Медицина • 07 Желтоқсан, 2022

COVID-19: «Цербер» штамы қаншалықты қауіпті?

337 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тыныштығымызды бұзып, амандығымызға қауіп төндірген коронавирус инфекциясының дүрбелеңі басылғанымен, әлі күнге дейін арамыздан іргесін ажырата қойған жоқ. Былайғы жұртқа байқала қоймас, бірақ күн сайын бұл бәлекет індетке шалдыққан жүзден аса адам анықталып жатыр, арасында бірлі-жарым қайтыс болғандар да бар.

COVID-19: «Цербер» штамы қаншалықты қауіпті?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Бүгінгі таңда елімізде індет жұқтыру көрсеткішінің артуы байқалады. Коро­навирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық ко­миссияның дерегі бойынша, қараша айын­да алдыңғы аймен салыстырғанда індет жұқтыру 1,6 есе өскен. Еліміздің 3 өңірінде – Алматы, Астана және Қарағанды облысында аурушаңдық апта сайын 2,2 есеге дейін өсіп жатыр екен. Сондай-ақ 5 өңірде (Ақмола, Атырау, Жамбыл, Ұлытау облыстары, Шымкент қаласы) кейінгі аптадан бастап сырқаттанушылық аптасына 3,5 есеге дейін біртіндеп өсіп келеді.

Коронавирусқа қарсы тұрар түрлі амал тауып, күресіп баққанымызбен, жағдайға бейімделгіш «жаны сірі» індет мутацияға ұшырап, айналып келіп жау­дай тиюін тыяр емес. Қайтпайтын ви­рустың осы күнге дейін бірнеше штамы пайда болып, қаншама жұртты қан қақсатты. Енді «Цербер» дейтін тағы бір түрі шығып, елімізден мұны жұқтырған адам да анықталды. Алайда мамандар «Омикрон» штамының мутацияланған түріне жататын бұл «Цербердің» аса қауіпті емес екенін айтып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі Сани­та­риялық-эпидемиологиялық бақы­лау комитетінің мәліметі бойынша, Қазақ­станда «Омикрон» штамының «Цербер» субгенетикалық желісі толық геном­дық секвенирлеу нәтижесінде табылды. Аталған комитеттің өкілі Жасұлан Алпыс­баев жаңа штамм жеңіл өтетінін, бұны емдеу коронавирус инфекциясының басқа штамдарынан ерекшеленбейтінін айтты.

«SARS-CoV-2 вирусының генети­калық сипаттамасын толық геномдық секве­­нирлеу әдісімен қараша айында «Омикрон» нұсқасының айналымы анық­тал­ды. Оның 0,5%-да BQ.1.1 субгене­тика­лық желісі («Цербер») табыл­ды, ал 99,5%-да – «Омикрон» штамы­ның бас­қа нұсқалары. «Цербер» штамы­ның белгі­лері «Омикронның» бұрын­ғы кіші түр­лері­нен айтарлықтай ерекше­лен­бейді. Ауру көбінесе жіті респира­тор­лық ауру­дың же­ңіл түрінде өтеді. Қы­зу­дың көтері­луі, буын ауруы, аздап мұ­рын­­нан су ағу, әлсіздік болуы мүмкін, кей­бі­реу­лерін­де ішек ауру­лары бола­ды», дейді Ж.Алпысбаев.

Оның сөзіне қарағанда, штамм тез жұғады, алайда аса қауіпті емес. Науқастарды диаг­ностикалау және емдеу басқа COVID-19 штамдарынан ерекшеленбейді. Инфекциядан қорғанудың тәсілі – COVID-19-ға қарсы вакциналау мен ревакциналау.

Қазіргі уақытта мута­ция­­лан­ған «Цербер» 65-тен аса елде, соның ішін­де Ре­сейде, АҚШ-та, Еуро­па ел­де­рінде анық­талды.

Жалпы, елімізде 6 жел­тоқ­сандағы дерекке сүйен­сек, коронавирус инфекциясынан барлығы 1 374 адам емделіп жатыр. Бұл қатарда коронавирус пневмониясына шалдыққан 191 науқас стационарда, ал 1 183 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жатыр. Індет жұқтырғандардың ішінде 5 адамның жағдайы ауыр, 3 пациенттің жағдайы өте ауыр, 4 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Өткен тәулікте коронавирус жұқтырған 140 адам анықталды. Ал коронавирус пневмониясына шалдыққандар тіркелген жоқ. Бірақ бұрнағы күні бір адамның пневмония­дан қайтыс болғаны белгілі болды.

Миллионнан аса халқы бар Астанадағы ахуалға тоқталсақ, коронавирус жұқтырған 99 адам инфекциялық стационарда емделіп жатыр. Оның ішінде 19 адам пневмонияға шалдыққан. Ал жансақтау бөлімшесінде 8 пациент жатыр, оның төртеуі ӨЖЖ аппаратына қосылған.

Жалпы, елордада бүгінге дейін 265 921 КВИ жұқтыру жағдайы тіркелсе, оның 99%-ы ауруынан айыққан. Күн сайын жедел медициналық жәрдем стансасына КВИ бойынша орта есеппен 8 адам жүгініп жатыр екен. Ал бір тәулікте 400-ден аса адамға ПТР зерттеуі жүр­гізіліп, 64 адамның індет жұқ­тырғаны анықталған. Оның ішінде 6 адам індетті қай­та жұқтырыпты.

Жоғарыда айтылғандай, бұл індетке қарсы тұрудың бірден-бір жолы – вакцина салдыру. Қалай дегенмен, коро­навирусқа қарсы вак­ци­наның толық компонентін қабылдағандардың иммунитеті жаңа штамдарға төтеп бере алатындай әлеуетті болатынын мамандар қаперге салып отыр. Бұл ретте елімізде бүгінге дейін коронавирусқа қарсы вакциналардың бірінші компонентін 10 849 289 адам, ал екінші компонентн 10 613 754 адам салдырғанын айта кеткен жөн.

Халықты коронавирус ин­фек­циясына қарсы вакцин­лаумен қамтамасыз ету мақ­сатында өңірлерге 12 жастан асқандарды вакциналау және ревакциналау үшін Pfizer вак­цинасының 200 мың дозасы жеткізілді. Ұжымдық им­му­нитетті сақтау үшін соң­ғы вак­­циналаудан кейін 6 ай ара­лықпен коронавирус инфекция­сына қарсы ревакциналау алу қажет. Бұл үшін республикада коронавирус инфекциясына қарсы вакциналар мөлшері жеткілікті.