Экология • 08 Желтоқсан, 2022

Тау-тау қоқыс кәдеге жараса...

340 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңірі қоршаған ортаны ластайтын заттардың шығарындылары бойын­ша елімізде көш бастап тұр. Өндіріс қалдықтары мен түрлі күл-қоқыстардың 30 пайызы, яғни 730 мың тоннасы осы аймаққа тиесілі. Ал отын-энергетика саласындағы бұл көрсеткіштердің үлесі тіпті сорақы 65 пайыздан асады.

Тау-тау қоқыс кәдеге жараса...

Бұл цифрлар Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серік­қали Бреке­шевт­ің Павлодар облысы тұрғындарымен бол­ған кездесуінде айтыл­ды. Сала бас­шысы экомониторинг нәтижелері бойын­ша Павлодар облы­сының атмосфералық ауа­сы­ның лас­тану деңгейі жоғары екенін атап өтті. Эко­логиялық жағдайды жақсарту үшін был­тыр жаңа Экологиялық кодекс қабыл­да­нып, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекі­тілгені мәлім. Аталған жоба аясында 5 жыл ішінде өңірдегі 2 ірі кәсіпорын­ның шығарын­дыларын 39 мың тоннаға қыс­қарту көзделген. Мәселен, Павлодар мұнай-химия зауытында 2025 жылға қарай лимиттер бойынша шығарындыларды 34 пайызға немесе 11 мың тоннаға (30,7 мың тоннадан 20 мың тоннаға дейін), алюминий зауытында 26 пайызға немесе 28,4 мың тоннаға (108,5 мың тоннадан 80,1 мың тоннаға дейін) төмендету жоспарда бар.

Өңірдегі экологияға ауаның ластануы, қалдықтарды басқарудың жетіл­ме­ген жүйесі және кәріз тазарту құрылғы­лары­­ның тозуы кері әсер етіп жатқаны бай­­қалады. Сол себепті бүгінгі таңда облыс­­тың көптеген ірі өндіріс орындары ауаны бақы­лаудың автоматтандырылған жүйе­лерін енгізуде. Жағдайды жақсарту мақса­тында 33 іс-шарадан тұратын «Жол картасы» қабылданды, оның басым бөлігін кәсіпорындар іске асырады.

Министр қалдықтарды басқару мәселе­леріне де тоқталып өтті. Айтуынша, осы жыл­дың алғашқы 9 айының қорытындысы бойынша тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 20,5 пайыз­ды құрады. Ғарыш мониторингі шең­берінде 165 қоқыс үйіндісі анықталды. Қоқыс үйінді­лерінің пайда болу себебінің бірі – заңдас­тырылған қатты тұрмыс­тық қалдықтар полигондарының болмауы. Мә­селен, қатты тұрмыстық қалдықтар орна­ластырудың 321 объектісінің тек бесеуі немесе 1,6 пайызы экологиялық және сани­тарлық талаптарға сәйкес келеді. Бұл – ел бо­йынша өте төмен көрсеткіш. Жол картасы­на сәйкес қазір жергілікті әкімдік 10 елді ме­кенде полигондарды талаптарға сәйкестендіру ­бо­йынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ 3 елді мекенде (Тереңкөл, Ертіс және Майқа­­йың) қатты тұрмыстық қалдықтар полигон­да­­рын салуға құжаттарды дайындауда.

– Облыста жыл сайын күл үйінділерінен шамамен 7,5 млн тонна пайда болады. Осыған байланысты облыста өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Ақсу ферроқорытпа зауытында жоғары көміртекті феррохромның қожы қайта өңделеді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 594,6 мың тонна қож өңделді. Павлодар мұнай-химия зауыты қуаттылығы жылына 26,5 мың тонна мұнай қалдықтарын өңдейді, бұл мұнай қалдықтарының жылдық түзілу көле­мінің 91 пайызына сәйкес келеді. Сондай-ақ «Қазақстан алюминийі» АҚ өндірісінің қалдықтары жолдарды салу және жөндеу кезінде пайдаланылады, – деді министр.

Тұрғындар Павлодар қаласы сыртында орналасқан Былқылдақ жинақтаушысынан Ертіс өзенінің сынаппен ластану мәселесі алаңдататынын айтты. Министр су айдыны айналасында салынып жатқан бөгет келер жылдың соңында аяқталатынын жеткізді. Сынаптың ластану ошақтарын толық қал­пына келтіру айтарлықтай қаржылық шы­ғын­­дарды талап етеді. Сондықтан ошақ­тар­ды оқшаулау есебінен тәуекелдерді азайту жоспарланып отыр.

 

ПАВЛОДАР