Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2022

Мұз құрсанған Екібастұз

365 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Арқаның аязына шыдамай шытынаған құбыр, сүйектен өтер суықта пәтерінде тісі тісіне тимей жаураған жұрт... Екібастұз халқы алғашқы күндері көмек­тің жоқтығынан шарасыз қа­лып, не істерін білмей аһ ұрды. Экономикасы алға озған индус­триалды шаһар бір демде мұз құрсанып, мыңдаған адам қақаған қыстың қыспағында қалады деп кім ойлаған.

Мұз құрсанған Екібастұз

Апат неден басталды?

Екібастұздағы салдары аса ауыр болған апаттың орын алғанына бүгін – тоғызыншы күн. «Павлодарэнерго» АҚ хабарлағандай, төтенше жағдай 27 қараша күні, сенбіден жексенбіге қараған түні тіркелді. Бұл күні Кереку өңірінде аяз қысып, сынап бағанасы -30 градусты көрсеткендіктен, «Екібастұз жылу-энерго» ЖШС өкілдері жылу параметрлерін көтеріп, қысымды арттырады. Бұл жерде шаһардағы жылу желілерінің 90 пайыздан астамы әбден тозып тұрғаны ескерілмесе керек. Көнерген құбырлар мұндай қысымға шыдас бермей, қаланың ескі аумағында, дәлірек айтқанда ОЖП-52 нысанына қосылған және №5 А, №5 Б, №6 шағын аудандардағы орта­лық жылу магистралдары бірінен соң бірі жарыла бастайды. Зақымдан­ған тұстардан ыстық су сыртқа са­у­лап, сол сәтте станса сағатына 1 200 тон­на су жоғалтқан. Келесі сәт­те қа­лан­ың жылу торабындағы ке­шен­ді апат негізгі энергия көзі – стан­саға барып жетеді. Судың тым көп ысырап болуынан кәсіпорындағы №11 қазандық агрегаты сағат 01.20-да істен шығады, ал арада 10 минут өткенде №13, 14, 15 қазандықтары тоқтайды. Сәйкесінше шаһардағы орта­лықтандырылған жылуға қосыл­ған барлық ғимаратты, соның ішінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда жылу параметрлері түсіп кетті. Ал ыстық су мүлде тоқтатылды.

Статистикаға сүйенсек, көмірлі шаһар­да 150 мыңдай халық тұрады. Орталық жылуға қала бойынша 689 көппәтерлі үй мен 4 395 жер үй қосылған. Билік өкілдері мен станса басшылығы алғашқы күннен апат бойынша штаб құрып, ЖЭО-дағы жағ­дайды бақылауда ұстауға тырысты. Жек­сенбі, яғни 27 қараша күні зақымданған жерлердің біразын анықтады. Жөндеу бригадалары құрылып, қираған құбырларды кесіп, жамай бастады. Алайда алғашқы 3-4 күнде жағдай ушықпаса, жақсы жағына қарай мүлде өзгермеді. Ал бесінші күні ахуал тіпті күрделеніп кетті десе де болады. Көптеген үйдің ПИК-тері жылу құбырларындағы суды ағызбағандықтан, аязда қатып, пәтерлердегі жылу батареялары жарыла бастады. Жығылғанның үстіне жұдырық болып, 50-ден астам үйде суық су желілері, кәріз жүйелері мұз болып қалды.

Мұндай жағдайда жедел штаб қандай шешім қабылдады? Штаб мүшелері қыс­тың қақап тұрған суығына қарамастан қала тұрғындарының біраз бөлігін жылусыз қалдыруды дұрыс деп тапты. Кейінірек облыс әкімінің міндетін уақытша атқару­шы Олег Крук атап өткендей, бұл мәжбүр­лі қадам жедел қолға алынбаса жылу орталығын сақтап қалу мүмкін емес еді. Тұрғын үй ғимараттарымен қоса, жылу стансасы да мұздап, қала мүлде жылусыз қалатындай нағыз апаттық жағдай туындар еді. Ресми есептерде алғашқы кезекте жылудан ажыратылған көпқабатты үйлер саны 130 делінгенімен, уақыт өте олар­дың саны 149-ға, ал жер үйлер саны 114-ке жетті. Бұған қоса 15 әлеуметтік нысан да ажырап қалды. Шаһардағы тұрғын үй ғи­мараттарының шамамен жетіден бірі аптадан аса уақыт жылудан кесілді.

Қала басшысы Аян Бейсекин хабар­лағандай, шаһардағы 422 шақырым жылу торабы жылу-электр орталығына, 80 ша­қырымы жеке тұтынушыларға тиесілі. Тек алғашқы екі күннің ішінде құбырлар­дан 100-ден астам ақау анықталып, ретке келтірілді. Бұл күндері жылуы үзілген мектептер қашықтан оқуға көшіріліп, балабақшалардың жұмысы тоқтады.

Кісіліктің үлгісін көрсеткендер

28 қараша күні түнде Екібастұз шаһары­ның әкімі Аян Бейсекин техногендік сипат­тағы төтенше жағдай жариялап, қалада шұ­ғыл шаралар қолға алына бастады. Тө­­тенше жағдайға байланысты Павлодар мен Астана қалаларынан жиналған ерікті­лер ал­ғашқы күннен мұнда көмек көрсету шта­бын ұйымдастырды. Қала тұрғында­ры үшін электр жылытқыштар мен жылы аяқ­киім­дер, көрпелер мен термостар үйлері­не жет­кізіліп, еріктілер үй-үйлерді аралап, зей­­неткерлер, мүгедектігі бар адамдар, мұқ­­таж отбасылар туралы ақпарат ­жинады.

«Amanat» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының өңірдегі филиалының төрағасы Санира Жүсіпова атап өткендей, Павлодар мен Астана қалаларынан 100-ден астам белсенді 27 қарашадан Екібастұзға жиналып, тұрғындарға көмектесуде. Тек Павлодар облысының еріктілері 3 мыңнан астам жылытқыш таратқан.

Қала әкімдігінің қолға алуымен тұр­ғындарды қабылдауға және тамақтанды­ру­ға арналған 14 орын ұйымдастырылды. Қалада шұ­ғыл желі, мобильді топтар жұмыс істеді. Екібастұз, Павлодар, Петропавл, Қара­ғанды, Астана қалаларынан жиналған жалпы саны 430 адамнан тұратын 40-қа жуық жөндеу бригадасы әуелі орталық желілердегі ақауларды ретке келтіріп, соңынан үй орамдарындағы құбырлар­ды қолға алды. Бұл жұмыстар тәулік бойы жүргізілгеніне қарамастан, күн санап жа­ңадан пайда болған зақымданулар апатты жою шараларын тежей берді.

Айрықша атап өтерлігі, бұл күндері шаһардың жомарт кәсіпкерлері де өз кө­мектерін аяп қалмады. «Савой» (директоры Шаттық Сүйінішева), «Lanzhou Mix» (басшысы Гүлбану Маргарина), «Кабулете» (Олег Бажурнашвили) кафе-мейрамханалары үйінде жылуы немесе жарығы жоқ адамдарды тегін тамақтандырып жа­тыр. Ал палау орталығы мен «Узбекостан» ка­фесі волонтерлердің тапсырысымен да­ладағы жұмыскерлерге тамақты тегін пісіріп берді. Бұдан бөлек, «Қайнар» ББК-де, «Өнер» мәдениет сарайында, «Атамұра» орталығында, Естай атындағы музыка мектебінде және №4, 17, 21, 22, 24, 23, 36 мектептерде тамақтану орындары ұйымдастырылған. Мәселен, «Өнерде» ас-ауқат тәулік бойы үзілмей, балалы от­басыларға кино көрсетілуде.

Екібастұзға жақын маңайда шаруа­шы­лық ұстап отырған ағайындар мен алыс-жақын қалалардан, тіпті шет мемлекет­терден келіп жатқан көмекті де көзіміз шалды. Мысал үшін қазір Түркияда кәсібін өркендетіп жүрген жерлесіміз, ақын Нұрқанат Қайрат та осы қатар­дан көрініп, жұртшылыққа азық-түлік пен өзге де қажеттіліктерді жеткізіп жүргенін байқадық. Бұл іске жергілікті зиялы қа­уым өкілдері, жас ақын-жазушылар да үн қо­сып, қаражат жинады. Ал Павлодар қаласы­ның іргесіндегі Кенжекөл ауылының әкі­мі Медет Сансызбаевтың бас болуымен елді мекен тұрғындары, жергілікті кәсіпкер­лер мен еңбек ұйымдары 500 мың теңге­ден астам қаражатқа алғашқы қажетті­лік­тегі тауарлар сатып алып, кеше қалаға әкеп ­таратты. Ізгі жандардың мұндай қа­йырымды ісі санай берсең таусылмайды.

Бір қызығы, жергілікті бюджеттің 1 пайызы, яғни 400 млн теңгедей қаражат төтенше жағдайға қарастырылса да, жыл­дың соңы деп ол өзге бағыттарға жұмсалып қойған. Қала әкімдігі бұл соманың орнын жуық уақытта толтыратынына уәде берді. Сондықтан төтенше жағдайдан келген шығындарды өтеу ұзақ уақытқа жалғасуы мүмкін.

5

Шарасыз тұрғындар мен жауапсыз ПИК-тер

Екібастұз қаласындағы негізгі қиын­дықты бастан өткеріп жатқан аумақ – Мәшһүр Жүсіп көшесінің бойында ор­на­ласқан көпқабатты тұрғын үйлер. Апат бас­талған уақытта ең алдымен жы­луы сөндірілген 17 үйде арада бір апта уақыт өткенде ғана ретке келтіру жұ­мыс­тары басталды. Мәшһүр Жүсіп көшесі, №52/2 үйдің тұрғыны Сағадат Төре­гел­динов есімді азамат мұндай қиын жағ­дай екібастұздықтардың басына бірінші рет түсіп отырғанын айтты.

– Сенбі күні кешкілік отбасымызбен ертерек жатып қалған едік. Жексенбінің ала таңында қатты тоңып ояндық. Далада -35 градус аяз, үй іші әбден мұздап кеткен. Апат болғанын естіп білген соң қарекет жасап таныстарымыздан жылытқыштар алдырып, отбасымыздағы бес жан бір бөлмеге жиналдық. Міне, бір апта болды, мына бөлмеде 3 жылытқыш істеп тұр. Бөлмедегі температура күндіз 11, түнде ­9 градус жылы болып тұрады. Жанымыз­ды даладағы аяздан сақтап отырған осы құрылғылар. Мұндай жүктемені көтере алмаған электр қорабындағы ажыратқыш әлсін-әлсін сөніп қала береді. Қырсық шалғанда, шойын батареялар суыққа шыдас бермей шытынап жатыр. Бүгін-ертең жылу береді деген. Содан қорқып отыр­мыз. Құбырдан су жүгірсе, пәтеріміздің іші ­әлем-тапырық бола ма деп. Былтыр ғана үйге жөндеу жүр­гізген едік. Қазір қабырғалар мұздап, жап­сырған тұсқағаздарымыз түсіп жатыр. Мұның барлығын бізге жылу беру компаниясы өтеп береді деймісің, – деп шағымын білдірді отағасы.

Ал Бауыржан Момышұлы көшесі, №52 көпқабатты үйдің тұрғындары жергілік­ті билік пен жөндеу бригадаларынан қа­йырым болмаған соң, үй айнала қатып жат­қан ауыз су мен жылу құбырларын өз күштерімен жібітуге кіріскенін байқадық.

– Бүгін, міне, бесінші күн, жылу тұр­мақ, ыстық су мен суық су жоқ. «Шұғыл желіге» хабарлассақ, тұтқаны ешкім көтермейді. Біздің ПИК-тің адамдары қа­расын әлдеқашан батырып кетті. Олар тіпті кейбір үйлердің жылу желісіндегі суды ағызбаған, пәтераралық темір құ­бырлар шарт-шұрт жарылып, тұрғындар қолдан пластик құбыр салып жаңалап жатыр. Теледидардан сырттан көмек келіп жатыр дегенді естиміз, алайда бізге қарапайым жылытқыш әкелген еріктілерді де көрмедік. Міне, бүгін екінші күн, үй тұрғындары далаға шығып, қоқыстағы ағаш қалдықтары мен қағаздарды жинап әкеліп от жағып жатырмыз. Осылайша, құбырларды жібітіп, үй іргесіндегі жылу магистраліне қосыламыз деп үміттеніп отырмыз. Бригадалар бізге әзірше жетпеді, – деп мұңын шақты аталған үйдің тұрғыны Ербол Оразбай. Байқағанымыз, жылу құбырларын өз күштерімен жібітіп жатқан үйлердің саны баршылық.

Қатты аязда үсті-басы малмаңдай су болып, құбырдан атқылаған суды жа­мамаққа әрекеттеніп жүрген азамат Нұр­­бол Сағынбековті әңгімеге тарттық. Ол ­жағ­дайдың шынымен ауыр екенін, бұл үйде (Мәшһүр Жүсіп көшесі, 46-үй) көптеген жалғызбасты қариялар мен мүгедек жандар тұратынын жеткізді. Екібастұз ЖЭО-дан мүлде көмек жоқ, отбасымыздағы ұсақ балаларды пәтері жылы туыстарға апарып тастадық. Көршілеріміз сабырлық сақтап отырғанымен, подъезд ішіндегі жылу құбырлары мен радиаторлардың жарылып жатқанына қарап, жылу қосылған күні үйде бір апаттың болатыны анық деген үрейін жасырмады.

Үйлерінде жаурап отырған екібас­тұздық тұрғындар бұл күндері тағы бір қиындыққа тап болды. Шаһардағы кей­бір көппәтерлі үйлердің кәріз жүйелері суықтан қатып қалып, қалдық сулар ванна мен унитазда көтеріліп, әбігерге салды. Көпшіліктің шағымынан соң жергілікті кәсіпорындардың көмегімен көптеген үйдің маңына 25 биодәретхана қойылды. Мұндай сорақы жағдайлардың соңы жылудан ағытылған аудандардағы дүкендер мен түрлі қызмет көрсету орындары­ның жабылуына апарып соқтырды. Суық дүкенде қай сатушы шыдап тұра алсын. Жұртшылық бір бөлке нан сатып алу үшін әудем жердегі сауда орындарына сабылуға мәжбүр болды.

Екінші топтағы мүгедек, жалғызбасты ана Светлана Таран пәтер аралап жүрген бір топ журналисті көргенде үйде дүкенге шығатын адам қалмағанын, балалары­ның ауыра бастағанын айтып, егіліп жылапты. Бұл отбасы төрт күн бойы суық пәтерде қамалып отырған. Қиын жағдайға қалған шаңырақ жайлы естіген еріктілер жылытқыш әкеліп берген. «Көршілерімнің айтуымен 109 телефонына хабарласқан соң еріктілер келіп көмектесті. Үйде ыстық су да жоқ, электр плитаға су ысытып, балаларымды сонымен жуындырамын. Енді бір-екі күн жағдай осылай жалғасса, суықтан үсіп өлетін шығармыз», дейді көзіне жас алған мүмкіндігі шектеулі жан.

Ал «Отарқа» газетінің редакторы Жа­наргүл Қадырова редакция ішіндегі суық сүйектен өтетінін айтты. «Денеміз мұз­дап, басымыз ауыра бастаған соң кезек­ті нөмірді әзірлеу үшін компьютеріміз­ді көтеріп үй-үйлерге тарадық», дейді. Мұндай жағдай «Голос Экибастуза» га­зе­тіне де тән. Шаһардағы кейбір азаматтар үйлері­нің балкондарына «буржуйка» мен дизель­ді пештерді орнатып, от жағып, үй жылы­тып жатқандарын да байқадық. Ал Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі тағы бір үйдің ауласында кәдімгі күрке пайда болды. Оның ішіне аязда пеш орнатылып, жөндеу жүр­гізушілер жан сақтаған.

Мұздап қалған үйлерді күні-түні жылытып, барын салған жөндеу бригадалары­ның ерен еңбегін айрықша атап өткен абзал. Көбі өңірдегі ірі кәсіпорындардан кө­мек ретінде келді. Мәселен, «Водострой» ЖК басшысы Олеся Швецова Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі бірнеше үйге өз брига­даларымен жауаптанған. Жөндеушілер жертөлелер мен пәтерлердегі құбырларды қыздырып, жарылған радиаторларды ­ауыстырып жатыр. «Жұмыс тәулік бойы жалғасып жатқанына қарамастан, аязда қатып қалған темір құбырларды жібіту оңай шаруа емес, бір тесікті жамасақ, ыстық су екінші бір тұстан жарып шығады, сон­дықтан кейбір учаскелердегі желілерді толығымен ауыстырып жатырмыз», дейді мердігер фирма өкілі.

6

Кінәлі Клебанов пе?

Көмірлі шаһардағы кешенді апатқа кім кінәлі? «Екібастұз жылу-энерго» «Ор­та­лық Азия Электроэнергетикалық Кор­по­рациясы» АҚ-қа бағынышты компа­ния болғандықтан, Екібастұз жұрты бар жауап­кершілікті олигарх Александр Кле­банов көтеруге тиіс деп санайды. Себебі 2008 жылы станса акционерлік қоғам­ның құрамына кіргелі жылу желілерінде жүйелі жаңғырту жұмыстары мүлде қолға алынбаған.

Айтпақшы, 2019 жылдың қаңтар айында жылу орталығындағы жабдықтардың әбден тозуынан кісі өлімі де болған. 39 жасар азамат қазандық агрегатын реттей­мін деп жүріп 450 градус ыстық суға күйіп жан тапсырды. Кәсіпорын басшылығы бұл жағдайға марқұмның өзі кінәлі деп тауып, мәселені жылы жауып қоя салған еді.

Екібастұз шаһарын 2018-2019 жылдары басқарған Нұржан Әшімбетов ЖЭО-ның апат жағдайында тұрғаны әуелден-ақ белгілі болғанын айтты. Алғаш әкім болып тағайындалғанда «Павлодарэнерго» АҚ-ның басшылығы стансаны коммунал­дық меншікке алыңдар, қолданыстағы тарифтер есебінен кәсіпорынды жаңғыр­ту­ға біздің мүмкіндігіміз жоқ деген ұсыныс­пен шығыпты.

– Сол уақытта арнайы жұмыс тобын құрып, жергілікті жылу саласы мен энергетика ардагерлерін іске қостық. Тексере келсек, шынында жылу желілерінің жағдайы адам шошырлық екен. Ол кезде біз жылу тораптарын ғана коммуналдық меншікке қабылдап, бюджет есебінен жөндеуге дайын екенімізді айтқан едік. Бұл тамыз айының соңы болатын. Жылу беру маусымы жақын болғандықтан, мәселе уақытша ысырылып қалды. Сөйтіп, ол менен кейін де шешілмеді, – дейді Нұржан Кемерұлы.

Экс-әкімнің сөзіне құлақ түрсек, Екі­бастұздағы ЖЭО-ны бюджетке өткізу қисынсыз. Себебі жабдықтары тым тозып кеткен. Ал жаңасын салуға өте көп мөлшерде қаражат керек. Сондықтан жылу желілерін ғана коммуналдық мекемелер өз құзыретіне қабылдауға тиіс. Кезінде кор­порация шығынды кәсіпорынды қалай са­тып ала салғаны да таңғалдырады. Шама­сы мемлекеттен жылма-жыл бөлінетін мил­лиондаған субсидияның астында қаламыз деп дәмеленсе керек.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр 1 желтоқсан күні өткен баспасөз мәслихатында апатқа олигарх Клебанов та, мәселені жылы жауып келген облыс басшылығы да айыпты емес, жылу орталығының қызметкерлері кінәлі деп жауап берді. Стансаның сол күнгі ауысымындағы адамдар қысымды нормадан тыс көтерген. Ол жайында бұған дейін газет бетінде кеңірек жазған болатынбыз. Осылайша, «айран ішкен құтылар, шелек жалаған тұтылар» деген нақылдың кері келіп тұр.

Ал Александр Клебановтың өзі бұл жағдайға былай деп жауап қатты:

– Апаттың бірінші күнінен бастап мен және кәсіпорынның барлық қызметкері апаттың салдарын жою үшін жұмыс істеп жатырмыз. Әлеуметтік желіде Екібастұз ЖЭО-ны мемлекеттің меншігінен алды деген теріс пікірлер кездеседі. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Себебі біз бұл активті 2008 жылы жеке компаниядан сатып алдық. Біз жылу желілерінің тозу мәселесін бұған дейін де бірнеше рет көтердік. Алайда жеке компания ретінде тұтынушылар үшін белгіленген тарифтік бағаны көтере алмаймыз. Сол себептен де кәсіпорынның шығыны әуел бастан көп. Кәсіпорынның кірісі тіпті станса­ны қамтамасыз етуге де жетпеді. Біз ЖЭО-ны мемлекет меншігіне беруге дайын екен­дігіміз туралы ақпарат таралып жатыр. Біз бұған дейін де бірнеше жыл қатарынан ЖЭО-ны қала қарамағына беруге ұсыныс білдірдік. Осыны ескеру маңызды. Ал енді барлық жағдайды ескере отырып, біз қазіргі жайтты орнына келтіруге және «Екібастұз жылу-энерго» капиталына мемлекеттің де қатысу мүмкіндігін қарастыруға дайын­быз. Өз тарапымнан жағдайдың шығу себептеріне қарамастан, компания апат салдарынан зардап шеккен үйлерді қалып­қа келтіру міндетін өз жауапкершілігіне алатындығын хабарлаймын, – деді олигарх.

«Орталық Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Оралдың берген жауаптары да осыған саяды. Ол корпорация жылу орта­лығындағы құрал-жабдықтарды жөндеуге биыл 300 млн теңге, ал жылу желілерін жаңартуға 200 млн теңге көлемінде қаражат бөлді дейді. Шамамен 600 метр құбыр ғана ауыстырылыпты. Компания 2023 жылға тарифтерді шамамен 108 пайызға көтеру туралы тиісті органдарға өз ұсыныстарын жолдап қойған.

Жылу орталығының жұмысы қалыпты

Қазіргі күні Екібастұз жылу-энерго орталығында жағдай қалыпты. Аян Бей­секин жалпы саны 10 қазандық агре­гатының алтауы кідіріссіз жұмыс істеп тұр­ғанын, өзгесі резервте қалдырылғанын баяндады. Жылу температурасы қалыпты дең­гейде ұсталуда. Шаһарда электр жы­лыт­қыштардың көп қосылуынан электр қуа­тына түсетін жүктеме 1,5 есе артқан. Бұған дейін тәулігіне 32 мегаватт тұтынатын қалаға қазір 48 мегаваттың өзі жетпей жатыр. Сондықтан КЕГОК компаниясы қосымша қуат бөліп отыр.

Екібастұз қалалық ауруханасында қазіргі күні 250 науқас бар. Оның 71-і перзентханаға жатқызылған. Аурухана бөлімшелерінде температура режімі 18-22, перзентханада 22-23 градус аралығында сақталып тұр. Бұл санитарлық нормаларға сәйкес келеді деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы. 39 науқас (оның 8-і – бала) Павлодар қаласына кө­шірілген. Олардың арасында 3 жүкті әйел бар.

Ресми деректерге сүйенсек, жөндеу бри­гадаларының күшімен сенбі күні жы­луға жаңадан 9 тұрғын үй қосылды. Сол күнгі кешкі сағат 20.00-де апат қыспағында әлі де көпқабатты 19 тұрғын үй бар деп мәлімдеді Олег Крук.

– Екібастұздағы жылыту бекеттерін­де барлығы 213 адам, оның ішінде 6 бала орналастырылды. Жылуға қосылмаған ­19 үй бар. Пәтерлерде жарылған 800 батарея ­ауыстырылды. Жылу радиаторлары бар­лық үйге жетеді, ертең Павлодардан қосым­ша 1 200 данасы жеткізіледі. Қазір жылу беруде теңгерімсіздік байқалып тұр. Кей­бір жылуға қосылған үйлерде бір-екі сағат­тан соң температура қайта түсіп кетеді. Мы­салы, Мәшһүр Жүсіп көшесі, №91 үй­дегі жылу қысымын құбырға қағылған ағаш сына бөгеп тұрған. Ертең кешке дейін барлық үйді қосуға тырысып көреміз. Азаматтар сабырға келіп, төзімділік танытуын сұраймын, – деді О.Круг сенбі күнгі өткен брифингте.

Ал кеше таңертеңгі ақпарат бойынша әлі де 11 тұрғын үйге жылу кіргізілмегені анықталды.

А.Бейсекин бүгінде 46 үйде суық су құбырлары мүлде қатып жатқанын айтып, жылуды реттеген соң жөндеу бригадалары соған жұмылады деді. Әкімнің сөзіне сүйенсек, зардап шеккен пәтер иелерінің барлығына тиісті көмек көрсетіледі. Ол үшін адамдар қазірден шығындарын тізіп, қаладағы арнайы пункттерге әкеп тапсыруы керек. Олардың мекенжайы әкімдіктің парақшасында көрсетілген. Ал шығын көлемі туралы айтуға әзірше ерте. Барлығы жиналған соң, арнайы комиссия есебін шығарады.

Апатты жоюмен шұғылданып жатқан мамандардың сөзінен ұққанымыз, қыстың күні әбден мұздап қалған үйлерді жылу­ға қосу өте қиын үдеріс. Мұз құрсауында­­ғы отты қаланың әр жерінде бұрқырап жат­қан судың булары бүгінде күрт азай­ған. Енді тұрғындар тезірек қалыпты өмір жағдайына көшуге асығулы. Алайда қыс­тың көзі қырауда Екібастұз сын сағатын әлі еңсере алмай тұр.

54

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы