04 Маусым, 2014

Комитеттің көшпелі отырысы

330 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов бастаған бір топ депутат Қызылорда облысына арнайы сапармен келіп, елдің тыныс-тіршілігімен танысып, көшпелі отырыс өткізді. Олардың қатарында Асхат Бекенов, Талғат Ерғалиев, Серікжан Қанаев, Надежда Нестерова, Әмірхан Рахымжанов, Айгүл Соловьева сынды ел сеніміне ие болған депутаттар бар. Астанадан арнайы келген меймандар алдымен қалаға қарасты Ақсуат елді мекенінде болып, ауылдың бүгінгі жай-күйімен танысты. DSC_0901 Жұмыстарын жаңадан ашылған ауыл­дық клубтың күйімен танысудан бастады. Мұнан соң өткен жылы іске қосылған жол төсенділерін шығаратын шағын зауытта болды. Мұнда бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «Шығарған өнімге сұраныс жоғары»,– дейді зауыт басшысы Асхат Нұрсейітов. Халық қалаулылары «Smart Rubber» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де болды. Аталған мекеме жарамсыз шинаны өңдеумен айналысады. Инновациялық жобаның экологиялық тұрғыдан тигізер пайдасы көп. Қазақстан мен Германияның бірлескен кәсіпорны жылына 2,5 мың тонна дөңгелек қабылдап, одан 1,5 мың тонна резеңке ұнтағын шығарады. Өнім терең өңделіп, жасанды футбол алаңдарының беткі қабаты өндіріледі. Алдағы уақытта өңірде салынатын ойын алаңдарында осы өнім қолданылады. Сондай-ақ, жол құрылысына қажетті белсенді ұнтақ шығарылады. Битуммен араласқан бұл ұнтақ асфальттың сапасын жақсартады. Ал «ҚазРоссИнновация» мекемесі ауыз суды сүзгіден өткізетін қондырғыны құрастырумен айналысуда. Депутаттар инновациялық жобалардың ауылдық жерде көбейіп жатқандығы қуантады дейді. – Өзін өзін басқару туралы заңнама өткен жылы қабылданғанын білесіздер. Соның өңірлерде жүзеге асу барысымен танысып жатырмыз. Тағы бір айта кетерлігі, Қызылордада облыс орталығынан бөлек, шалғайдағы ауылдарда кәсіпкерлік саласы жанданып келеді екен. Бұл жұмыссыздық­тың жойылып, халықтың жағдайы жақсарып келе жатқандығының айқын көрінісі,– дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Сейітсұлтан Әйімбетов. Сондай-ақ, халық қалаулылары кеше ғана үш елдің басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім отандық өнімді өзгелерге өткізуге мүмкіндік туғызатынын атап өтті. Сапар барысында Мәжілістің Эко­номикалық реформа және өңірлік даму комитетінің көшпелі отырысы өтті. Жиынға аталған комитеттің мүшелері мен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. Көшпелі отырысты ашқан Эко­но­микалық реформа және өңірлік даму коми­тетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйім­бетов Қызылорда облысында ауылдық жерлерде жергілікті өзін өзі басқаруда үл­кен тәжірибесі бар екенін және эконо­миканың тұрақты даму үрдісі сақталып отырғандығын айтты. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев өзін өзі басқару бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. – Мұнайлы аймақтың мұңы аз болуы керек. Бастысы, салық базасын кеңейту бағы­тында жұмыс жасап жатырмыз. Өндіріс орындарын уақыт өткен сайын кө­бей­тудеміз. Өткен жылы ауыл әкімдерін курстардан өткіздік. Бірақ бұның өзі аздық етеді. Кадр мәселесінде қиындық көп. Ауылдық жерлерге әкімдікке бірнеше үміткер болуы қажет. Біздің бас­ты міндетіміз билікті барынша халыққа жақындату, – деді ол. Мұнан кейін сөз алған халық қалаулы­лары былтыр қабылданған заңның елге тиімді тұстарын баса айтты. Ал Өңірлік даму министрлігінің өкілдері аймақтардың дамуы турасында тұщымды баяндама жасады. Халық қалаулылары көшпелі жиынды өткізу үшін Қызылорданың бекер таңдалмағанын тілге тиек етті. – Кейбір аймақтарда қаланың өзінде басқару жүйесі бір жолға қойылмаған. Ал Сыр елінде ауылдық жерлерде бұл мәселе шешімін тапқан. Енді оны жандандыра түсу керек. Кеше бірнеше ауылда болдық. Барлығында өсу, өркендеу бар. Тіпті, инновациялық жобалар жүзеге асып жатыр,– деді Сейітсұлтан Сүлейменұлы. Көшпелі отырыс барысында көптеген ұсыныстар айтылды. Депутаттар жасал­ған ұсыныстарды тиісті дәрежесінде кө­теретіндерін мәлімдеді. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.