Оқиға • 05 Желтоқсан, 2022

Шығыс Қазақстанда пойыз бір үйір жылқыны қағып кетті

347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысында жүк пойызы 8 бас жылқыны қағып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстанда пойыз бір үйір жылқыны қағып кетті

5 желтоқсанда сағат 7:17-де Шығыс Қазақстан облысының «Коршунова-Черемшанка» аралығында жүк пойызы 8 бас жылқыны қағып кетті. Пойыз оқиға орнында жоспардан тыс 19 минут тұрған. Бұл туралы ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов мәлімдеді.

М.Айтуғановтың айтуынша, оқиға орнына Риддер станциясындағы Желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері бірден жетті. Өткізілген тиісті іс-шаралардың нәтижесінде үй жануарларының иесі, ШҚО Глубокое ауданының 33 жастағы тұрғыны анықталды.

– Аталған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырып, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Жалпы, жыл басынан бері теміржол бойында малдың болуына байланысты пойыздардың шұғыл тежелуінің 1463 фактісі тіркелген. Оның ішінде теміржол бойында мал жайғаны үшін 1169 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді ол.