Семейде қала әкімі жанындағы қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл отырыста жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау мәселесі сөз болды. Қалалық білім бөлімінің бастығы Гүлжан Алтынбекова хабарлағандай, қаладағы 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны 97 214, оның ішінде 847-сі жетім және 398-і ата-анасыз қалған бала қамқорлыққа алынса, 13 бала патронаттық тәрбиеге, 62 бала асырап алуға берілген. 304 бала балалар үйлерінде болса, 70 бала сәбилер үйінде. 2011 жылы облыс әкімінің бастамасы бойынша жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Оның негізгі мақсаты қоғам мен жеке бизнесті жетімдер мәселесін шешуге тарту болып табылады.
Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қолдау мақсатында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ әкімшілігі тұрғын үй-құрылыс қаражатын жинақтау туралы шарт сомасынан 0,5 пайыз мөлшерінде комиссиялық алымын алмай шарттар жасауды жүзеге асырады.
Кәсіпорындардың патронаттық тәрбиесіндегі балалар кәмелетке жеткен соң осы кәсіпорындарда кепілді түрде жұмысқа орналасады және жекеменшік тұрғын үй алады. Өйткені, патронаттық тәрбиешілер балалар үйлерінен шыққанда жекеменшік тұрғын үй алу үшін бірнеше жыл бойы Қазақстанның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» шотына белгілі бір сома салады.
Сондай-ақ, Балалар мен жастардың шығармашылығы сарайында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде «Мейірім» қайырымдылық кеші өткен болатын. Осы қайырымдылық кеш барысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік-патронаттық қолдау жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы 18 әлеуметтік шарттарға қол қойылды.
Интернаттық мекемелердің 237 тәрбиеленушісі кәсіпорындар мен мекемелерге бекітілген. Бүгінде олардың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» шоттарына 16 млн. теңгеден астам қаражат түскен. 2013 жылдың 1 наурызына жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 67 бала патронаттық ұйымдарға әлі бектілмеген.
Отырыс барысында қоғамдық кеңес мүшелері жетім балаларды әлеуметтік-патронаттық қолдауға кәсіпкерлер мен банктерді тартудың қажет екенін атап өтті. Интернат жетекшілері болса, жетім бала үшін тұрғын үйге қол жеткізудің өте маңызды екенін айтты. Себебі, жұмысқа орналасу үшін тұрғылықты тіркелу талап етіледі, ал тіркелу үшін тұрғын үй қажет екені белгілі.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,
журналист.
Семей.