Медицина • 07 Желтоқсан, 2022

500 мыңнан астам астаналық КВИ-ге қарсы вакцина алды

211 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта халықты коронавирусқа қарсы иммундау үшін елордада 12 мыңға жуық вакцина бар, деп хабарлайды Egemen.kz.

500 мыңнан астам астаналық КВИ-ге қарсы вакцина алды

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету (МСАК) ұйымдарында 34 егу кабинеті жұмыс істейді. Вакцинацияның маңыздылығы және халықты иммундаудың қалай жүргізілетіні туралы онлайн-брифингте қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Берік Қайкенов айтты.

Бүгінде елорданың алты инфекциялық стационарында коронавирус пен ковид пневмониясынан 105 пациент емделуде. Олардың жүктемесі 53,8% құрайды. Реанимация бөлімшесінде 7 пациент ем алып жатыр.

Амбулаториялық деңгейде МСАК ұйымдарында 170 адам емделуде.

«2 апта ішінде коронавирустық инфекциямен сырқаттану деректерінің өсуінің негізгі себебі - коронавирустық инфекцияға қарсы иммунитеті бар адамдар үлесінің төмендеуі. Яғни вакцинацияланған адамдар мен соңғы 6 айда ауырып, антиденелер санының жоғары деңгейі бар адамдар саны азайды. Сондықтан уақытылы ревакцинациядан өту қажет», деп түсіндірді Б. Қайкенов.

Елордада КВИ-ге қарсы вакцинаның бірінші компонентімен 537 863 адам егілді, 520 822 адам толық иммундаудан өтті. Ревакцинацияланғандардың саны 169 мың адам.

Берік Қайкенов коронавирусқа қарсы вакцинация ең күшті профилактикалық шара болғанын және солай болып қала беретінін атап өтті. Вакцина аурудың ауыр өтуінен, асқынулардан және өлімнен қорғайды.

«Уақытылы вакцинациялау және ревакцинациялау кезінде адам 90 пайыздан астам жағдайда аурудың ауыр әсерінен қорғалады. Қазіргі уақытта халықты коронавирустан иммундау үшін елордада 12 мыңға жуық вакцина бар. Сонымен қатар МСАК ұйымдарында 34 егу кабинеті жұмыс істейді», деді спикер.