«Күйсандық көрсең, бір тілін,
Мені ойлап бар да, басып қал». Пианиноны көргенде алдүзік ақын Төлеген Айбергеновтің осы өлеңі ойымызға орала берді. Өлмейтін де өшпейтін тақырыпта туынды жазып, жан толқынысын жасампаз әуенге қонақтатып, оны домбыраның ішегіне, қобыздың шанағына құйып, рояльға рең берген Төлебаевтың талантына тағдыр да бас игендей. Мұқанның музыкасында Жетісу топырағының майса желі, ақтүтек бораны, дәруіш дауылы, тауға қарай алқына жүгірген балалардың ентігі, қариялардың өсиеті, аналардың көз жасы, сұлудың сыланған сәті, бозбаланың батырлығы бәрі-бәрі қоныстанған. Күйсандық өңірлік Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің экспозициясында тұр. Бүгінде мұражайдың құнды жәдігерлерінің бірі де бірегейі.
Бұл күйсандық күллі қазақ музыкасының күмбірі секілді. Бірде Мұқан Төлебаев қаланың қауырт тірлігінен қажыса керек, кіндік қаны тамған топырағы бүгінгі Сарқан ауданына қарасты М.Төлебаев (бұрынғы Бөрлітөбе ауданы, Үлгілі ауылы) ауылында тұратын інісі Әбілмәжінге хат жазады. Бұл 1942 жылдың жазы еді. Үшбу хатта жақында еңбек демалысына шығатынын ескертіп, көптен бері жоспарлап жүрген «Біржан-Сара» операсын жазуға қажет пианино тауып қоюды өтінеді. Екінші дүниежүзілік соғыс етектен тартып тұрған сәт. Ағасының өтінішін жерге тастауға батпаған інісі ел-жұрттың құлағын бір шулатады.
Соғыс жылдарының қиындығына қарамастан туған-туыстары мен ауылдастарынан сұрастыра келе, Бөрлітөбе ауданыңдағы орта мектепте бір үлкен пианиноның бар екенін анықтайды. Ол заманда ауыр аспапты Үлгіліге жеткізу оңай шаруа емес. Әйтсе де шешінген судан тайынбас дегендей, әуелі өгіз арбаға салып, артынан Балқаш көлі арқылы қайықпен композитордың ауылына әкеледі. Құдайдың өзі жәрдемдескендей, туған топырағына табаны тиген талант иесінің шабыты шарықтайды. Көп ұзамай композитор әлемдік деңгейге жеткен «Біржан-Сара» операсының бірінші және екінші актілерін жазады.
Аталған еңбегі 1949 жылы Төлебаевты өнер саласының биік тұғырына көтеріп, Мемлекеттік сыйлықтың тәжін кигізген еді. Мектепке қайтарылып берілген аспапты 1980-жылдары М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері аттай қалап алып келген. Сол уақыттан бастап музейдің жауһар жәдігеріне айналған. Бүгінде жыл өткен сайын бағасы артып, музейге келушілердің қызығушылығын тудыруда. Осы сәтте ұлы композитор ұстаған күйсандықты сипаттай кетсек. Аталған аспап 1930-жылдары Ресейде жасалған. Маркасы – «Красный октябрь», түсі – қара. Материалы металл мен ағаштан құралған фабрикалық өнім. Өлшемі: 130 х 145 х 70 см.
Осы тұста тағы бір есті әңгіменің еске түсіп отырғаны... Даңқты композитор Еркеғали Рахмадиев жасөспірім шағында Мұқан Төлебаевтың қазақ опера өнеріндегі шоқтығы биік «Біржан-Сара» операсының дүниеге келуіне куә болған деседі. Олай айтуымызға бірден-бір себеп, қос алыптың ауылдары көршілес болуы. Еркеғали оқыған мектептің директоры бір күні оны бір топ өзі сияқты оқушымен көрші ауылға пианино алып келуге жұмсайды. Бұл біз жоғарыда айтқан көркем күйсандық еді. Дәл осы музыкалық аспаптың күшімен «Біржан-Сараның» алғашқы ноталарын қағазға түсіреді. Ол әуендерді естіп жүрген оқушы Еркеғали опера өнеріне сол кезде бойлай бастаған екен. Кейіннен музыканың осы күрделі жанрында «Қамар сұлу», «Қыр шұғыласы» «Алпамыс», «Тың тынысы», «Қайран Майра» және «Абылай хан» операларын жазды.
«Біржан-Сара» операсының либреттосын жазған академик Қажым Жұмалиев Төлебаев туралы өз жазбасында «Мұқан өлең жазбағанымен, ақын адам еді» деп баға береді. Өзге композиторлар секілді тек музыкасын ғана жазып, сол әуенді дайын либреттомен біріктіре салу сазгер табиғатында болмаған екен. Операның әрбір көрінісін жанының бір бөлшегіндей аялап, әлпештей дайындапты. Тіпті кейде Қажым Жұмалиевтің өзіне опера либреттосына қатысты пікірі мен ұсынысын да қоса айтып, кемшін түсіп жатқан тұстарының тігісін жатқызып, түзетіп жіберетін көрінеді.
Иә, адам қандай қызмет атқарса да, қай биіктен көрінсе де өзін елге әйгілеген өнердің туын жығуға құқылы емес. Тіпті әлемге аты жайылған теңдессіз әрі қайталанбас талант болса да. Алайда Мұқан Төлебаевтың бойында бабадан қалған тектіліктің бары анық. Оған дәлел, қазақтың мәрт өнері мен сол жолда жүрген өнерпаздарға қамқорлық танытып, әрқашан мұқым елдің мәңгілік мұрасын кеңітіп, болашаққа аманаттап кеткені.