Аймақтар • 05 Желтоқсан, 2022

Ақын ардақталды

416 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екібастұздың Жанаргүлі. Бұл есім аталса, Кереку халқы өңірдегі ақын қыз-келіншектердің көшін бастаған қазақтың аяулы қызының отты жырларын есіне түсірер еді. Танымал ақын, аудармашы, журналист Жанаргүл Қадырова өз оқырмандарына алғаш рет шығармашылық кешін ұсынды.

Ақын ардақталды

Жүз елу мыңға тарта тұрғыны бар Екібастұз қаласы жер бетіне ГРЭС-2 стансасындағы ең биік құбырымен, «Богатырьдей» алып көмір кенішімен әйгілі, от жүректі адамдарымен бағалы. Осындай даңқты шаһардың еңбек адамдары мен олардың жарқын да жасампаз істерін қаламына арқау етіп келе жатқан ақындардың бірі – Жанаргүл Қадырова. Ол Екібастұз қаласындағы жалғыз қазақ­тілді басылым – «Отарқа» газетінің редакторы, «Жетінші қабат», «Әкенің көзі», «Баянда тосам», «Ер әкеме ескерткіш» кітаптарының авторы. Бірнеше жыр жинақтары түрік, әзербайжан, қырғыз тілдеріне аударылып, осы елдерде жарық көрген қазақ ақындары антологияларына кірді. Сонымен бірге автордың өзі де әзербайжан ақындары жырларын тәржімалау жобасына қатысып, француз классигі Шарль Бодлердің өлеңдерін қазақша сөйлетті.

Баянауылда дүниеге келіп, Керекуде білім алған Жанаргүл Әбдікәрім­қызы әрдайым Екібастұздың айбынын асқақ­татып келеді. Отты жырларының тууына себепші болып, шабытына қанат бітірген бұл қаланы Жанаргүл ақын әлемге жылу мен жарық сыйлаған «Шам шаһарға» теңейді.

«Тастұғырда – қазақтың қара шалы,

Мынау – соның қалдырған

қара ошағы.

Әлемге де үлгерген аты шығып,

Шам-шаһардың артады бағасы әлі», – дейді алда қаланы жарқын болашақ күтіп тұрғанына меңзеп.

Бір сәт ақын өзі жан-тәнімен сүйетін қаланы Жұмат Шанин атындағы туған ауылына да ұқсатады.

«Күнің көкте жайнаған лағыл құсап,

Ыстық маған сендегі дабырлы сәт.

Екібастұз, тұрасың жанарымда

Сол баяғы мен туған ауыл

құсап...»

– деп қиял қанатына мініп, ауылына да саяхат шегеді.

Жалпы, Жанаргүлді ақын ретінде танытқан – махаббат, сүйіспеншілік тақырыбындағы лирикалық жырлары. Оның «Жетінші қабат», «Сәйгүліктердің патшасы», «Баянда тосам» өлеңдері көпшілікке жақсы мәлім.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, танымал әнші Меруерт Түсіп­баева орындап жүрген көптеген әннің сөзін Жанаргүл ақын жазған. Осы кеште өнер иесі «Саған қарай», «Жаратқан ием», «Жан аға», «Сұрауы бар», «Ел төріне тарту» әндерін шырқады. Сонымен бірге Жанаргүл Қадырованың сөзіне жазылған «Бауырым» әнін жергілікті әнші Гүлмира Алданова, «Жауып тұр жауын» әнін Алтынгүл Бақытхан, «Сәйгүліктердің патшасы» әнін «Қыран» тобы әуелетті. 

Кеште елі ақын қызды ерекше қас­терлеп, қошемет көрсетті. Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысының мін­детін атқарушы Медет Тауасқан облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, өңіріне «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісін тақты. Ал Қазақстан Жазу­шы­лар одағы өңірлік филиалының төр­ағасы Жарқынбек Амантайұлы Әзер­байжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі атынан Құрмет грамотасын табыстады.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы