ANTIKOR • 08 Желтоқсан, 2022

Комплаенс қызметінің қыр-сыры

252 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Самұрық-Қазына» қорының мамандары мекеменің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің жұмысы туралы брифинг өткізді.

Комплаенс қызметінің қыр-сыры

Еліміз жемқорлыққа жол бермейтін мемлекет құруды көздеп отыр, осыған орай осы қылмысқа қарсы іс-қимыл сая­сатын жан-жақты жүргізіп келеді. Әсіресе соңғы кездері халықаралық стандарттар не­гізінде қоғамның аталған кесе­лі­мен күресу мықтап қолға алынды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Пре­венция қызметінің басшысы Саян Ахметжановтың айтуынша, қазір мемлекеттік, квази­мемлекеттік органдар, корпо­ративтік, коммерциялық секторлар әлемдік тәжірибеде сыналып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте тиімді болған ISO 37001 «Парақорлықпен күрес менеджменті жүйесі» халық­аралық стандартын енгізіп келеді. Аталған стандарт сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Бұл стандартты енгізген кез келген ұйым «Парасатты компания» мәртебесіне ие болады, себебі мекемелердегі комп­­лаенс қызметкерлер жем­қор­лықтың алдын алу іс-шара­ларын жүргізіп, оны болдыр­маудың әрекетін жасайды. Себе­бі олардың қызметі мекеме­нің ішкі құжаттарын реттеп, дұрыс бағытқа қойып, сыбай­лас жем­қорлыққа қарсы тәуекел­дерді төмендетуге бағыт­талған.

«Соңғы екі жылда елімізде 185 сыбайлас жемқорлық қыл­мысы тіркелді. 2021 жылы 89, осы жылдың он айында 96 сыбай­лас жемқорлық қылмысы анық­талды. Оның басым бөлігі – мем­лекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында қаржы жымқыру, пара алу фактілері», деді Саян Ахметжанов.

Ал «Самұрық-Қазына» қоры­ның комплаенс қызметінің бас­шысы Дәурен Ақшалов: «Сы­байлас жемқорлық іс-шараларын болдырмауды ең алдымен, мекеме басшылары түсініп, қолға алуы қажет. Қазір елімізде 6118 сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі бар. Оның 345-і – орталық мемлекеттік, 5619-ы жергілікті атқарушы органда және 154-і ұлттық компанияларда жұмыс істейді. «Самұрық-Қазына» қоры жем­қорлық тәуекелдері бар қызмет түрлерінен бас тарта бастады. Мәселен, биыл біздер стандартқа сәйкес келмейтін бірнеше ком­паниямен еңбек шартын бұз­дық», деді.

Сонымен қатар С.Ахме­т­жанов комплаенс офицерлер да­йын­даудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, комп­лаенс офицерлер әрбір мекемеге қажет. «Ұйымдардағы комп­лаенс қызметтің 80 пайызы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды көздейді, ал қалған 20 пайызы жазалау шаралары», деді ол.

Жалпы, квазимемлекеттік компанияларда сыбайлас жем­қорлыққа қарсы комплаенсті енгізу бойынша міндет 2019 жылдың соңынан бастап заңна­малық тұрғыдан енгізілген еді, оның басты мақсаты – кор­по­ративтік адалдық стандарт­тарының сақталуын бақылау.