдерінің саңлақтары қатысқан бұл сында Бақытжан Аязбаев пен Наталья Югай бір жұпта өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды.
Дастан КЕНЖАЛИН.