Ұлт рухын түлеткен партия беделі биік
Әр жұрттың түр-түсінен өзге, өзіне тән өнегесі, қадір-қасиеті, кәсібі мен нәсібі, тілі, ділі, өнер үлгісі болады. Бұл жағынан келгенде қазақ кенде емес. Кеңдігі даладан да дарқан, көңіліндей көлемді. Үш қайнаса да ешкімге ұқсамайтын дара болмысы ғасырдан ғасырға жалғасып, заман соқпағы ойлы-қырлы болғанда да сәл тәнтіректеп барып артынан қалыбына түсетін. Қайта өрлеп халық рухын көтеріп, абыройын асыратын. Қай заманда да «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп тіліп айтатын, ақиқаттан аумай біліп айтатын дала демократиясын тұғырдан түсірмей келе жатқан ұлтымыздың ұлы өнерінің бірегейі – айтыс дер едік. Айнадай ақиқатты бүкпесіз алдыңа тартатын осы жанр туралы ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «...қазақ халқының аса бір ұлы қасиеті сол қынаптан суырып алған қылыштай қолма-қол қиып айтатын айтқыштығында, айтыскерлігінде. Бұл қай халықтың алдында да мақтануға тұрарлық өнер», деген екен. Шынында, айтыс өнері қазақпен бірге жасасып, уақытқа қарай жаңарумен келеді. Құйма құлақ құйып, ояу көңіл түйіп алатын жыр нөсерлерінің бастау басы әріде жатыр. Қай күн, қай жылдан бері дегенді ешкім тап басып айта алмаса керек. Оның түп тамырын Орхон-Енесей ежелгі түрік жазба ескерткіштерінен (VI-VIII) іздегеніміз дұрыс болар. Оған «Күлтегін», «Тоныкөк» жырларындағы «Биікте көк тәңірі, Төменде қара жер жаралғанда, Екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата- тегім, Бумын қаған, Істемі қаған отырған. Отырып, түрік халқының ел-жұртын қалыптастырған, иелік еткен», дей келіп, бек ұлдарын құл, пәк қыздарын күң етпеу жолында қилы кезеңдерді бастан өткеріп, оны жылнама етіп тасқа ойып жазған. Йоллағ-тегін мен Тоныкөктен бастап Сыпыра, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұхар, одан Сүйінбай, Біржан, Жамбыл, Шөже, Кемпірбай, Құлмамбет, Орынбай, Әсет, Сара, Нұрила, Ұлбике – осылай жалғасып, өткен ғасырдағы жыр дүлдүлдеріне, бүгінгі өрен жүйріктердің бойына дарып, ойына қонып, алтын арқау үзілмей келеді. Айтыс – талантты адамға берген Тәңір сыйы. Ондай өнер сүйегіне сіңгендер алымды, тапқыр, тіл құдіретін терең түсінетін, сөзге тоқтап, ізетке иіліп, ән әуенді әспеттеп, ақиқатқа келгенде әркімнің өзі мен көзіне қарамай уақыт үнін, заман сипатын, дәуір шындығын тайға таңба басқандай етіп айтатын болған. Өміршең өлеңнің тұнық кезінде бұра тартып бұлтақтайтындар аз кездескен. Қарсыласын алып та жыққан, шалып та жыққан. Үстемнің көңілін жығып аламын ба деп, ел сөзін айтпағандарды ақиқатқа жүгінген, әділдікті темірқазық етіп ұстаған адал айтыскер өткір жыр шумақтарымен оның жалтақтығын бетіне басқан. Сөйтіп, жұрт алдында масқарасын шығарған. Оған айтыс тарихын қалқымай қарап шыққан адамның көзі жетеді. Қилы кезеңдерде айтыс өнері ұлт рухын көтеріп ұйысуға, уақытша қиындыққа бой алдырмай, ұнжырғаңды түсірмей қырандай түлеп шығуға үндеп отырған. Бұған бір мысал келтіре кетсек дейміз. Өткен ғасырдағы Қазан төңкерісі бір ұлт, бір идеяға ден қойғызып, қойыртпақты бастағанда қазақтың айтыс өнері де қағаберіске ысырылған. Бірақ, Ұлы Отан соғысы делінетін алапат жүріп жатқанда, яғни 1943 жылы халықтың көңіл-күйін түсіре бермеу үшін Алматыда аламан айтыс ұйымдастырылғаны тарихтан мәлім. Бұл айтыс сұрапыл соғыстың кесірінен қан жұтып отырған қараша жұртты бір серпілтіп тастағаны айдай анық. Елдің ат бәйгесіндей айтулы айтыста арқалары қозып, айбындары артып, күйкі тірлікті ұмытып, күдік сейіліп, келер күнге үміт артып, бір жақсылықтың болатынына сенім артыпты. Сол айтыстың басы-қасында Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Күләш Байсейітова жүріп, «Алатаудан, Арқадан, Ақындарым келіпсің. Тілдеріңнен бал тамған, Жақындарым келіпсің, Ертіс, Еділ, Іле, Сыр, бас қосқалы келіпсің, Жүрген жерің думан жыр, Сендер елге көріксің, Шаршы топта төгілген, Сөздеріңді сағындым!» деп шымылдығын жыр алыбы Жамбыл түріп, бірі сырнаймен, екіншісі домбыраға иек артып сөз сайысын бастап, өзгелері іліп әкетіп жатыпты. Сол сәтте жабырқаған жұрттың жүзіне қан жүгіріп, серпіліп, серігіп, рухтары оянып, жыр жеңісі сұрапыл соғыстың жеңісіне ұласқандай болып тарасыпты. Екі жылдан кейін сол айтыс үстінде айтылған үміт жеңісі – шын жеңіске ұласып, ұранды өлең тегін еместігін, шын тілесе Алла қабыл көретінін көрген көз, естіген құлақ – куә болғандар тебірене айтатын. Одан кейін айтыс тағы бір толастап қалып, ел есін жиып, халықтық қасиетін, дәстүрін – бір сөзбен айтқанда, «бабалар жолын жалғай алдық па, жар жағалап кетпедік пе?!» деген ұлт зиялылары тіл жайын көтеріп, оның тірегі саналатын сөз маржанының бастауы болып есептелетін айтысты қаузады. Соның алғашқы бір баспалдағына 1971 жылы куә болғанымыз бар. Ұстазымыз, қазақтың арлы азаматы, хас батыры Мәлік Ғабдуллин қазақ айтысын қайта түлету қолға алынғанын айтып, «Соған қайсың қатысасыңдар?» деген еді. Талантты ақынбыз деп жүргендердің көбі естіп, оқығаны болмаса, көре қоймаған өнер сайысына белсеніп шықпады. Жібектен бір талдап жіп суырғандай етіп әңгіме айтып, ашық-жарқын жүретін ұстазымыз өлең оқыса өршеленіп, қызуланып, арқасы қозып кететін замандасымыз Ғабиден Құлахметовке қолқа салды, баулыды. «Бір күнде аттай желіп кету қиын. Талпынсақ қазақ айтысын баяғы мықтылардың дәрежесіне жеткіземіз. Ол үшін бәріміз жанашыр болуымыз керек», деген ұстаз сөзі әлі күнге дейін құлақ түбінде тұр. Айтыс Абай атындағы Опера және балет театрында болды. Ұлы Сәбең – Сәбит Мұқанов жадырап, жайнап құттықтады. Мұқаш Байбатыров, Қалихан Алтынбаев, Манап Көкенов бастаған үлкендер, Райхан Нәкиева, қазір арамызда жоқ бақилық болып кеткен талантты ақын, белгілі жазушы дәрежесіне жеткен біздің Ғабиден, т.б. сөз жарыстырды. Әрине, алдыңғы толқын жағы болмаса кейінгі жастар іркіліп қалып, алдын ала жазғандарына қарап айтты. Бір атап өтерлігі, жұрт соның өзіне дән риза болып, өшкендері жанғандай ілтипат көрсетіп, қолдау танытып жатты. Көненің көзін көргендей, сөзін естігендей болды. Келе-келе айтыстың арыны артты. Еліміздің төрт бұрышынан небір жүйріктер топқа келіп қосылып жатты. Алматыдағы Ленин, қазіргі Республика сарайына 3 мың адам жиналған аламан айтыстар шақыру билетімен тегін ұйымдастырылып, жұрт жұмыла көрді. Бір жолғы Наурыз айтысында сарай ішіндегі 3 мың халық қазылардың сәл бұра тартқанына тік тұрып қарсылық танытып, сахнадағы жасауымен тұрған ақбоз атқа ақын әкеден ақын болып туған қыз Жадыра Құтжанованы мінгізіп еді. Солайша топ жарған Жадыра ақбоз аттың үстінде тұрып жұртқа жыр жолдарын арнаған еді. Топ жарған сол Жадыра кейін көрінбей кетті. Ол тұстағы дүлдүлдердің бойында бір қазақы кеңдік, дарқандық, халықтық пейіл, ұлттық тазалық мол еді. Оны айтасыз, айтыс ақындарының алыбы Жамбыл, Құлмамбет, Майкөт, Шөже, Марабай, одан кейінгілер жауаптасып, төрт жолмен-ақ айтатындарын жеткізіп отырған. Қазіргі ақындар жауаптасуға шорқақ, ұзыннан қайырып, жаттап алғанын аяғына шығарғанша тоқтамайды. Көптің ойында жүрген қиын-түйіндерді айтып, ұпайын түгендеуге бейім тұрады. Тіпті, әріптесі не айтып отырғанына мән бермей кететіндер де бар. Жалпы, біз сүре айтыс пен қайымдасып айтысудың аражігін ажырата алмай, көсіле беруді әдетке айналдырып алғандаймыз. Ол аз десеңіз, сөз мәнісін түсінбейтіндер де жоқ емес. Тұспалдап айту, ақиқатты алма кезек жеткізу кемшін түсіп жататынын жасыра алмасақ керек. Баяулап басталып, кейіннен ерекше қарқын алған қазақ айтысы нарық талабына көшіп, халық «батпан құйрықтан» айырылды. Саудаласу жағы басым бола бастады. Ол тұстағы сөз садағын тартқан саңлақтардың жер басып жүргендері бұл күнде алдыңғы толқынға, ата, әже дәрежесіне көтеріліп отыр. Бұл толқынның ізін баса шыққандардың өзі де орта жасқа ілігіп қалды. Жаңа үйреткен құнандай ауыздықпен алысқан бүгінгі апайтөс айтыскерлер бірі атып, бірі жығып жүр. Олар: «Қай жұрт болса да оның жаны – әдебиет. Жансыз тән жасамақ емес. Қайдан өрбігенін, қайдан өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа талас-тартыстар заманында арнаулы орын жоқ», деп Міржақып Дулатов айтқандай, халқының ұлы үлгісін айтыс өнерінде ту етіп көтеріп, тұғырын биіктетіп келеді. Мұның өзі қанда бар қазақ айтысының жаңаша жаңғыруын дәйектері сөзсіз. Иә, қазақпен бірге жасап келе жатқан бұл дәстүр елдік тұсында ерекше көрініс тапты. Жаратылған тұлпардай жасаулы қыз-жігіттер айтысты өз Отанымызда ғана емес, алыс, жақын шетелдерде де көрігін қыздырып, осындай да өрелі өнер бар екен-ау дегізіп келеді. Біз жоғарыда айтыс туралы әңгімені әріден қозғап, бергі кезеңдермен ұштастырдық. Ондағы мақсат, бұл өнер аяқ астынан тақырға шыққан шөп секілді емес, қоғалы көлдей өміршең үлгісі бар екенін еске сала кету еді. Іргетасы мықты, халыққа құт болып қонған айтысқа соңғы кездері «Нұр Отан» партиясы ерекше көңіл аударып, қолдау танытып келеді. Бүгінгі таңда бұл партия елдің ұйытқысына, халықтың жоқшысына айналды. Бір замандары Алаш арысы М.Дулатов: «Әрбір адам шенеунік болуы мүмкін. Бірақ, әрбір шенеунік қазақ бола алмайды», деген еді. Партияның қазіргі алға қойып отырған жол-жобасы Міржақып айтқан шенеунік болу оңай болғанмен, қазақ болу қиын деген идеяны тірілте отырып, билік өкілдерінің халықпен қоян-қолтық араласуына ықпал ету ниеті өрістеп келе жатыр. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялай отырып, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жолына қадам басты. Барлық нұротандықтардың басты міндеті – халқымыздың бірлігін бекемдеу, өзінің саяси көшбасшылығын күнделікті істе дәлелдеу, экономиканы, мемлекетті және қоғам өмірінің барлық бағыттарын жаңартудың тағдырлы үдерістерінің басында болу», деген сөзінен бастау алып отырғаны анық. Ел болудың, қазақ болудың, достыққа дәнекер, береке, бірлікке тірек болудың ұйытқысына айналып келе жатқан «Нұр Отан» партиясы ұлт руханиятының дамуына ерекше демеушілік жасап, жүзден жүйріктерді жебеп келеді. Бұған қоса қазір қалың қауым кейбір кердеңдеген шенді мен шенеуніктердің босағасынан аттай алмаған тұста «Нұр Отан» партиясының ғимаратына, Парламенттегі өкілдеріне барып араша сұрап, өшкен үміттерінің қайта жанғанына дәлел, дәйектер баршылық. Осының бәрі де партияның сайлау алдындағы «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты тұғырнамасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың елеулісі деп білеміз. Аталмыш тұғырнамада ұлт руханиятымен қоса, «Білім және ғылым», «Ұлт денсаулығы», «Халықты жұмыспен қамту», «Ауылды қолдау және дамыту», «Инновациялық экономика», «Отан қорғау» секілді 15 нақты бағыт белгіленгенін еске сала кетуді парыз санаймыз. Доллар емес, домбыра ұстаған, Отан дейтін, ұлтым дейтін, ұл көбейсін дейтін халықтың рухын көтеріп, мерейін өсіріп, бабалар мұрасын заман талабына қарай қырын сақтап, сырын оңдырмай жаңартып келе жатқан, сөз ұстап, өлең өрнектеген айтыскерлерге халықтық партияның қамқорлығы қандай дегенге нақты мысалдар келтірелік. Өткен жылдың желтоқсан айында, елордада «Конгресс холл» сарайында болған «Кіл жүйрік, кім жүйрік» атты аламан айтыс еді. Бұл сөз сайысын «Нұр Отан» партиясы тікелей қолдап, «Жәдігер» қоғамдық бірлестігі мен «Қазайтыс» сайты ұйытқы болғанын еске сала кетелік. Еңселі еліміздің өткені мен бүгінгісін, кемел келешегін сүре айтыс пен түре айтыста келістіріп жеткізгендердің алды миллиондаған теңгені қанжығасына байласа, одан кейінгілер де сыйлықсыз қалмағанын көрдік. Сол айтыста өнер бәсекесіне түскендерді қолдаған қалың жұрт «Нұр Отан» партиясының халық дәстүрінің өресін биіктетіп, өрісін кеңейтуге қосқан үлесіне, әсіресе жас таланттарды моральдық, материалдық жағынан демегеніне дән ризалығын білдірген. Бұл билік пен халықтың арасындағы әдемі дәнекердің үлгісі дегендер де аз болмаған. Қазақ елінің киелі де қасиеттісі саналатын тәу етер тәуелсіздік күніне орай өткізілген, өткен жылдың желтоқсан айындағы айтыс та ерекше есте қалды. Жұрт аңыз етіп айтып жүрген соның бір дәлелі бас жүлдеге 3 миллион теңге мен «алтын домбыраның» тігілуі еді. Оны қара өлеңнің қаймағын бұзбай, әке жолын жалғап, балапан болып қатысып, қыран болып қалыптасқан Жандарбек Бұлғақовтың еншісіне тиюі де ерекше болды. Сол сөз сайысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің: «Партия әрдайым ұлттық құндылықтарға басымдық танытады. Айтыс пен партияның табиғаты бір. Ақындар да, партия да халық сөзін билікке жеткізуші. Ақындар халықтың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап жатады. Қоғамда проблемалар жоқ емес, бар. Бұл ретте, өткен жолы ұйымдастырылған айтыста ақындар өткір сын-пікірлер айтты. Залда «Нұр Отан» фракциясының депутаттары қатысқан. Барлығы естіп, біліп, тиісінше шаралар жасап жатыр», деген сөзі партия мен халықтың бір мақсат, бір мүдде жолында екенін көрсетеді. Өнер мен партияның қанаттас болуы, биліктің бетін қаратпай қоймайтынын соңғы кездегі үрдіс дәйектей түседі. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Астанада басталған айтыс енді Отанымыздың өңірлерінде жалғасын тауып жатыр. Өткен сәуір айында партияның 15 жылдығына арналған «Бір халық, бір ел, бір тағдыр» атты республикалық айтыс Талдықорған қаласында болды. Оған асқар Алтайдан, мұнайлы Атыраудан, байтағымыз Сарыарқадан, еңселі Алатаудан, іргелес жатқан Қытайдан азуын айға бөлеген 10 ақын қатысып, елдікті, ерлікті, тіл түйткілдерін, Отаным деп оралуды ойлаған оралмандар туралы ашық айтып, береке, бірлікті, тату тірлікті жыр жолына желі етіп тартты. Бұл бәсекеде де миллиондар өрен жүйріктердің еншісіне тиді. Сондай партия бастамасы таяуда «Береке басы – бірлікте» деген атпен Атырауда жалғасты. Оған да 10 ақын қатысып, тартысты өткен сөз сайысында жүлделі атанған жүйріктер 2, 1,5, 1 миллион, 750, 500 мың теңгеден бәйге алып, зор абыройға кенелді. «Нұр Отан» партиясы мұнымен қатар білім, білігі мықты жастарға өзінің тегеурінді «Жас Отан» қанатына да қамқорлық танытып келеді. Соның бір дәлелі қабілет-қарымы мықтылардың еңбегін бағалап, ынтасын арттырып, ықыласын ояту мақсатында «Жас тұлпар» сыйлығын белгілегені дер едік. Ол сыйлық өткен жылы 7 өрен жүйрікке тапсырылды. Олардың қатарында актер, әнші, композитор Н.Әлімжан, жас шахматшы Ж.Әбдімәлік, спортшы Д.Елеусінов, т.б. бар. Ел даңқын жақсы жағынан танытқан жастарға берілетін атаулы сыйлықтың «Жас тұлпар» атануының өзінде үлкен мән жатыр. Сыйлықтың «Жас тұлпар» аталуына елеулі үлес қосқан, белгілі қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбековпен тілдескенімізде: «Осыдан 50 жыл бұрын елін шын сүйген қазақ жастары «Жас тұлпар» ұйымын құрып, ұлт руханиятын өшірмей өсіруге, жұртының жұтылмауы үшін қам-қарекет жасаған. Олардың арғы жағында Алаш арыстары тұрды. Кейін олардың ісін желтоқсандықтар жалғастырып, тепсініп тұрып теңдік сұрады. Мен сол рухы мықтылар құрған ұйымның атын сыйлық арқылы жаңғырталық дедім. Азаматтар қолдады. Сөйтіп, жастарға беретін «Жас тұлпар» сыйлығы өмірге келді. Тұлпар деген сөздің өзі керемет естілмей ме?», деген еді. Айтса айтқандай ғой! Ұсынылған бұл сыйлықты «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді, білім мен ғылымды дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесі анықтайтынын еске сала кетсек дейміз. Заңмен бекітілген мемлекеттік тілдің даму мәселесін де «Нұр Отан» партиясы қатаң бақылауға ала бастады. Бұл Елбасының тапсырмасына орай, 2020 жылы Отанымыздағы халықтың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлеуі тиіс. Қаланған іргетасын биіктете отырып, керегесін бекітіп, шаңырағын нық көтеру үшін белді бекем буып, іс тындыруда сөзден нақты нәтижеге көшуді партия жүйелі түрде қолға алып, кей тұстағы олқылықтарды көрсетіп, науқанға бой алдырмай, байбаламға салынбай атқарудың бағытын нұсқап отыр. Мұның бәрі «Нұр Отан» партиясының XV съезінде қабылданған жаңа Саяси доктринада дәйектелген. Соңғы кездері Отанымыздағы білім беру ісі мен ғылым, оқулықтағы түйткілдер жиі көтерілетін. Әсіресе, студенттердің алатын білімі өмір талабына сай болу керектігі, кейде оқу мазмұны емес, диплом беру ісі алға шығып кеткенін, мұндай жағдайда мықты маман болмайтынын, тіпті, сауатсыздар сап түзеп шыға келіп жүрмей ме деген де күмәндар айтылып жүретін. Мұндай толғақты мәселе соңғы кездері партия жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңес отырысында жан-жақты талқыланып, тиісті орындардың назарына салынуда. Мәселен, үстіміздегі жылғы «Мирас» қоғамдық кеңесі өркениетті 30 елдің қатарына қосылу үшін білім бәсекесін жетілдіру жағын жан-жақты қарастырды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында нақты көрсетілген орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді «Назарбаев зияткерлік мектептері» деңгейіне көтеру жайы да сөз болды. Оң тәжірибелер талқыға салынып, жетілдіретін тұстар сараланды. Қуатты ел болуды сөзбен емес, іспен дәйектеу керектігі, ол үшін не тындыру қажеттілігі қозғалып, сала басшыларының назарда ұстайтын жұмыстары айқындалды. Сол секілді, қоғамдық кеңестің екінші отырысы білім беру ісіндегі оқулықтың рөлі мен оның қазіргі сапасы тілге тиек етілді. «Кемшілік неде, олқылық қайда?», деген сұрақтар төтесінен қойылды. Ұрпақтың білім алып, тәрбие үйренуінде үлкен рөл атқаратын оқулық авторлары мен баспа қызметкерлері тыңдалды. Шыны керек, оқулыққа арналған отырыстағы көтерілген мәселелер ел ішінде үлкен қозғалыс туғызды. Көп жұрт құп көрсе, сын айтылған оқулық иелері өз уәждерін көлденең тартып, түрлі себеп-салдарларды жеткізіп жатты. Жоғарыда айтқан екі отырысқа орай, «Егемен Қазақстан» газеті «Оқулық олқылығы ойлантады» (25 ақпан, 2014 жыл), «Бәсеке бәсі – білікті білім» (5 сәуір, 2014 жыл) деген тақырыпта арнайы бет ұйымдастырып, ғалымдардың, жоғары оқу орындары оқытушыларының, ұстаздардың, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқарма қызметкерлерінің, кітап авторларының мақалаларын жариялағанын айта кетсек дейміз. Иә, осындай талап болса, талғам күшейеді, жауапкершілік артады. Мен мен дегендер: «Үй артында кісі бар екен-ау!» деп салғырттыққа салынбайды. Халықтың жоғын жоқтап, мемлекеттің іргесін бекітіп, келешегін кемел ету жолындағы «Нұр Отан» партиясының мұндай бекем бетбұрысы қазір халықтың үлкен қолдауына ие болып, жұртты отаншылдық іске жұмылдырып отыр. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Кеше