Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2022

Құндызға құрылған фототұзақ

625 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сонау биік шың-құздарды мекен ететін қар барысы секілді кәдімгі су құндызы да көзге түсе бермейді екен ғой. Осы күнге дейін Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторлары Бұқтырманың жағасынан тек іздерін ғана байқап келген. Жуықта ғана фототұзақ құрып, бейнетаспаға түсіріп алыпты.

Құндызға құрылған фототұзақ

Құндыз – кеміргіштер отрядына жататын жануарлардың үлкені. Кеміргіштігі сондай, диаметрі 40 сантиметр ағашты бес-ақ минутта құлатып, бір түнде бөліп-жарып алып кетеді екен. Нормадан тыс көбейіп кетсе, орманға айтарлықтай нұқсан келтіруі әбден мүмкін. Кейбір жағдайда өзен арнасын бұрып жіберуге де қауқарлы деседі... 

Терісі бағалы бұл аңның ұзындығы 1-1,5 метрге дейін жетсе, салмағы 30-32 килограмм екен. Бір қызығы, ұясының жанына жақындаған адамға шабуылдауы да мүмкін. Мекені – өзен-көлдердің жағасы. Көбінесе отбасы болып тіршілік етеді. Көбінесе қайың, терек секілді ағаштарды, әртүрлі шөптерді қорек етеді. Азығын өзгертпеуге тырысады. Су түбіне сүңгуге де шебер. Мамандардың зерттеуінше, бір түнде 20 шақырымға дейін жүзеді екен. Сәл ертеректе аңшылар жылтыраған терісі үшін тұзақ, қақпан құрып аулайтын. Қазір терісінің бәлендей бағасы жоқ, бағаланбаған соң құндыздың жауы да жоқ. Жоқ емес, аю, қасқыр, сілеусін секіл­ді ірі жыртқыштар алып та жібереді. Ал құнай­лары­на күзен, түлкі секілді ұсақ аң да тіс батырады.

Құндыз көп кездесе бермейді дедік қой. Бұл дегеніміз, көзден таса жүргендіктен емес, саны аз. Катонқарағай ауылының әуесқой аңшысы Нұрлан Қарабаевтың айтуынша, 1994 жылы жиырма шақты су құндызын аң­шылық шаруашылық мамандары жерсіндіру үшін Бұқтырма өзеніне жіберіпті. Олардың кейбіреуі жерсінбей өліп те қалған көрінеді. Содан кейін су құндызын ұлттық парк қыз­меткерлері Бұқтырманың бойынан 2012 жылы байқаған. Өзін емес, ізін көрген. 2014-2021 жыл­дар аралығында құндыз­дың іздері, су арнасын бөгеген жерлер, тал, терек, қайың ағаштарын жыққан орындары анықталып, фотоға түсірілді.

– Су құндызын таспалап алу үшін 2020 жылы ақпан-наурыз айларында жүретін жерлеріне фототұзақ құрдық. Бірақ нәтиже болмады. Оның үстіне, көктемде су тасып, кедергі келтірді. Содан биыл қазанда Шыңғыстай орманшылығының инспекторы Айбек Мұқамжаров хабарласып, құндыз іздерін байқағанын айтты. Тез арада саяткер-биолог Әмір Базиловпен айтқан жерге жеттік. Із ғана қалдырмаған, ағаштарды қиып, бөген жасаған екен. Дәл сол жерге екі фототұзақ  құрдық. Апта өткен соң тексердік. Бір емес, төрт рет түсіпті. Кеміріп құлатқан ағашты суға қарай тасып жүр, – деген Ерік Қасымов бейнетаспаны көрсетті.

Е.Қасымов – Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жануарларды қор­ғау және өндіру бөлімінің бастығы. Парк аума­ғындағы аң түрлерін түгелдей фото­тұзаққа түсіруді мақсат еткен білікті маман. Құн­дызды бір рет қана емес, қараша туып қар жауған соң тағы да түсірген. Ағаш кемірген құндыз тағы да бейнежазбаға ілінген. 

– Катонқарағай МҰТП аумағындағы аң-құстарды аңықтау мақсатында бірлесіп жұмыс атқарып жүрген әріптестеріме зор алғысымды айтамын! Бұл жұмыстар жалғасын таба бермек. Объективке ілінбеген аң көп әлі, – дейді Е.Қасымов.

Иә, Алтайда жортқан аң көбі көп. Заманауи техника мен білікті мамандардың арқасында бұрын-соңды көрінбеген тұяқтылар, жыртқыштар анықталып жатыр. Құндызға құрылған фототұзақ арқылы ертеңгі күні терісі жылтыр аңның тіршілігін бақылап, санын дөп басып айтуға болады. Ол үшін табиғат жанашырларына әлі де тер төгуге тура келеді.

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы