04 Маусым, 2014

«Қазфосфат» қимылы

705 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

интеграцияқазіргі ықпалдастық талабына толық сай келеді

«Қазфосфат» – еліміздің аума­ғында фосфат өндіріп, оны өңдеп, тұтынушыларға темір жол көлігі арқылы жеткізіп беретін бірегей компанияның бірі. Бүгінде мұнда минералды тыңайтқыш, сары фосфор, химия өнімдерінің 20 түрі өндіріледі. Біздің компанияның өнімі экспортқа бағдарланған, 94 пайызы шетелдерге өткеріледі. Әзірге негізгі табыстың 60 пайызы сары фосфор сатудан түсуде. Қазір өніміміз Еуроодақ, ТМД, Қытай, Жапония, Иран, Ауғанстан және Үндістанға жіберілуде. Яғни, Жамбыл жері еліміздегі химия саласының алыбы атанып, көш бастайтыны анық.

«Қазфосфат» ЖШС соңғы бес жылда Еуроодақ нарығындағы өзі­нің бәсекелестерін толық ығыс­тырды деуге болады. Бәсекеге ба­рынша қабілетті өнім өндіру біздің нарықтағы көкжиегімізді кеңейте түсуде. Компанияда өткен жылдың қорытындысында 56,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Биыл бұл көрсеткішті 61,9 миллиард теңгеге жеткізу көзделуде. Кәсіпорынның үстіміздегі жылдың төрт айының жұмыс қорытындысы да қуантарлық. Осы мерзімде 19 957 миллион теңгенің өнімі өн­дірілді. Серіктестік тек 2013 жылы ғана бюджетке салыққа және бюджеттен тыс төлемдерге 5 339 миллион теңге, ал, үстіміздегі жылдың төрт айында 1 497 миллион теңге аударды. Нарық талабы – қатал. Сон­дықтан да біз өзімізде өндірілетін өнімнің сапасын тұрақты жақсартып, бәсекеге қабілеттілігіне ерекше көңіл бөлеміз. Осы мақсатта 240 бизнес үдерістер талдап, жасалып, бекітілді, ЕRP және SAP жүйелері енгізілді. Шығарылатын өнімнің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақса­тында компанияның барлық кәсіп­орындарында жеткізілген шикізат пен өткерілетін дайын өнімнің сапасына бақылау жасайтын арнайы қызмет бар. Барлық өнім міндетті түрде Қазақстан Республикасы мемлекеттік стандарттарына сәйкес бақылаудан өткізіледі. Өндірістегі ескі жабдықтарды жаңасымен алмастыру, жаңа технологияны енгізу тұрақты жүргізілуде. Бұл шаруа барлық өндірістік цехтарда табысты жүзеге асырылуда. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан біз 2008-2013 жылдары өз кәсіпорындарымызда 9 инвестициялық жобаны жүзеге асырудамыз. Мұның өзі энергия үнемдеуге, өндіріс қалдықтарын кәдеге асыруға және жаңа цехтар мен технологиялық желілердің құрылысын салуға мүмкіндік беруде. Осы мерзімде 9 жоба толық жүзеге асырылды. «Қазфосфат» Кейінгі жылдары біздің компания қаржылық-экономикалық көрсеткіштерді жақсартумен қатар кәсіпорындарға экология, өндіріс қауіпсіздігі бағдарламаларын енгізуде де елеулі шаруаларды қолға алуда. Конденсациялық суды тазарту жүйесін енгізу айналым суын салқындату деңгейін жақсартты. Қалдықсыз технологиямен жұмыс істеу өз нәтижесін беруде. Мұның өзі кәсіпорын аумағында ұзақ уақыттан бері жиналып қалған қалдықтарды өңдеп, кәдеге жаратуға септігін тигізеді. Осындай игі шараларды қолға алу нәтижесінде фосфор қоймасында сақталған қалдық көлемі едәуір азайды. Сары фосфор өндіру кезінде пайда болатын пеш газын кәдеге асыру осы мерзімде 6 миллион 847 мың текше метр табиғи газды немесе 108 миллион 302 мың теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Таяуда Жаңа Жамбыл фосфор зауыты және минералды тыңайт­қыш филиалдарында жылжымалы экологиялық зертханалар пайдалануға беріледі. «Қазфосфат» облыс аумағында кең көлемді қайырымдылық шаралар жүргізеді және демеушілік жасайды. Олардың арасында балалар үйі және интернаттары, спорттық шаралар мен спорттық клубтар бар. Серіктестік 2007-2012 жылдары осы мақсатқа 395 миллион теңге жұмсады. Бұл игілікті шара келешекте де жалғасын таба­ды. Биыл біз «Әлеуметтік жауапкершілік» SА 8000:2001 халықаралық стандарт талаптарына сәйкес сертификатқа ие болдық. Мамандар – біздің алтын қоры­мыз. Кәсіпорында білікті маман­дар даярлауға және олардың білік­тіліктерін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді. Әрбір фи­лиал­да компьютерлік техника, өн­ді­рістік жабдықтардың макет­тері, оқу құралдарымен жабдық­талған оқу базасы бар. Бұған қоса, жұмысшыларымыз келісім­шарт арқылы кәсіптік лицейлер­де, оқу орталықтары және жоға­ры оқу орындарында оқиды. Келі­сім­­шартқа сәйкес оқу ақысын кә­сіп­­орын төлейді. Бұл мақсатқа жыл сайын 30-35 миллион теңге бөлінеді. Қазір компанияда 6011 адам жұмыс істейді. Өткен жылы орташа жалақы 10,3 пайызға өсіріліп, ол 88 мың теңгені құрады. Барлық жұмысшылар заңда ұжымдық келісімшартта қарастырылғандай емдік-алдын алу тағамымен, арнайы киіммен және жеке қорғаныш заттармен қамтамасыз етілген. Компанияда бір жұмысшыны ұстауға жылына 1 203 965 теңге жұмсалады. Жұмысшыларымыздың балалары кәсіпорын есебінен «Жұлдыз» сауықтыру лагерінде және жыл он екі ай «Көктал» емдеу-сауықтыру шипажайында денсаулықтарын түзейді. Бүгінде барлық филиалдарда тұрмыстық ғимарат, жуынатын, шешінетін және ас ішетін бөлмелер толық күрделі жөндеуден өткізілген. Компанияда шешімін күткен түйінді мәселелер де жоқ емес. Электр қуаты, табиғи газ және «Қазақстан темір жолы» қызметтері тарифтерінің тұрақты өсуі қолжетімді әрі бәсекеге қабілетті өнім өндіруге үлкен кедергі келтіруде. Жаңа Жамбыл фосфор зауыты жылына 120 мың тонна сары фосфор өндіре алады. Алайда, аталған өндіріс өнім өндіру үшін энергияны өте көп қажет етеді. Сары фосфордың бір тонна өнімінің өзіндік құнында электр қуатының бағасы 38 пайызды құрайды. Мәселен, 2009 жылы электр қуаты және оны тасымалдаудағы тариф – 35, 2010 жылы – 9,5, ал, 2014 жылы 2009 жылмен салыстырғанда 49,5 пайызға өсті. Тарифтің өсуі мұнымен тоқталып қалмайды. Табиғи газ тарифі де жыл сайын көтеріліп келеді. «Қазақстан темір жолы» АҚ тарифтері жыл сайын айтарлықтай өсіп жатқанына қарамастан, тасымалдаушы вагондар жаңартылып жатқан жоқ. Бұл бағыттағы тариф тек үстіміздегі жылы ғана 15 пайызға көтерілді. Осындай қиындықтарға қарамастан, біз өз ұстанымымызды нығайтып, тұрақты жаңа нарықтарды игеруге күш салудамыз. Қазақстанның ерекшелігіне қарай, теңізге тікелей шығатын мүмкіндік жоқтығынан өз өнімімізді әлемдік нарықтарға шығаруда елеулі кедергілерді бастан кешірудеміз. Үздіксіз ізденістің нәтижесінде 2012 жылы АҚШ-тың нарығына шығып, үлкен көлемдегі сары фосфорды өткердік. Үстіміздегі жылдан бастап компания тарихында алғаш рет Үндістанға фосфор жеткізуді қолға алдық. Келешекте Жапония және Латын Америкасы нарықтарын игеруді көздеудеміз. Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты. Жамбыл облысы.