Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2022

Еңбек пен тәрбие – егіз ұғым

411 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде қарапайым еңбек адамдары бүгінгінің батырлары деген болатын. Ұзақ жыл ұстаздық еткен Темірхан Қаржаубаев қоғамда жастарды еңбекқор етіп тәрбиелеу үшін алдымен ата-ананың өзі балаларына дұрыс тәлім-тәрбие беру керек деп есептейді.

Еңбек пен тәрбие – егіз ұғым

Темірхан қарияның өзі де көпбалалы отбасыдан шыққан. Бес ұл, үш қыз өсіріп, тәрбиелеген. Осындай үлкен шаңырақ құрған қарияның әулеті Шымкенттегі «Ме­рейлі отбасы» байқауына қа­тысып, жүлделі орыннан көрінді.

«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, ақсақал сазгерлік өнермен де шұғылданады. Бірнеше әннің авторы. Композиторлық дарыны­нан туған әндерін бүгінде мек­теп оқушылары да ән-күй саба­ғында шырқап жүр. Ақын Са­ғынғали Сейітовтің сөзіне жа­зылған «Қазақстан» әні мектепте балалардың сүйіп шырқайтын сазына айналды. Қарияның әншілік өнерін немересі Саян жалғастырып, түрлі байқауда жүлделі орын алып, жас таланттар арасында танылып келеді. Жетінші сыныпта оқитын ол осы уақытқа дейін конкурстардан 11 гран-приді еншілеп, жуырда өткен мектепаралық байқауда 120 оқушының ішінен ІІІ орын иеленді.

Қария емшілікпен де айналысады. Тамыр ұстап, адамның қай жері ауыратынын айтып береді. Өзінің айтуынша, бұл дарын баба­сынан және әжесінен қонған болуы мүмкін. Бабасы Төлепберген Барақұлы молда, ал әжесі қобыз тартып, жауырын ашқан емші болған деседі. Кейіпкердің өзі жас кезінде кеңестік қоғамда өмір сүрген қарапайым жан болған. Ол кезеңде ер азаматтардан ішімдік ішпейтіндер аз болған ғой. Соның кесірі тиді ме, Темірхан қария мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып жүргенде қатты ауырып қалады. Жүруге қиналып, қолына тіпті балдақ ұстауға мәжбүр болады. Осылай сырқатынан айыға алмай жүргенде бір күні «Домалақ ана» кесенесіне зиярат ете барады. Сонда Қуаныш дейтін кесене шырақшысы тура жолға түсіп, имандылыққа бет бұруға кеңес беріпті. Сол жігіттің айтқанын орындаған қария сырқатынан жазылып, нәтижесінде бүгінде өзі де дәстүрлі емшілікпен айналысады.

Атамыз – Бәйдібек ауданының тумасы. Осы аудан атымен аталатын ауылда тұрған. Жастық шағы мен есейген кезеңдері ауылда өткен. Бәйдібек ата кесенесінде шырақшы болып жүргенде ауданның атауы Бәйдібек баба­ның есіміне ауысқан. Осынау маңыз­ды оқиғаға орай сол тұстағы Президент Нұрсұлтан Назарбаев оңтүстік өңіріне іссапармен келгенде қолын алып, батыр баба жайлы біраз сыр ақтарған.

Халық жаппай қалаға ағылған тұста кейіпкеріміздің бала-шаға­сы да біртіндеп ауылдан көше бастаған. Кенже баласымен қара шаңырақта қалған қарияның отбасы көп ұзамай өздері де қалаға қарай көшіп келеді. Шымкенттің Қазығұрт шағын ауданында орнығып, қазір мегаполистің нағыз тұрғындарына айналды. Т.Қаржаубаев шағын ауданның ардагерлер кеңесінің белді мүшесі, №86 мектептегі ардагерлер қо­ғам­дық бірлестігінің төрағасы. Жуырда Шымкент қаласының ардақты ардагері атанды. Одан бұрын «Ерен еңбек» медалімен марапатталған. Қарияның отбасы екі рет «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, екеуінде де қомақты жүлдеге ие болған.

Темірхан қария өмірден түй­гендерін ортаға салып, өсиетін айтып отырады. «Шырақтарым, жастық шақта еңбектен қашпау керек. Білім алып, жұмысты құлшына беріліп істеу қажет. Сонда аңсаған арманыңа жетесің. Адамның нағыз жауы – жалқаулық. Осы жаман әдеттен қашқан жөн. Еріншектікке салынған адам ешқашан мақсатына жете алмайды», деді ол.

Қарияның өсиетінен ұққанымыз – ұрпақ көбейтуде жігіттер жоқ­шы­лықтан қорықпаған абзал. Өйткені нәрестемен бірге оның несібесі де қоса беріледі. Өзінің өмірінен мысал келтірген атамыз бала-шағаны жетілдіруде қиналғанын, бірақ ешкім аштықтан өліп қалмағанын, әйтеуір дүниенің басы құралып, несібелер күтпеген жерден келетінін баян қылды. Қазір сол бейнеттің зейнетін көріп, рахат күй кешіп жүрген жайы бар.

– Балаға еңбекпен бірге тәр­биені де қоса беруің керек. Әйтпесе еңбегің еш болады. Бұл екеуі құс­тың қос қанатындай бірге жүруге тиіс. Қазір өкінішке қарай, адамда имандылық азайып кетті. Қоғамды кінәлаймыз. Өз басым соның ішінде ата-ананың да кінәсі бар деп санаймын. Өйткені бүгінде әке-шеше балаға тәлім-тәрбие беру мәселесіне немқұрайды қарайды. Оның бәріне кесірін тигізіп жатқан телефон. Несін жасырамыз, баламен қосылып үлкендер де телефонға беріліп кеткен. Ата-ана баласы жыламасын, болмаса мені мазаламаса болды деп қолына телефон беріп қояды. Бала нені көріп жатыр, онда шаруасы жоқ. Соның салдарынан өскелең ұрпақтың санасы, тәрбиесі өзгеріп барады. Қазір жас жеткіншектерге, балаларға тәрбие беріп жатқан ата-ана емес, телефон, әлеуметтік желі ме деп қаласың», деді қария қынжылысын білдіріп.

Тіпті, тәрбие мәселесін №86 мектептің ата-аналар жиналысында үнемі көтеріп жүреді. Білім саласына назарын аударған Темірхан ақсақал ер азаматтардың мектепте мұғалім болып істегенін қалай­тынын жеткізді. Оның бірден-бір себебі, ер адамнан тәлім-тәрбие алған оқушылар ер азаматтардай мінезді болып өседі.

«Бала тәрбиесінде анау бол­май­ды, мынау дұрыс емес деп құр сөзбен айта беруге де бол­майды. Абай атамыздың нақыл­дарын, қара сөздерін, сол секіл­ді Алаш қайраткерлерінің шы­ғармаларындағы өсиеттер мен имандылық тақырыбындағы жаз­ғандарын айтып, баяндап отыру керек. Сонда ғана баланың санасында сәуле шуағы нұрын шашады, ізгілік тәрбиесі нәтижесін бере бастайды», деді Темірхан Төлепбергенұлы.

ШЫМКЕНТ