04 Маусым, 2014

Инвестициялық ахуалды жақсартатын қадам

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Сенат депутаты Икрам Адырбековтің қатысуымен брифинг ұйымдастырылды. Брифинг аясында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылуына байланысты алдағы уақытта жүзеге асырылатын интеграциялық үдерістер турасында әңгіме қозғалды. Сенат депутаты өз сөзінде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ел Президенті көрші елдермен ынтымақтастық пен әріптестікті дамытуды ел саясатының негізгі басымдығы ретінде айқындап бергеніне тоқталды: «Елбасы 1992 жы­лы қазан айында БҰҰ Бас Ассам­блеясының мінберінен алғаш рет сөз сөйлеген кезде Еура­зия­дағы экономикалық кеңіс­тік­ті қайтадан жандандыру керек­тігіне назар аударған болатын. Міне, бүгінгі таңда бұл идея, осы ұсыныс нақты түрде іске асты. Президенттің тұрақты ұста­ны­мына сәйкес, өңірлік интеграция елдің тек экономикалық мүддесін ілгерілетуге  және дамытуға бағытталатын болады», деді И.Адырбеков. Оның айтуынша, Қазақстан – халық­аралық нарыққа теңіз арқы­лы шығатын жолы жоқ ел болып табылатындықтан, ішкі ша­ғын нарық елдің экономи­калық, ресурстық, транзиттік әлеуе­тін толық ашуға, пайдалануға мүмкіндік бермейді. Ал Еура­зия­лық экономикалық одақ биз­нестің өрісін кеңейтіп қана қой­май, Қазақстанның 170 млн. халқы бар нарыққа шығуына мүмкіндік туғызады. Депутат, сондай-ақ, мем­ле­кеттің пәрменді, белсенді эконо­микалық саясатының нәтижесінде өндірістік инфрақұрылым құ­рылып, қалыптасқанын, осының нә­тижесінде ескі өндіріс орындары қайтадан жаңартылып, бүгінде еліміздің барлық өңірінде жаңа кәсіпорындар салынып жатқанын тілге тиек етті. «Осының негізінде елімізде қысқа мерзім ішінде жаңа кәсіпкерлер, білімді, білікті менеджерлер тобы пайда болды. Бизнес толықтай аяғынан тұрды. Демек, ендігі кезекте инте­грация көрші елдермен тең экономикалық ықпалдастық пен ын­ты­мақтастыққа баруға мүмкін­дік ашатын болады. Жалпы, Еуразиялық экономикалық одақ  –  өндіріс саласын дамытудың, отандық тауарды сату нарығын кеңейтудің, ұлттық бизнестің бәсекелестік әлеуетін арттырудың жаңа мүмкіндігі. Қазіргі таңда Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге қатысты жұмыстар қар­қынды түрде жүргізілуде. Демек, Қазақстанның осы ұйымға мүше болуға толықтай мүмкіндігі бар», деді ол өз сөзінде. Брифинг аясында Сенат депутаты шикізаттық емес саланы қарқынды дамыту үшін инвесторларға қолдау көрсе­тіліп, жаңа мүмкіндіктер қарас­ты­ры­латынын да атап өтті. «Парламент осы сессияның аяғына дейін ин­вестициялық климатты жақ­сартуға бағытталған жаңа заң қабылдайтын болады.   Мәселен, ма­мандардың зерттеуінше, Қазақ­стандағы инвестициялық ахуал кәсіпкерлерге салынатын салық жағынан болсын, заң та­рапынан көрсетілетін жеңіл­діктер жағынан болсын, мемлекет тарапынан көрсетілетін қол­дау-көмек пен субсидиялар жағынан болсын, Беларусь пен Ресеймен салыстырғанда тартымды. Қазіргі күннің өзінде біздің кәсіпкерлеріміз осындай қолдау-көмектің нәтижесінде 18-20 пайыз есебінде артықшылыққа ие болуда», деді депутат. «Әри­не, бұл ұзақ  –  мерзімді жоба. Қол қойған шарттың үш елдің пар­ла­менттерінде бір кезеңде қаралуы, ратификациядан өтуі қарастырылып жатыр. Осыған байланысты, заң жобасы қыр­күйек айында Парламент Мә­жі­лісінің қарауына түседі деп жобалап отырмыз», дей келіп И.Адырбеков осы заң жобасын тал­қылау кезінде депутаттардың бұл жұмысқа сарапшыларды, маман­дарды тартуға да мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».