Таным • 07 Желтоқсан, 2022

Димекең мінген көлік

391 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қонаев қаласын қақ жарып өтетін қасқа жолдың бойында көне көліктер мекені бар. Атау-сойы да адам көңілін тыпыршытатындай «Тұлпар» деп аталады. Осы ретросалоннан өткен ғасырдың 50-80 жылдарында жасалған ескі көліктердің түр-түрін көруге болады.

Димекең мінген көлік

Қазір ретросалонда қы­рық шақты көлік бар. Ескі ав­томо­бильдердің бәрін салонның иесі, аймаққа белгілі кәсіпкер, меценат Мұрат Сіргебаев қалпына келтіріп, өңдеген көрінеді.

– Көне жәдігерлерді жаным сүйеді. Ескі көліктер салонын аш­қанға дейін атамзаманғы ра­дио­құрылғыларды, граммафондарды, пластинкаларды, ыдыстарды жинадым. Бірде қаладан ескірген газды су сататын аппарат көріп қалып, әлгіні сатып алдым. Ескірген деме­сең, қалыпты жұмыс істеп тұр екен. Өзім көлікқұмармын. Осыдан кейін неге автосалон ашып, оған ескі көліктерді қоймасқа деп ойладым. «Тұлпардың» тұсауы осылай кесілді, – дейді кәсіпкер, меценат Мұрат Сіргебаев.

Бүгінде ретросалондағы ең қымбат жәдігердің бірі – Дін­мұ­хаммед Қонаевтың қыз­меттік көлігі. Кеңес ода­ғындағы автоөндірістің мақ­танышы болған «Газ-14» жеңіл көлігі үкімет қызме­тіндегі адам­дарға мінуге арналып жасалған еді. Жалпақ жұртқа «Чай­ка» атауымен танылған көліктің бірін кезінде Қонаев тақымдаған. Кейіннен ескіріп, есептен шық­қан сол «Чайка» металл сы­нығына өтіп кете жаздапты. 2014 жылы көліктің хабарын кездейсоқ естіп қалған Мұрат Сіргебаев оны тауып, толықтай өңдеп шыққан.

– Қонаев ақсақал мінген кө­лікті жөндеп, толықтай әр­леуге 8 ай уақыт кетті. Бұл өзі си­рек кездесетін модель болатын. 1977 жылдан 1988 жылға дейін советтік автоөндіріс 1 114 «Чайка» шығарған. Оның кө­бі­н басшылар мінген. Ұзы­ндығы 6 метр 30 сантимер болатын алып көлік өз заманында қол жетпес арман болған. Әрі Димаш атамыздың ізі қал­ған көлік болған соң біздің са­лондағы қымбат жәдігерлердің қата­рында тұр. Бұдан бөлек сол кезеңнің куәсіндей болған 40 автомобиль тағы бар, олар­дың бәрін көлікқұмар, өз ісін сүйетін жігіттер қайта қалпына кел­тіріп шықты, – дейді Қонаев қаласындағы ерекше авто­салонның иесі.

 

Алматы облысы