Қоғам • 06 Желтоқсан, 2022

Әйгілі желаяқ – құрметті азамат

834 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Майлы қиян – Маңғыстауда дүниеге келген Әмин Тұяқовты Атырау өңірімен не байланыстырады? Өзінің айтуынша, үлкен спорттағы қадамы мұнайлы шаһарда бастау алған. Осындағы педагогикалық институтта ашылған жеңіл атлет тобында жүгіруді бастап, 1954 жылы қала чемпионы атанған.

Әйгілі желаяқ – құрметті азамат

Жақында қазақтың абыройын асқақ­татқан желаяқ Әмин Тұяқовқа «Аты­рау облысының құрметті азаматы» ата­­ғы берілді. Мұнайлы өңір жұрт­шы­­лы­ғы да желдей ескен даңқты жел­аяқ­қа көрсе­тілген бұл құрметті жылы қабыл­дады. Өйткені ол 100 және 200 метр қашық­тыққа жүгіруден, 100х4, 200х4 эстафетаға жүгіруден 8 рет КСРО чемпионы атанған. Мұның сыртында жеңіл атлеттен иеленген 10 күміс, қола медалі бар.

Желдей жүйрік желаяқ 1967 жылы КСРО халықтарының IV спартакиадасында 200 метрлік қашықтықта алтын, 100 метрге жүгіруден күміс медальға ие болған. Оның есімі шетелге де кеңінен танылды. Соның дәлеліндей, 1965 жылы Еуропа кубогінің жеңімпазы, бір жылдан соң Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Бұған қоса 50-ге жуық халықаралық жарыста бағы жанып, же­ңіс­тің биік шыңына көтерілді.

– «Қазақтың желаяғы» деген атақ кез келген адамның маңдайына бұйыра бермейді. Алаш қайраткері Әлихан Бөкей­хановтың «Ұлтқа қызмет ету білім­нен емес, мінезден» дегеніндей, спорт­та да на­мыс пен мінез болмаса, жетіс­тікке жету қиын. Дәл осы қасиет Әмин ағамыздың бо­йынан табылып, аламан жарыстарда жеңіс тұ­ғырынан көрінді. «Мен қазаққа ортақ­пын» деп жастарды бөлінуге емес, бірігуге шақырды. Жас буын да, спортшылар да даңқты желаяқтың өнегесін үлгі тұтады, – деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

 

Атырау облысы