Өнер • 05 Желтоқсан, 2022

Музыка рыцарі

326 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Өнерде шекара болмайды» деген тәмсілдің ақиқат екендігіне шүбәсіз сенесіз. Жалпы жұрт жадынан өшпейтін өнер жасаған таланттардың туындылары – адамзатқа ортақ құндылық. Осы ретте орыстың көрнекті композиторы Андрей Петров туралы айтқанды жөн көрдік. Айтпақшы, оны кеңес дәуірінде туған адамдар жақсы біледі. Әсіресе оның есімі жалпақ елге әйгілі режиссерлер Георгий Данелия мен Эльдар Рязановтың ғажайып көркем фильмдеріне жазған бірде мұңлы, бірде сырлы музыкасымен танылды.

Музыка рыцарі

Болашақ композитор 1930 жылы қазіргі Санкт-Петербург қаласында өмірге келген. Әке­сі дәрігер-хирург, анасы су­ретші болған. Кейіпкеріміз бала күнінен кітапты жақсы кө­ріп, Пушкиннің поэзиясы мен Паус­товскийдің романтикалық прозасын сүйіп оқыған. Со­ның әсерімен жазушы болсам деп армандапты. Бірақ бұл ойынан ұлы композитор Иоганн Штраустың өмірбаяны желісімен түсірілген «Үлкен вальс» фильмін көргесін бірден айнып, композитор бо­луға құштарлығы оянады. Сөй­тіп, өнерге ынтық өрен алдымен музыка мектебінде, одан соң музыкалық училищеде тәлім алды. Кейін Ленинград мем­лекеттік консерваториясын тә­мамдап, кәсіби музыкант болды.

Айтулы өнер иесінің шығар­машылығы сан қырлы десек болады. Ол көркем фильм, спектакль және эстрадаға ғана музыка жазып қойған жоқ, сонымен бірге балет, опера, симфония се­кіл­ді күрделі жанрларға қалам тартып, бірегей шығармалар тудырды. Біз мақаламызда Андрей Петровтың көркем фильмдерге жазған музыкасы туралы сөз қозғаймыз.

Композитор көркем фильм­дерге музыканы өткен ғасыр­дың 60-шы жылдарының басынан жаза бастады. Алғашқы жазған музыкасы «Синей птице» атты фильмге арналды. Бұл туындыда басты рөлдерді Элизабет Тей­лор, Маргарита Терехова және балерина Надежда Павлова се­кілді танымал актрисалар ой­наған. Кинодағы жолы сәтті бас­талған композитор одан кейін «Мәскеуді аралап келемін», «Адам – амфибия», «Дос туралы ән» және т.б. фильмдерге музыка жазды. Оны жұртшылық өте жылы қабылдады. Мәселен, көр­некті режиссер Георгий Да­­­нелия түсірген «Мәскеуді ара­лап келемін» атты көркем фильмді әлі күнге көрермен зор ықыласпен тамашалайды. Бір жағынан, осы туындының сәтті шығуына шығармаға өң бе­ріп тұрған му­зыкасының әсері үлкен. Шы­нында да, кино бас­талғаннан адамның сезімін тер­бейтін ой­нақы әсем саз бірден тартып әке­теді. Мұны Андрей Петровтың ше­берлігі деуге болады.

Әсіресе композитордың ре­­­жиссер Эльдар Рязановпен шы­ғармашылық байланысы оған үлкен даңқ әкелді. Екеуінің тан­демінен туған «Қызметтестер хикаясы», «Мұңлы романс», «Вок­­залда кездескен екеу», «Ав­­то­мобильден сақтан» және т.б. туындылары кеңес кино­сының классикасына айналды. Бүгінде екі сериялы «Қыз­мет­тестер хикаясынан» жа­­рық­қа шыққанына 45 жылдан аса уақыт өтсе де оны көрер­мен­ әлі қызығып көреді. Ста­­тистика басқармасының қа­тар­­­дағы қызметкері, жалғыз­басты әке Анатолий Ефремович Новосельцев пен мекеме басшысы, тұрмыс құрмаған Людмила Прокопьевна Калугина арасын­да өрбіген оқиға сол кезең­дегі қоғамның әлеуметтік шын­ды­­ғын нанымды бейнелеген. Фильм жарыққа шыққанда оны 58 миллион адам тамаша­лап, жоғары бағалаған. Бұл туындыда режиссермен бірге композитордың еңбегі ерекше екенін айтамыз. Әсіресе табиғат көріністерімен үндесе жазылған әуезді әуен адам жанын толқы­тып, әсем күйге бөлейді. Сон­дай-ақ «Вокзалда кездескен екеу» атты фильмдегі Петров­тың му­зыкасы буфетші әйел Вера мен мәскеулік пианист Пла­­тон Рябининнің арасындағы махаб­бат сезімін жып-жылы жет­кізіп, оның мазмұнын байы­та түскен.

Сонымен бірге Георгий Да­не­лияның 1979 жылы түсір­ген «Күзгі марафон» филь­мі­нің музы­касы аталған туын­ды­дағы адал, еңбекқор, бі­лімді бас кейіп­кердің жан-дү­ние­сі­мен үйлесіп тұрғанын кө­ре­сіз. Жал­пы, осы кинодағы оқи­ғалар­ды композитор тап ба­сып, ай­шықты өре білген. Да­нелия ол туралы: «Оның талантын жо­ғары бағалаймын. Өте сенімді адам. Сондықтан да оған рухани қа­­жет­тілікті сезінетін бар­лық нәр­­сеге сене алдым» деп айтып­ты.

Талант иесі Георгий Дане­лия, Эльдар Рязанов және тағы басқа белгілі режиссерлердің бірінен бірі өтетін туындыларына жазған музыкасы арқылы қаншама кө­рер­менді рухани ләззатқа бө­леді. Бірде Георгий Данелия оны мерейтойымен құттықтап, оған: «Сіз Эльдар Рязановтың фильм­деріне музыканы маған секілді емес, жаныңызды салмай жазыңыз», деп әзілдеп хат жолдапты. Со­ған қарағанда оның режиссерлер арасында бе­делі жоғары болғандығын бай­­қаймыз. Та­лантты тұлға бас-аяғы 80-нен аса фильмге музыка жазып, кинода қолтаңбасын қалдырды.

Қорыта келгенде, КСРО мем­­лекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, композитор Ан­дрей Петровтың өнердегі өн­егелі ізі музыка әлемінде сай­­рап жатыр. Сондықтан да оған жақын дос­тары «музыка ры­царі» деп баға беріпті. Осы сөзге оның барл­ық болмысы сыйып тұр.