Парламент • 08 Желтоқсан, 2022

Мәулен Әшімбаев: Жаңа заң жастарды қолдауға арналған

221 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың Төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын қызметінен босату және жаңа Төрағаны сайлау туралы Мемлекет басшысының ұсынысын қарады. Сондай-ақ олар Парламент Сенатының депутаты Нариман Төреғалиевтің өкілеттігін тоқтату туралы мәселені қарады және бірқатар заң қабылдады. Отырыс барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәулен Әшімбаев: Жаңа заң жастарды қолдауға арналған

Конституцияға сәйкес ел Президентінің ұсынуымен Республиканың Жоғарғы Сотының Төрағасын сайлау, қызметтен босату және оның антын қабылдау Парламент Сенатының ерекше қарауына жатады. Мемлекет басшысының ұсынуына сәйкес сенаторлар басқа жұмысқа ауысуына байланысты Жақып Асановты қызметінен босату туралы шешім қабылдады және Асламбек Мерғалиевті Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы қызметіне сайлады.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Жоғарғы Сот Төрағасы ретінде еліміздің сот жүйесін нығайту және дамыту жолында еселі еңбек еткен Жақып Асановқа алғыс білдірді.

Сонымен қатар Палата депутаттары таяуда Мемлекет басшысының Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған Нариман Төреғалиевтің сенатор ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы мәселені қарады. Сенат Төрағасы Палатаның заң шығару қызметіне елеулі үлес қосқаны үшін Нариман Төреғалиевке алғыс білдірді.

Отырыс барысында депутат Нұртөре Жүсіп Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы болып сайланды.

Палата отырысында сенаторлар «Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау туралы» заң жобасын және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын қарады.

Заң жобалары елдің заңнамасына қосарлы және әскери мақсаттағы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспорты кезіндегі тәуекелдерді бағалау критерийлерін және осы саладағы өзге де ерекшеліктерді енгізуді қарастырады. Бұл нормалар нақты тауарларды бақылаудың және осы тәуекелдерді жоюдың тиімді тетігін құруды көздейді.

Одан бөлек, заң жобаларында мемлекеттік органдардың құзыретін нақтылау, мемлекеттік органдармен және ұйымдармен ақпараттық өзара іс-қимыл жасау тәртібі, заңнаманы және басқа да нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту туралы ережелер де бар.

Сенат депутаттары заң жобаларында белгіленген жаңашылдықтарды концептуалды түрде қолдай отырып, оларға өз толықтыруларын енгізді. Соған байланысты заң жобаларын Мәжіліске жіберу туралы шешім қабылдады.

Отырыс кезінде депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарап, қабылдады.

Сенат Төрағасы атап өткендей, бұл заң жастарды кешенді қолдау және осы бағыттағы мемлекет саясатын одан әрі жетілдіру мақсатымен қабылданып отыр.

«Осы заң арқылы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берген жекелеген тапсырмаларын іске асыру көзделген. Құжатта уақытша бос жүрген жастарды қолдау және жастар ресурстық орталықтарының қызметін кеңейту мәселелері қамтылған. Сондай-ақ заңда бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер кезеңін 1,5 жасқа дейін ұлғайтуға және 1 мен 6 жас аралығындағы әр балаға атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға қатысты нормалар бар. Алдағы уақытта осы заң жастар саясаты бойынша қажетті шаралар кешенін жүзеге асыруға және бірқатар әлеуметтік мәселені оң шешуге мүмкіндік береді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен бірге отырыста сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Ғалиаскар Сарыбаев елдегі цифрландырудың жай-күйін сынға алып, бақылауды күшейтуді және сапасыз интернет үшін айыппұлдарды ұлғайтуды ұсынды.

Бауыржан Қаниев теміржол саласындағы өзекті проблемаларға назар аударып, «Қазақстан темір жолы» АҚ-да түбегейлі реформалар жүргізу керектігін, оның ішінде вагондар паркін жаңарту, билет тапшылығына және олардың жоғары бағасына қатысты мәселелерді шешу қажеттігін айтты.

Амангелді Толамисов медициналық ұйымдардың жеткіліксіз қаржыландырылуына және ауруханалардың кредиторлық берешегінің өсуіне қатысты мәселелерді жедел шешу қажеттігін тілге тиек етті.

Нұртөре Жүсіп Төтенше жағдайлар министрлігінің негізгі функцияларының бірі төтенше жағдайлардың алдын алу және ескерту екенін атап өтті. Осы ретет сенатор аса маңызды нысандардың кешенді қауіпсіздік жүйесін және төтенше жағдайлардың алдын алу үшін лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін енгізуді ұсынды.

Әлімжан Құртаев Түркістан облысының Кентау қаласындағы, сондай-ақ оған іргелес жатқан Ащысай, Хантағы, Байылдыр, Қарнақ, Құсшы-ата, Шаштөбе, Бүргем елдімекендеріндегі экологиялық проблемаға алаңдаушылық білдірді.