Салтанатты жиында еліміздің әлеуметтік, қоғамдық өміріне белсене араласып, мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүрген 42 волонтер мен волонтерлік ұйымдар марапатқа ие болды.
– Бүгінде волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы жүзеге асып жатыр. Онда Мемлекет басшысының Волонтер жылы аясындағы тапсырмаларын іске асырудағы шаралар кешені қарастырылған. Волонтерлерді даярлаудың бірыңғай бағдарламасы да дайындалды. Қазір волонтерлік қызметке атсалысып жүрген азаматтар мен ұйымдар санының тұрақты өсуі қалыпты жағдайға айналды. Осыдан 2 жыл бұрын волонтерлік ұйымдардың саны 224 болса, бүгінгі таңда ол 700-ге жуықтады. Белсенді волонтерлер саны 50 мыңнан 200 мыңға, яғни 4 есе өсті. Оның 65 пайызы – 29-дан 54 жасқа дейінгі азаматтар, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Жиында айтылғандай, қоғамның әлеуметтік сұраныстарын ескере отырып, жануарларды қорғау, экология, азаматтардың ұзақ өмір сүруін қамтамасыз ету сияқты үздік жобалар жалғасын тапты. Жобалар аясындағы түрлі әлеуметтік іс-шараға 20 мыңнан астам волонтер қатысты. Жануарларды қорғау бағыты бойынша 100-ден астам иесіз жануар арнайы мекемелерге орналастырылды. «Күміс волонтерлікке» мыңға жуық зейнет жасындағы азаматтар қосылды.
Сонымен қатар жиында Қазақстандағы БҰҰ-ның атқарушы үйлестірушісі Артур Ван Дизен ұйымның атынан үш еріктіні марапаттап, жыл бойы 70 өтініш келіп түскенін, олардың барлығының өзіндік маңызы барын айтты.
Еріктілер осыдан бірнеше жыл бұрынғы Арыстағы жарылыс пен Маңғыстаудағы қуаңшылық кезінде және кешегі Қостанайдағы алапат өрт тұсында ерекше белсенділік танытқанын білеміз. Сонымен қатар олар Екібастұздағы келеңсіз жағдайда да қол ұшын созып, көмек көрсетіп келеді. Осыған орай «Төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысқаны үшін» номинациясы тағайындалып, аталған облыстардың үздік еріктілері ерекше назарда болды. Ал «Үздік әлеуметтік көмекші» номинациясының жеңімпаздары жыл бойы мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарияларға, әлеуметтің осал топтарының жанынан табылған. Осы орайда Астана қаласының бес отбасына азық-түлік жеткізіп тұрған Марал Есекешева мен Жетісу өңірінен келген, оқушыларға әлеуметтік, психологиялық көмек көрсеткен Жансерік Байденовтің еңбегі зор. Олар «Еңбектің еленгені жақсы, бірақ бұл біздің адами парызымыз» деп санайды.