Қазір барлық үйдің жертөлесіне жылу тасымалдағыштар кірген. Жұмыстар қызу жүріп жатқан 12 үйдің кейбір подъездеріндегі құбырларға жылу жүгіруде. Алайда үйлерді жылумен толық қамту әзірше мүмкін болмай тұр.
Бүгінгі сағат 19.30-дағы мәлімет бойыншапәтерлерге 2000 жылу батареясы орнатылды. Қорда қосымша 4000 батарея бар.
«Негізгі проблема туындап тұрған үйлер – Сәтбаев көшесі, №8 үйдегі 3, 4, 5, 6-ыншы корпустар, Мәшһүр Жүсіп көшесі, 52-үйдегі 3, 4, 5, 6-ыншы корпустар, Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі, 55, 46, 46А, Бауыржан Момышұлы көшесі, №68-үйлер. Құбырлар мен регистерлерді ауыстыру жұмыстары тәулік бойы жүруде», деді жедел штаб өткізгенкешкі брифингте Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Олег Крук.
Қала басшысы Аян Бейсекин ауызсу жүйелері қатып қалған 28 үйде құбырларды жібіту жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мұндай үйлер саны - 46.
«Жылу желілерінде өте үлкен теңгерімсіздік байқалады. Кейбір пәтер иелері үйлерінің аса ыстық екенін, аязда терезе ашып отырғандарын айтады. Ал өзге аумақтарда жылу параметрлері дұрыс көтерілмей тұр. Енді бір ПИК-тер қалада апат орын алған күні өздеріне қарасты үйлердің жылу желісіндегі суды ағызып жіберген. Себебі ондағы қысым мен жылу көрсеткіштері өте төмен болған деп отыр. Шаһарда 420 км жылу желісі бар. Бұл тораптардың барлығын реттеу, теңгерімге келтіру әлі де болсын біраз уақытты қажет етеді», деп атап өтті ол.
Жылудан ажырап тұрған жер үйлерге де жөндеу бригадалары жіберілуде. Алайда бұл жерлердегі қалпына келтіру жұмыстарында су көп ысырап болуына байланысты барлық үйді бір мезгілде қосу мүмкін емес екен.
Айтып өтейік, жылу желілері әлі де қалпына келмеген 12 үйде шамамен 1200-дей пәтер бар.