Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2022

Қаржы пирамидаларына қайта қаражат тарту жағдайлары жиіледі

486 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда қылмыстық әрекеті сотта дәлелденген қаржы пирамидаларына қайта қаражат тарту жағдайлары жиілеп барады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаржы пирамидаларына қайта қаражат тарту жағдайлары жиіледі

Оларды бұрынғы жалған инвестициялық қызметтің ойдан шығарылған тұрақтылығын көрсетіп, танымал атауларды, ақша тартудың бірдей әдістерін қолданатын арам пиғылды адамдар ашады.

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі «LV Force», «World Business Consulting», «The Finico», «Caspian Crocus», «B2B Jewelry», «ПК Елімай-2019», «Мебельный проект Нур», «Лидер», «Лидер капитал-168», «Нарымбетова», «Hermes -LTD» және т.б. сияқты қаржылық пирамидалардың қызметіне тосқауыл қойған болатын.

«Олар қарапайым мессенджерлерден бастап білім беру курстары мен жылжымайтын мүлік сатып алуға дейін әртүрлі қызмет түрлерін ұсынып, азаматтардан ақша алудың қылмыстық схемаларын жүзеге асырды. Компаниялар қаржы пирамидасы болып, халық жинаған қаражатынан айырылып жатқанына қарамастан, кейбір азаматтар қылмыскерлердің жарнамалық науқандарына ілініп, ақша салуды жалғастыруда», делінген ҚМА хабарламасында.

Осыған байланысты Қаржылық мониторинг агенттігі профилактикалық жұмыстарға баса назар аударып, оқушылар мен студенттер арасында қаржылық қауіпсіздік және сауат ашу сабақтарын өткізіп, қаржылық пирамида белгілері бар сайттар мен аккаунттарды анықтау үшін заманауи технологияларды қолдануда.

Агенттік азаматтарды қырағы болуға, жинақтарын күмәнді қаржылық компанияларға салмауға шақырды. Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз қаржы пирамидасының қызметіне тап болса, бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігіне дереу хабарлаңыз.