Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2022

Барлық үйге жылу берілді

292 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

27 қараша күні болған апаттан зардап шеккен үйлердің барлығына жылу берілді. Шаһардың жылу жүйесіндегі теңгерімсіздікке байланыс­ты техногендік сипаттағы төтенше жағдай әлі де болсын сақталуда.

Барлық үйге жылу берілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздағы жөндеу жұмыстарының барысын назарда ұстап отыр. Кеше Премьер-Министрдің көмірлі шаһардағы апатты жою жұмыстары бойынша баяндамасын тыңдай келіп, Мемлекет басшысы Үкіметке қалаларды қысқы жылыту маусымына дайындау кезінде жіберілген қателіктерге мұқият талдау жүргізу міндетін жүктеді.

Жедел штаб басшысы, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша,
7 желтоқсан күні барлық зардап шеккен үйлерге жылу берілді. Желілік судың параметрлері келесідей: қысымы 8,8 кг/см2, түзу бағыттағы жылу жеткізу 83 градус және кері бағытта 56 градусты құрайды.

«Энергия көзі – станса штаттық ре­жімде жұмыс істеп тұр. Екібастұз ЖЭО қаладағы жылумен қамтуды қал­пы­на келтіру үшін барлық күштерді жұ­мыл­­дыруда. Өкінішке қарай, соңғы күндері орын алған оқиғалардың нәти­жесінде болған гидравликалық режім­нің теңгерімсіздігі, соның ішінде тұ­ты­ну­-
шылар мен ПИК-тердің жылу тасы­малдағыштағы суды рұқсатсыз ағызуы бұл жұмысты қиындатты. Барлық тұрғындарға шыдамдылық танытқандары үшін алғыс білдіреміз және алдағы 2-3 күнде бірлескен күш-жігердің арқасында жылу­мен қамту толығымен қалпына келеді деп ойлаймыз», делінген жедел штабтың ақпаратында.

Шаһарда барлығы 689 көпқабатты үй бар. Апат салдарынан көпқабатты 149 үй және 114 жер үй, сондай-ақ 15 әлеуметтік нысан қақаған қыста жылу­дан ажырап қалған еді. Жөндеу-қалпы­на келтіру жұмыстарына Екібастұз, Пав­лодар, Астана, Қарағанды, Петропавл қалаларынан 851 адам жұмылдырылды.

Жедел штабтың ұйғарымымен бұрнағы күні Мәшһүр Жүсіп көшесінің бойында, 5А шағын ауданында жаңадан жалпы ұзындығы 120 метр жылу құбыры салынатын болып шешім қабылданды.

– Бұл орамдағы желілерде зақымданулар көп кездесуі себепті белгілі бір учаскеде жаңадан желі салуға шешім қабылданды. Штаб құбырды жердің бетімен төсеуді құп көріп отыр. Осылайша, бұл жердегі магистральға қосылған үйлерді жылу­дан уақытша ажырату көп уақытты алмайды, небәрі 5 сағатты құрайды. Мамандар есептегендей, егер жердің астымен жүргізсек, тұрғын үйлерді шамамен 20 сағаттай жылудан айыруға тура келер еді. Себебі жердің астында бұған дейін пайдаланылған құбырларды толықтай кесіп алу қажет болады. Ал жаңа желі сол ескі құбырлардың үстімен тартылады. Қазір дайындық шаралары басталып кетті, – деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Олег Крук.

Жаңа құбырды желілерге қайта қосу үшін бүгін сағат 08.00-13.00 аралығында бұл аумақтағы көпқабатты 17 үй жылудан уақытша ажыратылады.

Жалпы, жөндеу бригадалары Сәтбаев көшесі, №8 және Мәшһүр Жүсіп көшесі, №52 тұрғын үйлерге жылу кіргізуде үлкен қиындықтарға ұрыныпты. Себебі мұндағы барлық пәтерлердің жылу батареялары мен ішкі құбырлары аязда толықтай қатып қалған.

«Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» (ОАЭК) АҚ басқарма төрағасы Бағдат Оралдың сөзіне қарағанда, компания апатты қалпына келтіру шараларына қазірдің өзінде 891 млн теңге бөлген. Апат аймағында болған үйлер бойынша қараша және желтоқсан айлары үшін жылу төлемақысы қайта есептеледі. Ал мүлде жылусыз қалған үйлердің тұрғындары жылу энергиясы үшін аталған кезеңде ақы төлемейді.

– Біз алдын ала есептеулер жасадық. Бүгінгі таңда қаржылық көмек шамамен 891 млн теңгені құрады. Бұл жұмысты міндетті түрде жалғастырамыз. Жұмыс көлеміне үйдің кіреберісі, пәтерлерді қалыпқа келтіру, кәріз және сумен жабдықтау жүйесі де кіреді. Қазір көбі тарифті көтересіздер ме деп сұрап жатыр. Ол мәселе апатқа дейін талай рет айтылды. Тарифті көтеру туралы тиісті мекемелерге ұсыныс хат жазғанбыз. Биыл тек 600 метр құбырды ғана ауысты­ра алдық. Ал жыл сайын кемі 25-30 шақырым құбырды жаңарту қажет. Сондықтан мәселе тек тарифті көтерумен шектелмейді. Жөндеу жұмысына және жұмысшылардың жала­қы­сын көтеру үшін қосымша қаржы көзін табу керек, – деді ол.

Екібастұздағы жылу желілерінің – 91, су құбырларының – 66 пайызы, кәріз жүйесінің 60 пайыздан астамы тозып тұр. Тек жылу желілері бойынша көнерген аумақтардың 30 пайызын жаңарту үшін кемінде 120 млрд теңге қаражат қажет көрінеді. «ОАЭК» бұл ретте бюджет қара­жатынан дәмеленіп отыр.

Жөндеу бригадалары бүгінде апат күндері қатып қалған жер үйлердегі жылу құбырларын және көпқабатты үйлерде­гі ауыз­су желілерін жібітуде. Теңгерімсіздікке байланысты көп пәтерлерде жылу қысымы мәз емес. Кейбір тұрғындар батареяларда қанжылым ғана жылу барын айтады. Бригадалар қазірге дейін 2,5 мыңнан аса жылу радиаторын ауыстырған.

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы